Жобаның өзектілігі
Үздіксіз білім — тұлғаның белсенді әлеуметтенуін қалыптастыратын ең маңызды шарттардың бірі. Бұл білімнің әр даму сатысында сабақтастықпен қамтамасыз етілуін қажет етеді. Мектепке дейінгі оқыту мен бастауыш білім беру арасындағы сабақтастықты жүйелі түрде ұйымдастыру қазіргі кезде аса маңызды қажеттілік болып табылады.
Қазіргі уақытта мектепке дейінгі және бастауыш деңгейлер арасындағы сабақтастық толық сақталмай отыр. Бұл жұмыс жүргізілмейді дегенді білдірмейді, бірақ бір себебі — оқу бағдарламаларының сабақтастығы сақталмауы және көптеген әртүрлі бағыттағы авторлық бағдарламалардың болуында. Осы бағдарламалар оң үрдіс болғанымен, олардың барысында бірқатар қиындықтар туындайды.
Мектепке дейінгі мекемелерде негізгі оқу дағдылары мен іс-әрекет тәсілдері қалыптаспаған жағдайда, бастауыш сыныпта жоғары нәтижелерге жету мүмкін емес. Баланы мектепке дайындау оның өмірінің барлық саласын қамтитын кешенді, көп қырлы мәселе болып табылады. Оқытудың жетістігі тек біліммен анықталмайды, бала өздігінен білім алып, оны қолдана білуі әлдеқайда маңызды. Түсіну әрекет арқылы қалыптасады.
Сабақтастық оқушының бір сатыдан келесі сатыға өтуінде психологиялық және педагогикалық дайындықты қамтамасыз етуді мақсат етеді. Ол белгілі бір заңдылықпен, тиімді әдіс-тәсілдер арқылы жүзеге асады және «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына» сүйенеді.
Бастауыш мектеп баланы әрі қарай дамытуда мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың нәтижелеріне сүйенеді. Сабақтастықты қамтамасыз ету оқушылардың оқуға қызығушылығын арттыруға, қиындықсыз бастауыш сатыға өтуге және отбасы мен мектептің тығыз байланысын қамтамасыз етуге бағытталған. Мектепке дейінгі мекемелер мектеппен тұрақты байланыста болуы тиіс.