Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы!
Құрметті Депутаттар!
Сіздердің қарауларыңызға «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне төтенше жағдай мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Заң жобасы ұсынылып отыр.
Заң жобасы «Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» 2020 жылғы
16 наурыздағы Мемлекет басшысының Жарлығын
орындау мақсатында әзірленді.
Заң жобасының мақсаты әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін төтенше жағдай кезеңінде жедел шаралар қабылдау мүмкіндігі болып табылады.
Заң жобасында төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік басқарудың жұмыс істеу механизмі белгіленеді.
Ол үшін «Төтенше жағдай туралы» және «Құқықтық актілер туралы» заңдарға түзетулер енгізіледі.
Атап айтқанда, «Төтенше жағдай туралы» Заң төтенше жағдай кезеңінде заңнаманың жекелеген салаларының қолданылу ерекшеліктерімен толықтырылады.
Заң жобасында оларға 14 сала жатқызылады:
- салықтық, бюджеттік, кедендік, банктік, еңбек, монополияға қарсы заңнама;
- денсаулық, мемлекеттік сатып алу, валюталық реттеу туралы заңнама;
- әлеуметтік қорғау, мемлекеттік мүлік, мемлекеттік бақылау және қадағалау саласында;
- сондай-ақ елдің халықаралық міндеттемелерін іске асыру.
Төтенше жағдай кезеңінде қабылданған құқықтық актілер жалпы алғанда ол аяқталғанға дейін қолданылатын болады.
Олардың қатарына өзге қолданылу мерзімі белгіленген актілер кірмейді.
«Төтенше жағдай туралы» Заңда белгіленген жағдайда және тәртіппен нормативтік құқықтық актінің немесе оның жекелеген нормаларының қолданылуын тоқтата тұру бойынша «Құқықтық актілер туралы» Заңға ұсынылып отырған түзету енгізіледі.
Жалпы алғанда, аталған түзетулер төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Заң жобасын қабылдау бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды.
Назарларыңызға рахмет!
Қолдауыңызды сұраймын!