Меню

Страницы

Статья

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Ұлттық экономика министрі Ә.С. Қуантыровтың Мәжіліс отырысындағы баяндамасы

Заң жобасына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 11 қаңтардағы Парламент Мәжілісінің отырысында және 21 қаңтардағы ірі отандық бизнес өкілдерімен кездесудің қорытындысы бойынша берген заңнамалық тапсырмаларын іске асыру жөніндегі жоспар-кестеде көзделген түзетулердің
5 блогы енгізілді.

Сондай-ақ, Президенттің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті тапсырмаларын орындау бойынша қосымша блоктарды қамтиды.

 «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға енгізілетін түзетулер бір көзден мемлекеттік сатып алудың негіздерін қысқартуды көздейді.

Мәселен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту және бәсекелестікті дамыту мақсатында:

мемлекеттік материалдық резервке тауарларды;

жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыруға арналған тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді;

тұрғын емес мақсаттағы ғимараттарды, құрылыстарды, үй-жайларды бір көзден сатып алу құқығы алып тасталады.

Заң жобасында:

«Самұрық-Қазына» қорының сатып алу қағидаларын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен келісу міндеттілігі;

өнім берушілердің сатып алу тәсіліне қарамастан сатып алуға шағым жасау құқығы;

Қордың холдингішілік кооперациясы шеңберінде сатып алу тәсілін алып тастау нормасы көзделеді.

Бұдан басқа Заң жобасында Қордың жалғыз акционерінің Директорлар кеңесінің құрамын айқындауы бойынша және Қор қызметіне ашықтықты енгізуге бағытталған түзетулер қарастырылған.

Бюджетаралық қатынастарды одан әрі реформалау жөніндегі жұмыс жүргізілуде.

Реформаның негізгі мақсаты – өңірлердің қаржылық дербестігін күшейту болып табылады.

Салық түсімдерінің кейбір түрлерін, олардың тұрақтылығы мен жинақталу қағидаттарын ескере отырып, жергілікті деңгейге беру ұсынылады.

Бұдан басқа Заң жобасында:

жалпы сипаттағы трансферттердің есептеулеріне берілетін ақпараттың негізділігі, анықтығы үшін бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жауапкершілігі;

орталық мемлекеттік органдардың трансферттерді есептеуі кезінде қабылданған көрсеткіштерге бюджеттік мониторингті қамтамасыз ету және тиісті бюджеттік бағдарламаның орындалуы туралы талдамалық есепті қалыптастыру үшін Қаржы министрлігіне бюджеттік мониторинг нәтижелерін ұсыну көзделеді.

Мемлекеттің экономикалық функцияларын жеке монополиялық операторлардың жүзеге асыруына заң жүзінде тыйым салу жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін, мемлекет 100% қатысатын заңды тұлғалар ғана монополиялық функцияларды жүзеге асыра алатын түзетулер ұсынылады.

Демек арнайы құқық субъектісі ұғымы нақтыланады және мемлекеттік монополия мен арнайы құқықты қоспағанда, айрықша және басым құқықтарды беруге тыйым салынады.

Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін айналып өтуді болдырмау мақсатында, тікелей келіссөздерге бастамашылық ету мүмкіндігі үшін жылжымайтын мүлікті ұзақ мерзімді жалға алуды пайдалануға жол бермеу, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын тікелей келіссөздер тәсілімен іске асыру кезінде бюджеттен төлемдерді шектеу ұсынылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейту шеңберінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау және іске асыру процесінің ашықтығы мен айқындығы қағидатын енгізу көзделеді.

Ондай жобаларды іске асыру кезінде монополияландыруды болдырмау мақсатында оларды Монополияға қарсы органмен міндетті түрде келісу қарастырылған.

Креативті индустрияларды құқықтық реттеу мақсатында креативті индустриялар ұғымын айқындауды заңнамалық тұрғыдан бекіту, осы субъектілердің қызметін реттеудің негізгі қағидаттарын, тәсілдері мен өлшемшарттарын белгілеу және креативті индустриялар қызметінің түрлерін сыныптау мен санаттауға әдіснамалық тәсілдерді қалыптастыру ұсынылады.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұсынысы негізінде Заң жобасында:

бос лауазымға тікелей тағайындау;

- Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен «Б» корпусының лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын келісу;

- мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін тоқсан сайын бағалауды енгізу бойынша бірқатар түзетулер көзделген.

Инвестицияларды тарту үшін кедергілерді азайту мақсатында, инвестициялық жобаның Қызметтің басым түрлерінің тізбесіне сәйкестігі жөніндегі талапты алып тастау ұсынылады.

Сондай-ақ инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға инвестордың жауап міндеттемелерін белгілей отырып, инвестициялар туралы келісімдер жасасу қағидаларын бекіту құзыреті берілді.

Заң жобасында уәкілетті экономикалық операторлардың қызметін қатаңдатуға бағытталған қосымша талаптар жүктелген.

Заң жобасы аясында «Табиғи монополиялар туралы» Заңға бірқатар түзетулер енгізілген.

Мәселен:

- реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну кезінде технологиялық циклде пайдаланылатын желілер мен мүліктерді теңгерімге және сенімгерлік басқаруға алған жағдайда тарифтің қолданылу мерзімі өткенге дейін оны өзгерту мүмкіндігі қарастырылған.

Жанар-жағар май саласын реформалау блогы бойынша, көтерме жеткізушілерге қойылатын талаптарды қатаңдату жолымен, мұнай өнімдерін өткізу кезінде өнімсіз делдалдарды алып тастауды көздейтін түзетулер ұсынылады.

Заң жобасында тауарлық газды бөлек есепке алуды жүргізу үшін, ірі коммерциялық кәсіпкерлер және цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғалар санаты тауарлық газдың жаңа тұтынушылары ретінде айқындалады.

Өз кезегінде Заң жобасымен тауарлардың экспорты мен импортын реттеу жолымен экономикалық жағдайға жедел ден қою үшін, кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларын белгілеуге бағытталған нормативтік құқықтық актілерді қабылдау мерзімдерін қысқартуды көздейтін түзетулер ұсынылған.

Оған қоса кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларын қолдану шеңберінде, Үкімет пен мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін кеңейту көзделеді.

Бұдан басқа Заң жобасында сауда қызметі саласындағы уәкілетті органға:

- әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін әзірлеу;

- жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалау үшін сауда саласындағы нысаналы индикаторларды есептеу әдістемесін бекіту;

- халықты сауда алаңымен қамтамасыз етудің ең төменгі нормативтерін айқындау қағидалары мен әдістерін бекіту бойынша өкілеттіктерді беру қарастырылған.

Көрсетілген түзетулер сауда базарларының қызметін реттеуді қамтамасыз етуге көмектеседі.

Дата публикации
28 сентября 2022
Дата обновления
28 сентября 2022
Тип
Баяндама

Сейчас читают

Біз туралы БАҚ
07 октября 2026
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің «Власть» порталындағы айдары
Біз туралы БАҚ
07 октября 2026
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айдары
Біз туралы БАҚ
07 октября 2026
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айдары

Социальные медиа

Twitter
Facebook
Telegram

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы