Меню

Страницы

Статья

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бойынша ҚР Ұлттық экономика министрі Ә.С. Қуантыровтың Парламент Мәжілісінің жалпы отырысындағы баяндамасы

Заң жобасы Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес және Мемлекет Басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін әзірленді. Негізгі тәсілдер мынадай.

Бірінші блок – еңбекақы қорына жүктемені азайту.

Мемлекет басшысы өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында жиынтық жүктемені азайта отырып, микро- және шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлемді енгізуді тапсырған болатын.

Қазіргі уақытта еңбекақы қорынан мөлшерлемелері, есептеу базалары әртүрлі бірнеше төлемдер төленеді.

Бұл төлемдерді бір төлемге біріктіру ұсынылады. Әлеуметтік аударымдар мөлшері қызметкерлерге төленетін болашақ төлемдерге әсер ететіндіктен, жүктемені жеке табыс салығы есебінен төмендету көзделіп отыр.

Бірыңғай мөлшерлеме міндетті зейнетақы жарналарын енгізуді және әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесінің өсуін ескеретін болады.

Төлемді арнаулы салық режимдеріндегі микро және шағын бизнес субъектілері ерікті негізде қолданатын болады. Сома бірыңғай жиынтық төлем тетігіне ұқсас бөлінеді.

Осылайша, бірыңғай төлем салықтар мен еңбекақы төлемдерін есептеуді жеңілдетіп қана қоймай, салық жүктемесін азайтуға да мүмкіндік береді.

Түзетулердің екінші блогы салалық заңнамалардағы өзгерістермен байланысты.

Жеке тұлғалардың банкроттығы кезінде салық салу мәселелерін реттеу көзделген.

Мәселен, банкрот деп тану үшін сотқа жүгінген кезде мемлекеттік баждың мөлшерін, сондай-ақ берешекті есептен шығарған жағдайда салық тәуекелдерін алып тастауды анықтау ұсынылады.

Конституциялық Соттың құрылуына байланысты Конституциялық сотқа жүгінген кездегі мемлекеттік бажды белгілеу және халықтың әлеуметтік осал топтарын босату ұсынылады.

Келесі норма жер қойнауын пайдалану саласына қатысты.

2024 жылдан бастап мемлекеттік балансты жүргізу тоқтатылады. Қорлар жаңа жүйе бойынша бағаланатын болады.

Осыған байланысты пайдалы қазбаларды өндіру салығын салу объектісін өзгерту ұсынылады.

Түзетулердің келесі, үшінші блогы отандық тауар өндірушілерді ынталандыруға бағытталған.

Балық аулау кәсіпорындары балықты өңдеу кезде қосылған құн салығын 70%-ға азайтуы туралы норма ұсынылады. Қазір мұндай жеңілдікті балық өсіруші қожалықтар қолданады.

Қант өндірісін ынталандыру үшін шикі қант импортын қосылған құн салығынан босату, сондай-ақ қант өндірушілер үшін қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктің қолданылу мерзімін ұзарту ұсынылады.

Келесі норма тазартылған алтынды сатуға қатысты. Қазір Ұлттық Банкке мұндай алтынды сату қосылған құн салығынан босатылады. Осы норманы алтынды зергерлерге де сату кезінде қолдану ұсынылады.

Сондай-ақ, электр желілерін ірілендіру мәселесі шешіледі. Энергия беруші ұйымның электр желілерін өтеусіз алуы кезінде салық міндеттемелерінің туындауын болдырмау ұсынылады.

Түзетулердің төртінші блогы көлік жүйесін одан әрі дамыту шараларын көздейді.

Теміржол көлігі саласында нөлдік тарифті қолдана отырып, жолаушылар тасымалдаушыларына магистральдық теміржол желісі қызметтерін көрсету кезінде салық салу мәселелерін реттеу көзделген.

Азаматтық авиация саласында сертификаттар бергені үшін алымдарды алып тастау бойынша нормалар енгізіледі, өйткені қызметтерді өзін-өзі қаржыландыратын ұйым көрсетеді.

Сондай-ақ, транзиттік әуе кемелеріне жанармай құю кезінде қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесін қолдануды кеңейту ұсынылады. Қазір жеңілдікті тек әуежайлар қолдана алады.

Автомобиль тасымалдарын дамыту үшін шығарылған жылы 7 жылдан аспайтын ершікті тартқыштарды бастапқы тіркеу үшін алымнан босату ұсынылады.

Сұрақтардың бесінші блогы жеке тұлғалардың төлемдеріне қатысты.

Тіркеу функциясын «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына беруге байланысты азаматтық хал актілерін тіркеу үшін төлемдерді алып тастау ұсынылады.

Сондай-ақ, беттер санына байланысты Қазақстан азаматының паспортын беру үшін мемлекеттік баждың сараланған мөлшерлемелері, сондай-ақ балалар үшін мемлекеттік бажды 2 есеге төмендету ұсынылады.

Бұдан басқа, чек бермеу фактілері туралы хабарлағаны үшін сыйақы алу, ипотекалық кредит бойынша берешекті есептен шығару, жалдау құнын төмендету және тұрғын үйді жалға алуға бюджеттік субсидиялар алған кездегі салықтық тәуекелдер алып тасталады.

Алтыншы блок – салықтық әкімшілендіру мәселелері.

Мемлекет Басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін тиісті сақтық қағидатын енгізу ұсынылады. Бизнес субъектілері өздерінің контрагенттерінің адалдығын тексереді, осылайша тиісті сақтықты көрсетеді.

Сондай-ақ салықтық әкімшілендіруді оңайлату, сондай-ақ нақтылау және редакциялық сипаттағы нормалар ұсынылады.

Дата публикации
21 сентября 2022
Дата обновления
21 сентября 2022
Тип
Баяндама

Сейчас читают

Біз туралы БАҚ
07 октября 2026
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің «Власть» порталындағы айдары
Біз туралы БАҚ
07 октября 2026
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айдары
Біз туралы БАҚ
07 октября 2026
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айдары

Социальные медиа

Twitter
Facebook
Telegram

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы