Ағымдағы жылғы қаңтар-тамызда Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,1%-ті құрады.
Нақты сектордағы өсу 3,3% болды.
Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 2,3%-ке өсті.
Салалар арасында құрылыс, ақпарат және байланыс, көлік және қоймалау, сауда, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тау-кен өндіру өнеркәсібі оң өсу қарқынын көрсетуде.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқынының 5,7%-ке дейін жеделдеуі байқалады.
Инвестициялар мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қамсыздандыруда – 2 есеге, білім беруде– 59,1%-ке, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсетуде – 30,1%-ке, саудада – 21,9%-ке, қаржы және сақтандыру қызметінде – 20,2%-ке, жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 18,8%-ке, құрылыс саласында – 15,7%-ке өсті.
Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент, Алматы қалаларында, сондай-ақ Алматы, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында байқалуда.
Ағымдағы жылғы қаңтар-шілдеде сыртқы сауда тауар айналымы 36,9%-ке өсіп, 74,3 млрд. АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 52,9%-ке өсіп, 48,9 млрд. АҚШ долларына дейін жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 35,7%-ке ұлғайып, 14,3 млрд. АҚШ долларын құрады.
Тауарлар импорты 25,3 млрд. долларды құрады.
Жалпы, оң сауда балансы 23,6 млрд. АҚШ долларына тең.
Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу қарқыны сақталуда. Осы жылдың қаңтар-тамызында өндіріс көлемі 4,8%-ке өсті.
Соның ішінде 16 өңір бойынша оң өсу көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсу Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Қостанай облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалуда.
Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 7,9%-ке, оның ішінде автомобиль жасаудың – 18,2%-ке, электр жабдықтарын жасаудың – 8,3%-ке, азық-түлік тауарлары – 3,5%-ке, сусындар – 7,5%-ке, пластмасса бұйымдары – 5,1%-ке, дайын металл бұйымдары – 2,4%-ке, химия өнеркәсібі тауарларының – 11,8%-ке, киім өндірісінің – 7,1%-ке өсуі қамтамасыз етілді.
Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 0,7%-ке ұлғайды.
Салалар бөлінісінде өсу тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде – 18,5%-ті, газ өндіруде – 2,7%-ті, көмір өндіруде – 2,2%-ті, металл кендерін өндіруде – 0,5%-ті құрады.
Бұл ретте өзге де пайдалы қазбаларды өндіруде 8,3%-ке төмендеу тіркелді.
Аталған кезеңде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 7,5%-ке ұлғайды.
Көрсеткіштің оң өсуі 16 өңір бойынша тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Алматы, Ұлытау, және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Шымкент және Алматы қалаларында байқалуда.
Ағымдағы жылғы қаңтар-тамызда 8,8 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 1,2%-ке төмен.
Оң өсу 14 өңір бойынша тіркелді. Ең жоғары көрсеткіштер Түркістан, Алматы, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында байқалуда.
Көрсеткіштің төмендеуі жаңадан құрылған Ұлытау және Жетісу облыстарында,
сондай-ақ Маңғыстау, Атырау облыстарында, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында байқалуда.
Ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 4,3%-ке ұлғайды.
Саладағы өндірістің оң өсуі 16 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсуді Маңғыстау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ақмола облыстары көрсетті.
7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдай мынадай:
Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсу 4 өңірде – Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында тіркелді.
6 көрсеткіш бойынша оң өсуді 8 өңір көрсетті. Олар Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары.
Орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аудару ұсынылып отыр.
1. Сауда үстемелерін тиімді бақылау және делдалдық схемаларды тексеру арқылы азық-түлік тауарларының қолжетімділігін қамтамасыз ету;
2. Қажетті логистикалық жағдайларды қамтамасыз ете отырып, егін жинау бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу;
3. Инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру және оларды барлық деңгейлерде жүйелі қолдау;
4. Қазақстан экспортының үздіксіз жеткізілуіне, оның ішінде баламалы көлік бағыттары арқылы жеткізілуіне жәрдемдесу;
5. Туындаған сауалдарға уақтылы ден қоюды қамтамасыз ете отырып, қолданыстағы құралдар шеңберінде бизнеске кешенді қолдау көрсету.
Жоғарыда аталған шараларды толықтай іске асыру еліміздің экономикасының өсуін жеделдетуге мүмкіндік береді.