Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы!
Құрметті депутаттар!
Сіздердің қарауларыңызға «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-климатты жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы ұсынылып отыр.
Заң жобасы 6 кодекс пен 33 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
Заң жобасымен ақпаратқа қолжетімділікті жақсарту, бірқатар көрсетілетін қызметті электрондық форматқа ауыстыру, рәсімдерді қысқарту және бәсекелестік ортаны дамыту шаралары көзделді.
Ақпаратқа қолжетімділікті жақсарту бойынша
Заңды тұлғаларға тіркелген жылжымайтын мүлік объектілері бойынша құқық белгілейтін құжаттарының, ауыртпалықтардың және сот талап арыздарының болуы туралы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету ұсынылады.
Сондай-ақ, меншік иесінің дербес деректерін көрсетпей, жылжымыйтын мүліктің ауыртпалық мәртебесі туралы ақпаратты ашуға рұқсат беріледі.
Бұл жылжымайтын мүлік нарығында рәсімдеуді жеңілдетіп, күмәнді мәмілелердің тәуекелін төмендетеді.
Жеке кредиттік бюро үшін тұтынушылардың табиғи монополиялар субъектілерінің алдындағы борыштары бойынша ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету ұсынылады.
Мұндай ақпарат мемлекеттік кредиттік бюроға ғана бүгінде ай сайын беріліп жатыр.
Бір қатар көрсетілетін қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру бойынша
Нотариаттық куәландыруды талап етпейтін жазбаша шарттарда мәмілелерді тіркеу кезінде белгі қоюды электрондық форматқа ауыстыруды ұсынады.
Бұл сату-сатып алу, сыйға беру, жалға беру және басқа да міндетті нотариаттық тіркеуді талап етпейтін мәмілелер болып табылады.
Сондай-ақ, кәсіпорынды электрондық мемлекеттік тіркеу кезінде банкте ағымдағы шотты міндетті түрде онлайн ашуды қамтамасыз ету ұсынылады.
Бұл ретте, Нұр-Сұлтанда, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда электрмен жабдықтау желілеріне қосылу рәсімін оңайлату мақсатында техникалық шарттарды беруге өтініштерді қабылдауды табиғи монополиялар субъектілерінің сайттары арқылы электрондық түрде жүзеге асыру көзделеді.
Талап арызды ұсынуды электрондық поштаны және мобильды байланысты қоса алғанда, электрондық байланыс құралдары арқылы, ал электрондық мәліметтер болмаған жағдайда қағаз тасығыш арқылы жүзеге асыру ұсынылады.
Рәсімдерді қысқарту мақсатында кәсіпкерлік субъектілерін қуаты 200 кВт-тан төмен электрмен жабдықтау желілеріне қосу бойынша «бірыңғай терезе» қағидатын енгізу қарастырылады.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына және жол полициясына техникалық жағынан күрделі емес объектілерді бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы туралы хабарлама беру рәсімін алып тастау ұсынылады.
Сондай-ақ, техникалық жағынан күрделі емес объектілерінің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу және оның сараптамадан өту рәсімін алып тастау ұсынылады.
Сонымен бірге, сәулет-жоспарлау тапсырмасы, топографиясы және техникалық шарттары бар жер учаскелерін беру бойынша үш рәсім бір рәсімге біріктіріледі. Бұл рәсімдердің мерзімін 17 жұмыс күніне қысқартады (67-ден 50 күнге дейін).
Жалпы, заң жобасы шеңберінде құрылыс бағыты бойынша мерзімдерін күнтізбелік 103 күннен 18 күнге қысқарта отырып, 17 рәсім 3 рәсімге дейін оңайлатылады.
Сондай-ақ, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің мүшелері арасында даулы жағдайларды шешу механизмін енгізу ұсынылады.
Бәсекелестік ортаны дамыту шаралары
Мемлекеттің қатысуымен ұйымдарды құруда негіздемелер тізбесін қысқарту ұсынылады.
Осыған байланысты, мемлекеттік кәсіпорындар ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекеттік монополия енгізу мақсатында немесе талдау нәтижелері бойынша тауар нарығындағы бәсекелестіктің жеткіліксіз дамуымен байланысты ғана құрыла алады.
Сонымен бірге, мемлекеттік кәсіпорындар үшін рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесін бекіту бойынша Үкіметтің құзыретін белгілеу ұсынылады.
Сондай-ақ, мемлекеттік монополия субъектілері болып табылмайтын нарық субъектілеріне айрықша құқықтар берілген жағдайда конкурстық тәртіп көзделеді.
Жалпы, бұл шаралар бәсекелестік ортаны жақсартуға ықпал етеді.
Құрметті депутаттар!
Аталған түзетулер Қазақстанда рәсімдерді жеңілдетіп, бизнес жүргізу шарттарын одан әрі жақсартуға мүмкіндік береді.
Осы ұсыныстар бизнес-қоғамдастығымен келісілген және халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді.
Қолдауларыңызды сұраймын.
Назарларыңызға рахмет.