Қарау үшін Батыс өңірлерін – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарларының жобаларын ұсынылып отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспарлары әзірленді, сондай-ақ қолданыстағы Атырау және Маңғыстау облыстарын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарлары өзектендірілді.
Батыс өңірлерді дамытудың 4 кешенді жоспарын қаржыландырудың жалпы көлемі 15,3 трлн. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 1,7 трлн. теңге.
Министрлік, орталық мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен бірлесіп, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрақты жұмыс орындарын құруға тікелей және жанама мультипликативтік әсерлердің жоғары әлеуеті бар жобаларды іріктеу бойынша жұмыс жүргізді.
Ақтөбе облысының кешенді жоспары 92 іс-шарадан тұрады.
Кешенді жоспар шеңберінде Жаңартылатын энергия көздерін дамыту, цемент өндіру зауытын, титан-цирконий кендерін қайта өңдеу жөніндегі тау-кен байыту кешенін салу және тағы басқа ірі жобаларды іске асыру көзделуде.
Сонымен қатар, шетелдік инвесторларды тарта отырып, ерекше индустриялық аймақ құрылатын болады. Көптеген кәсіпорындар экспортқа бағдарланған болады деп күтілуде.
«Бұхара-Орал» магистральдық газ құбырының үшінші желісін салу және 85 ауылды газдандыру, сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғырту және тұрғын үй құрылысы аудандарында инженерлік-коммуникациялық желілер салу жоспарлануда.
Бұдан басқа, 1300 шақырымнан астам автомобиль жолы жаңғыртылады. Бұл өз кезегінде Ақтөбе қаласының «өсу орталығы» және еліміздің батыс бөлігіндегі ірі көлік торабы ретіндегі рөлін күшейтуге ықпал ететін болады.
Денсаулық сақтау және білім беру жүйелері қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін қазіргі заманғы инфрақұрылым құрылатын болады.
18 ауылда денсаулық сақтау нысандары салынады.
224 мектеп жаңғыртылып, оңалту орталығы салынады.
Сонымен қатар, Ақтөбе қаласында колледж студенттері үшін екі жатақхана салу жоспарлануда.
Кешенді жоспарды іске асыру 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынатын инвестициялар өсімі 2,5 есені немесе 1,5 трлн. теңгені құрайды, өнеркәсіп көлемі 1,6 есеге немесе 1,8 трлн. теңгеден 2,8 трлн. теңгеге дейін артады, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 37%-ға өсуін қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, 4,3 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 100%-ды құрайды.
Батыс Қазақстан облысын дамытудың кешенді жоспары.
Өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласында индустриялық аймақ құру, құю өндірісін, мұнайды терең өңдеу зауытын және цемент зауытын салу жоспарланған.
Ауыл шаруашылығы саласында 2 жылыжай, 25 бордақылау алаңын, 10 сүт-тауар фермасын салу, 4 шарбақты балық өсіру шаруашылығын құру, суармалы жерлер алаңын 6,6 мың гектардан 50 мың гектарға дейін қалпына келтіру және кеңейту, Киров су қоймасын реконструкциялау көзделген.
Орал қаласында 1211 км сумен жабдықтау және су бұру желілерін, 46,2 км жылумен жабдықтау желілерін және 2051 км электр желілерін салу және реконструкциялау, 29,7 км «Ростоши-Тайпак» газ құбырын реконструкциялау, сондай-ақ автоматтандырылған газ тарату станциясын салу жоспарлануда.
Бұдан басқа, 1842 км автожолға жөндеу және қайта жаңарту, Орал қаласының халықаралық әуежайын жаңғырту жүргізіледі.
Сондай-ақ, емхана, кардиологиялық орталық, 74 мектеп, студенттерге арналған 650 орындық жатақхана және 150 орындық оңалту орталығы салынады.
Азаматтық қорғауды қамтамасыз ету үшін 3 өрт сөндіру депосының құрылысы, Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары көзделген.
Батыс Қазақстан облысының кешенді жоспарын іске асыру нәтижесінде, 2025 жылға қарай өнеркәсіп көлемі 55%-ға және ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 56%-ға өседі, сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу деңгейі 100%-ға жетеді, ал электр желілерінің тозуы 80%-дан 50%-ға дейін азаяды.
Атырау облысын дамытудың өзектендірілген кешенді жоспары.
Жоспар шеңберінде ауданы 400 га индустриялық аймақ құру, терефталь қышқылын өндіру зауытын және көтерме-тарату орталығын салу көзделген.
Ауыл шаруашылығын дамыту бойынша 6 жылыжай, 5 мал бордақылау алаңы, 3 құс фабрикасы, балық өсіруге арналған 7 тоған шаруашылығы, сүт өңдеу цехтары және басқалары салынады.
Халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында 10 ауылда 228,1 км электр желісін салу, 640 км автожолды жөндеу және қайта жаңарту, 13 елді мекенді газбен және сумен қамтамасыз ету, 6 ұңғыманы және «Тайсойған-Миялы» магистральдық су құбырын салу және тағы басқа жобалар іске асырылатын болады.
Денсаулық сақтау саласында 2 емхана мен психикалық денсаулық орталығын, 9 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын және оңалту орталығын салу көзделген.
3 ауысымды және апатты мектептерді жою және оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында 48 мектеп салынатын болады.
Бұдан басқа, Жайық және Орал өзендері жағалауын нығайту, қорғау бөгеттерін күрделі жөндеу және басқа да жұмыстар жүргізілетін болады.
Жоспарды іске асыру қорытындылары бойынша 2025 жылға қарай өнеркәсіп көлемі 35%-ға артады, халықты сумен қамту 100% қамтамасыз етіледі, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95%-ға дейін жетеді, 3,5 млн. шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру күтілуде.
Маңғыстау облысын дамытудың өзектілендірілген кешенді жоспары.
Өнеркәсіп саласында «Дунга» кен орнын игерудің 3-фазасын іске асыру, Ақтау қаласында мұнай-химия кешенін салу және басқа да іс-шаралар жоспарланған.
Агроөнеркәсіптік кешені салаларында 25 инвестициялық жобаны іске асыру және балық шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау, сондай-ақ асыл тұқымды балық шаруашылығын дамыту жоспарлануда.
Туризм саласында 14 нысанның құрылысы көзделген.
Сонымен қатар, 1059 км жергілікті маңызы бар автожолдарды, 87,9 км электр желілерін, 116 км жылу желілерін салу және жөндеу, сондай-ақ тұщыландыру зауыттары мен қондырғыларының 9 жобасын салу көзделген.
Әлеуметтік саланы дамыту шеңберінде аудандық орталық аурухана, 24 мектеп және 11 жапсарлас құрылыс салу, 5 колледжді жабдықтармен жарақтандыру және тағы басқалар қарастырылған.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Маңғыстау облысында өнеркәсіп көлемі 28%-ға, туристер ағыны 4,6 есеге артады, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 100%-ға жетеді және 4 млн.шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Жалпы, кешенді жоспарларды іске асыру Батыс өңірлер экономикасының өсу қарқынын ұлғайтуға мүмкіндік береді, жеке инвестициялар ағынына серпін береді және халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етеді.
Айталық, 2025 жылға қарай төрт өңір бойынша шамамен 13 трлн. теңге жеке инвестициялар тарту, 175 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құру көзделуде.