Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу және Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жекелеген функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді.
Заң жобасы шеңберінде бизнеске жүктемені түбегейлі төмендету, оңтайлы және тиімді реттегіш жүйені қалыптастыру мақсатында кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеудің мынадай жаңа тәсілдері қалыптастырылды:
Бірінші: Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің тиімділігі, мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының жаңа қағидаттарын іске асыру арқылы қамтамасыз етілетін болады.
Бұл: талаптарды белгілеу шарттарын сақтау; кәсіпкерлік субъектілері үшін негізсіз реттеушілік талаптарды енгізуге жол бермеу; мемлекеттік реттеудің жүйелілігі мен дәйектілігі, бұрын қабылданған шешімдерді жалғастыру; сондай-ақ мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілеріне деген сенімін арттыру.
Өзара іс-қимылдың базалық қағидаттарын жетілдіру, кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекетке сенімін және бизнес-ортаны реттеудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Екінші: Артық талаптардың өсуін болдырмау және тиімсіз талаптарды алып тастау мақсатында бизнеске қойылатын талаптарды белгілеу шарттары заңнамалық түрде айқындалатын болады.
Осылайша, мемлекет енгізетін кез-келген талап, кем дегенде негізделген, орындалатын, ашық, тұрақты, нақты және оңтайлы болып, кәсіпкерлердің теңдігін қамтамасыз етуі керек.
Үшінші:«Бір талапты қосса, екі талапты алып тастау» қағидатын енгізу қолданыстағы екі талаптың орнына бір реттеушілік талапты енгізуді көздейді.
Осылайша мемлекет жаңа талапты енгізген кезде құқықтық реттеудің сол саласында қолданылатын екі талап жойылады.
Бұл қағидат кәсіпкерлік субъектілер үшін артық реттеу мен әкімшілік шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді.
Төртінші: Нормативтік құқықтық актілер және өзге де құжаттар түрінде бизнеске арналған талаптардың толық тізбесін қамтитын бірыңғай ақпараттық ресурсты қалыптастыру мақсатында міндетті талаптардың Тізілімін құру көзделіп отыр.
Тізілімде нормативтік құқықтық актілердің жаңа реттеушілік саясатқа сәйкестігін қарау мерзімдері айқындалатын болады. Демек олар сәйкес келмеген жағдайда құқықтық актілер қайта қаралады немесе жойылады.
Бесінші:Әкімшілік жүктемені төмендету үшін есеп тапсыру рәсімін мемлекеттік орган автоматтандырмаған жағдайда, кәсіпкерлерден есептілікті сұрауға және талап етуге тыйым салынады.
Осылайша, орталық мемлекеттік орган баламалы түрде есептілікті тапсыру рәсімін электрондық нысанда қамтамасыз етпесе, кәсіпкерлерден кез келген есептілікті ұсынуды талап
ете алмайды.
Осы норма 2023 жылы 1 қаңтардан бастап қолданылатын болады.
Бұл мемлекеттік органдарды қағаз түрінде ұсынылатын есептілікті автоматтандыруға ынталандыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, кәсіпкерлерге есептілікті электрондық немесе қағаз түрінде өткізуге таңдау мүмкіндігі беріледі.
Алтыншы: Мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесі реформаланатын болады.
Құқық бұзушылықтардың жасалуын болдырмас үшін кәсіпкерлерге көмек көрсету және консультация беру мақсатында тексерулерден профилактикалық іс-шараларға көшу көзделіп отыр.
Профилактикалық бақылаудың 3 түрі болады. Олар бақылаудағы сатып алу, бизнес субъектілерге бару және бармай-ақ профилактикалық бақылау жүргізу.
Ал, ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін тексерулер жойылады.
Жаңа тәсіл тек рұқсат беру талаптарына сәйкестігін тексеруді және нақты фактілер мен мән-жайлар болған жағдайда жоспардан тыс тексерулерді көздейді.
Бұдан басқа Заң жобасында ішкі істер органдарын бейінді емес функциялардан босату көзделіп отыр, атап айтқанда:
1. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне халықтың көші-қоны саласындағы ведомствоаралық үйлестіруге байланысты функцияларды беру;
2. Денсаулық сақтау министрлігіне қылмыстық-атқару мекемелерінде ұсталатын адамдарды медициналық қамтамасыз ету жөніндегі функциялар мен өкілеттіктерді беру;
3. Жергілікті атқарушы органдарға пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету жөніндегі функцияларды беру.
Кәсіпкерлік қызметті реттеудегі жаңа тәсілдерді іске асыру бизнеске жүктемені түбегейлі азайтуға және жаңа экономикалық нақты жағдайда іскерлік белсенділікті дамытуға серпін береді.Ұсынылып отырған Заң жобасы 2025-ші жылға қарай мемлекеттік бақылаудың жалпы санында профилактикалық бақылау үлесін 90%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мемлекеттік бақылауды автоматты режимде тағайындау үлесін 80%-ға арттыруға болжам жасалып отыр.