Сіздерге Ұлттық экономика министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп жасаған «Қазақстандықтардың әл – ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу», «Кәсіпкерлікті дамыту», сондай-ақ «Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» сияқты 3 ұлттық жобаны таныстырғалы отырмын.
Мемлекет басшысының тапсырмасына және «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» іс-шаралары Ұлттық жобаларда көзделген.
Ұлттық жобаларды іске асыру экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сондай-ақ қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
«Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы 5 бағытты қамтиды. Бұл - индустриялық-инновациялық даму, мұнай-газ-химия және энергетика кешендерін, геология саласын дамыту, сондай-ақ шикізаттық емес экспортты ілгерілету.
Осы бағыттарды іске асыру шеңберінде 6 міндет, 13 көрсеткіш және 56 іс-шара көзделген. Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 15,9 трлн. оның ішінде республикалық бюджеттен 402 млрд. теңге қарастырылған. 15,5 трлн теңге жеке инвестициялар тарту көзделіп отыр.
«Индустриялық-инновациялық даму» бағыты шеңберінде екі негізгі міндет айқындалды: өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту, сондай-ақ өндіріс көлемін ұлғайту, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейту.
Бірінші міндетті шешу үшін кәсіпорындардың жаңа технологияларды сатып алуға және енгізуге, жабдықтарды монтаждауға және іске қосу-жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ біліктілікті арттыруға, технологиялық жабдықтарды сатып алуға және кредит беру, оның ішінде лизинг шарттарын жақсартуға жұмсалған шығындарын өтеуге бағытталған кешенді шараларды іске асыру көзделеді.
2025 жылға дейін өңдеуші өнеркәсіптегі цифрлық технологияларды пайдаланатын кәсіпорындардың үлесін 7-ден 23%-ке дейін арттыру жоспарлануда.
2025 жылға қарай 418 индустриялық жоба іске асырылып, негізгі капиталға 11 трлн теңгеден аса инвестиция тартылады.
Нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 2020 жылдың деңгейіне 1,5 есеге артады.
«Мұнай-газ химиялық кешенін дамыту» бағыты шеңберінде шикізаттық емес экспортты ұлғайту және ішкі сұранысты қанағаттандыру үшін ірі жоғары технологиялық мұнай-газ химиялық өндірісі іске қосылады.
2025 жылға қарай 5 мұнай-газ химия зауыты пайдалануға беріледі.
Нәтижесінде мұнай-газ химиялық өнімін өндіру көлемі 140 мыңнан 2 млн тоннаға дейін артып, мұнай-газ химия өнімі импортының үлесі 87%-тен 72%-ке азаяды.
Бұл ретте дайын мұнай-газ өнімдерінің экспорты 9 есе 1,4 млрд. АҚШ долларына артады.
«Энергетика саласын дамыту» бағыты шеңберінде инвестициялық тартымдылықты арттыру және геологиялық материалдарды сақтау және өңдеу бойынша қазіргізаманғы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көзделген.
Аумақтың геологиялық зерттелуін қамту 683,9 мың шаршы шақырымға ұлғаяды.
Саланың инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында қор қоймасы, 2 керн қоймасы салынып, 4 керн қоймасына жөндеу жүргізіледі.
Қабылданған шаралар нәтижесінде 2025 жылға қарай геологиялық материалдарды сақтау және өңдеу бойынша мемлекеттік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі 100%-ке дейін жеткізіледі.
Төртінші бағыт экономика мен халық¬тың өсіп келе жатқан қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында энергетикалық кешенді жаңғыртуды көздейді.
2025 жылға дейін жұмыс істеп тұрған электр стансаларын жаңғырту есебінен 5 404 МВт қосымша қуатты, оның ішінде 2 400 МВт ЖЭК қуатын, 1 400 МВт бу-газ қондырғыларын және 1 604 МВт іске қосу жоспарлануда.
Сондай-ақ Батыс Қазақстан, Манғыстау және Атырау облыстары арасында электр жеткізу желісінің екінші тізбегін (220 кВ) салу жоспарлануда.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі ЖЭК-тен алынатын электр энергиясының үлесі 6%-ке жетеді.
Жобаларды іске қосу экономиканың электр энергиясына қажеттілігін 120 млрд кВт/с. дейін өтейді.
«Шикізаттық емес экспортты ілгерілету» бағыты шеңберінде жаңа өндірістерді өсіруге және жұмыс істеп тұрған экспорттаушылардың құзыретін арттыруға бағытталған экспорттық акселерация бағдарламасын дамыту жалғасады.
1000 белсенді экспорттаушының сыртқы нарыққа шығуы қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар 350 экспорттаушыны электрондық сауда платформасына шығару жоспарланып отыр.
Мемлекеттік эталондардың халықаралық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету үшін сынақ зертханалық базаларының 30%-і жаңғыртылады.
Экспорттаушыларды сыртқы нарықтарға ілгерілету мынадай шаралар есебінен қолдау табады.
Бұл экспорт алдындағы және экспорттық қаржыландыру, сақтандыру, айналым қаражатын толықтыруға қаржыландыру, сондай-ақ экспорттаушылардың шығындарын өтеу.
Нәтижесінде шикізаттық емес экспорт 41 млрд. АҚШ долларына 2 есеге артады.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге және жаңа тауашаларды құруға, сондай-ақ бәсекелестікті кешенді дамытуға бағытталған.
Бұл бағытты іске асыру шеңберінде 10 тапсырма, 30 көрсеткіш пен 69 іс-шара көзделген.
Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 8,5 трлн. теңге, соның ішінде, республикалық бюджеттен 1 трлн. теңгеден аса, жергілікті бюджеттен 125 млрд.теңге қаржы қарастырылған.
Сонымен қатар, 7,3 трлн теңге сомасына жеке инвестиция тарту қамтамасыз етіледі.
«Кәсіпкерлік белсенділікті арттыру» бағыты шеңберінде кәсіпкерлік құрылымында сапалы өзгерістерді қамтамасыз ету көзделеді.
Өз ісін ашу үшін, оның ішінде «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде жағдай жасау бойынша шаралар қабылданады.
Іскерлік байланыстарды кеңейту мақсатында шетелдік бизнес-тағылымдамалар ұйымдастыру көзделеді.
Сонымен бірге, жұмыссыздарды қамту мақсатында «Түлектерге арналған жастар практикасы», «Әлеуметтік осал топтарға арналған әлеуметтік жұмыс орындары» сияқты жобалар, сондай-ақ зейнеткерлік жас алдындағы адамдарды жұмысқа орналастыру үшін «күміс жас» жобасы іске асырылады.
Барлық шараларды қабылдау нәтижесінде жеке ісін ашқан адамдардың үлесі 1,7 есеге артады.
Субсидияланатын жұмыс орындарынан кейін тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған адамдардың үлесі 1,4 есе өседі.
Қаржылық емес қолдау шараларын алған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 638 мың бірлікке жетеді, қысқа мерзімді кәсіптік оқудан кейін жұмысқа орналастыру деңгейі 55-тен 80%-ке дейін өседі.
«Кәсіпкерлердің өсуін жеделдету» бағыты бойынша кәсіпкерлерге әкімшілік жүктемені азайту жоспарлануда.
Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін «Бизнеске арналған үкімет» порталына интеграциялау 2025 жылы ШОБ субъектілері үшін көрсетілген мемлекеттік қызметтер үлесін 40%-ке дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау және кепілдік беру ұсынылады.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар бөлу ауылда 55 мың жаңа кәсіпкерлік субъектісін құруға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, қаржылық қолдау шарасы кәсіпкерлік субъектілерінің 52 мыңнан астам жобасына ұсынылады.
Ұлттық тауар өткізу желісін қалыптастыру бойынша жұмыс жалғасады.
Бөлу, сату және сақтауға арналған 24 көтерме-тарату орталығын құру; 5 трансшекаралық сауда орталығын құру мен жаңғырту; сондай-ақ, стационарлық форматта 103 сауда нысанын жаңғырту көзделуде.
Нәтижесінде көпформатты сауда нысандарының саны 6-дан 132 бірлікке дейін артады.
«Жаңа тауашаларды қалыптастыру» бағыты шеңберінде туризмді дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау көзделеді.
Елдің туристік әлеуетін ашу мақсатында 1000-ға жуық инвестициялық жоба іске асырылып, жол бойындағы сервис желісін дамыту қамтамасыз етіледі.
Нәтижесінде 2025 жылға қарай ЖІӨ-дегі туризм саласының көлемі кемінде 8%-ті құрап, ішкі туристік ағын 5,3-тен 8 млн. адамға дейін ұлғаяды, ал туризм саласындағы инвестициялар көлемі 6,9 трлн.теңгені құрайды.
Туристік саланы дамытуға заманауи технологияларды енгізу үшін туристік қызмет көрсету саласы мен сапасын басқару жүйесін жетілдіру мақсатында шаралар көзделген.
Бұл орналастыру орындарының 95%-ін E-QONAQ ақпараттық жүйесімен қамтуға мүмкіндік береді.
«Бәсекелестікті кешенді дамыту» бағыты шеңберінде тауар биржаларын дамыту, экономиканы одан әрі мемлекет иелігінен алу және салауатты бәсекелестік ортаны қамтамасыз ету шаралары көзделген.
Нәтижесінде сұйытылған мұнай газын тауар биржалары арқылы өткізу үлесі 80-нен 100%-ке дейін ұлғайтылады.
2025 жылға қарай мемлекеттің экономикадағы үлесі 14%-ке дейін азайтылады.
Мемлекеттік тапсырмалар саны 157-ден 70 бірлікке дейін қысқартылады.
Сонымен қатар 20 операторды тарату және қайта ұйымдастыру қарастырылған. Бірыңғай операторлар саны 1,6 есеге қысқарады.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы негізгі қызметтерге тең қолжетімділікті және өңірлер арасында да, сол сияқты өңірлер ішінде де елдің көліктік байланысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Айтылған екі бағытты іске асыру шеңберінде 4 тапсырма, 20 көрсеткіш пен 94 іс-шара көзделген.
Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 7,6 трлн. теңге, оның ішінде 4 трлн. теңге республикалық бюджеттен, 786 млрд. теңге жергілікті бюджеттен қарастырылады.
Сонымен қатар 2,8 трлн. теңге жеке инвестиция тарту қамтамасыз етіледі.
«Негізгі қызметтерге тең қолжетімділік» бағыты бойынша инфрақұрылымды кешенді дамыту бойынша 2 тапсырманы шешу және «Жайлы тұрғын үй» жаңа тұрғын үй бағдарламасын сіске асыру көзделеді.
Инфрақұрылымды кешенді дамыту 16 мың шақырым сумен жабдықтау және су тарту желісін, 46 топтық су құбырын, 875 шақырым нөсер кәрізі мен арық жүйесі желісін салу мен қайта жөндеуді көздейді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде ауыл ішінде 12 мың шақырым инженерлік желі, 10 мың шақырым кентішілік жол және 1,5 мың әлеуметтік нысан салынып, жөнделеді.
Нәтижесінде қала халқы ауызсумен және ағын суларды тазарту жүйесімен толықтай қамтамасыз етіледі.
3,5 мыңнан астам ауылдың инфрақұрылымы Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес жаңғыртылады.
«Жайлы тұрғын үй» жобасы шеңберінде тұрғын үй құрылысына 13,5 трлн теңге инвестиция тартылады.
185,1 мың адам үшін жеке тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалға алу, 102,3 мың бірлік әлеуметтік жалға беру құрылысын салу шығыстарын субсидиялау көзделген және кредиттік тұрғын үй салу, жұмыс істейтін жастар үшін 15 мың бірлік тұрғын үй салу, сондай-ақ ауылда 2,9 мың жалға берілетін үй салу бойынша жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау көзделген.
Жалпы, 103 млн. шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Жеке тұрғын үй құрылысы үшін 235 мың жер учаскесі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.
«Көліктік байланысты қамтамасыз ету» бағыты шеңберінде ішкі көлік желісін дамыту және аумақтардың байланысын арттыру көзделеді.
11 мың шақырым республикалық маңызы бар және 27 мың шақырым жергілікті жол салынып, жөнделеді.
Бұл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдың үлесін 100%-ке дейін және жергілікті маңызы бар автожолдың үлесін 95%-ке дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Аумақтардың байланыстылығын арттыру үшін бірқатар ірі жобалар іске асырылады.
Атап айтқанда, екінші жол құрылысын салу мен «Достық–Мойынты» учаскесін электрлендіру Қытай-Еуропа-Қытай жолының өткізу қабіілетін арттыруға мүмкіндік береді.
«Дарбаза–Мақтаарал» теміржол желісін салу Сарыағаш стансасының өткізу қабілетін 2 есеге арттырады.
«Түркістан – Шымкент–Ташкент» жоғары жылдамдықты магистралын салу барлық өңірдің туристік және инвестициялық тартымдылығын едәуір арттырмақ.
Алматы стансасын айналып өтетін теміржол желісін салу жобасы жүк арту мерзімін 2 тәулікке қысқартуға мүмкіндік береді.
Аумақтардың байланысын арттыру шараларын іске асыру транзит көлемін 30 млн. тоннаға, оның ішінде контейнерлерді 1,6 млн. тоннаға ұлғайтуды қамтамасыз етеді.
Үш ұлттық жобаны тиімді іске асыру орнықты экономикалық өсуді 5%-дан төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге, халықтың табысын 27% - ға арттыруға және еліміз бойынша 450 мың тұрақты жұмыс орнын құруға, сондай-ақ Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік рейтингінде инфрақұрылым сапасы бойынша Қазақстанның ұстанымын 40-орынға дейін жақсартуға мүмкіндік береді.
Ұлттық жобалар - бұл қазақстандықтардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған нақты, шынайы, қолжетімді мақсаттар мен міндеттердің тізбесі.
Бүгін таныстырылған Ұлттық жобалар еліміздің энергетика, сауда және интеграция, индустрия және инфрақұрылымдық даму, экология, геология және табиғи ресурстар, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт министрліктерімен, сондай-ақ бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп іске асырылатын болады.
Осыған орай, жоғарыда аталған мемлекеттік органдардың Вице-министрлері және Ұлттық экономика министрлігі тарапынан сіздердің сұрақтарыңызға жауап беруге дайынбыз.