Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында Үкімет «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі.
Заң жобасы шеңберінде бизнеске жүктемені түбегейлі төмендету, оңтайлы және тиімді реттегіш жүйені қалыптастыру мақсатында кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеудің мынадай жаңа тәсілдері қалыптастырылды:
- мемлекет пен кәсіпкерліктің өзара іс-қимылының базалық қағидаттарын жетілдіру;
- талаптарды белгілеу шарттары;
- «Бір талапты қосса, екі талапты алып тастау» қағидасы;
- міндетті талаптар тізілімі;
- бизнес есептілігін цифрландыру, бақылаудағы тәуекел-талдау;
- мемлекеттік бақылауды жетілдіру.
Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің тиімділігі мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының жаңа қағидаттарын іске асыру арқылы қамтамасыз етілетін болады.
Бұл: талаптарды белгілеу шарттарын сақтау; кәсіпкерлік субъектілері үшін негізсіз реттеушілік талаптарды енгізуге жол бермеу; мемлекеттік реттеудің жүйелілігі мен дәйектілігі, бұрын қабылданған шешімдердің сабақтастығы; сондай-ақ мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілеріне деген сенімін арттыру.
Өзара іс-қимылдың базалық қағидаттарын жетілдіру, кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекетке сенімін және бизнес-ортаны реттеудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Артық талаптардың өсуін болдырмау және тиімсіз талаптарды алып тастау мақсатында бизнеске қойылатын талаптарды белгілеу шарттары заңнамалық түрде айқындалатын болады.
Сонымен мемлекет енгізген кез-келген талап, кем дегенде негізделген, орындалатын, ашық және болжамды, пропорционалды, тұрақты, нақты, ұтымды болуы керек және кәсіпкерлердің теңдігін қамтамасыз етуі керек.
«Бір талапты қосса, екі талапты алып тастау» қағидатын енгізу қолданыстағылардың екеуінің орнына бір реттеушілік талапты енгізуді көздейді.
Осылайша мемлекет жаңа талапты енгізген кезде құқықтық реттеудің сол саласында қолданылатын екі талап жойылады.
Бұл қағидат кәсіпкерлік субъектілері үшін артық реттеу мен әкімшілік шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді.
Нормативтік құқықтық актілер және өзге де құжаттар түрінде бизнеске арналған талаптардың толық тізбесін қамтитын бірыңғай ақпараттық ресурсты қалыптастыру мақсатында міндетті талаптардың Тізілімін құру көзделеді.
Тізілімге жаңа реттеушілік саясатқа сәйкес келетін талаптар ғана енгізілуге жатады.
Бұдан басқа, Тізілімде нормативтік құқықтық актілердің жаңа реттеушілік саясатқа сәйкестігін қарау мерзімдері айқындалатын болады. Демек олар сәйкес келмеген жағдайда құқықтық актілер қайта қаралады немесе жойылады.
Осылайша Тізілім бизнес ортаға теріс әсер ететін талаптарға қатысты «реттеуші гильотина» әдісін қолдануға мүмкіндік береді.
Бұл қағидат қауіпсіздіктің қажетті деңгейін қамтамасыз ететін міндетті талаптардың санын оңтайландыруға, бизнеске қатысты нормативтік құқықтық актілер базасын жетілдіруге ықпал ететін болады.
Әкімшілік жүктемені азайту үшін ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, тек электрондық нысанда есептілік беру туралы талапты заңнамалық бекіту, сондай-ақ бақылау және қадағалау субъектілерін іріктеу кезінде тәуекелдерді бағалау мен басқаруды автоматтандыру көзделеді.
Бұл қағаз тасығышта есеп берумен байланысты бизнеске жүктемені азайтуға мүмкіндік береді, бақыланатын бизнес субъектілерінің тізбесін оңтайландырады.
Мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесі реформаланатын болады.
Мемлекеттік бақылаудың жаңа нысандары тексерулерден профилактикалық іс-шараларға көшуді қамтиды.
Профилактикалық іс-шаралар, профилактикалық бақылаудың 3 түрін көздейді. Олар бақылаудағы сатып алу, бизнес субъектілерге бару және бармай-ақ профилактикалық бақылау жүргізу.
Жаңа тәсіл тек рұқсат беру талаптарына сәйкестігін тексеруді және нақты фактілер мен мән-жайлар болған жағдайда жоспардан тыс тексерулерді көздейді. Тәуекел деңгейін бағалау негізінде ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін тексерулер жойылады.
Кәсіпкерлік қызметті реттеудегі жаңа тәсілдерді іске асыру бизнеске жүктемені түбегейлі азайтуға және жаңа экономикалық нақты жағдайда іскерлік белсенділікті дамытуға серпін беруге мүмкіндік береді.