Ағымдағы жылғы қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстан экономикасының өсу көрсеткіші 3,4%-ға дейін жеделдеді.
Осы есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша қызмет көрсету секторындағы динамиканың жандануы, нақты сектордағы өсу қарқынының сақталуы, сауда балансының оң сальдосының нығаюы, өндіруші емес секторлардағы жоғары инвестициялық белсенділік байқалуда.
Осы жылдың қаңтар-қыркүйегінде нақты сектордағы өсім 3,5%-ды құрады.
Қызмет көрсету секторында іскерлік белсенділік 2,9%-ға дейін өсті.
Салалар арасында ақпарат және байланыс, құрылыс, сауда, сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі жоғары өсім көрсетуде. Сондай-ақ ауыл шаруашылығында да оң өсім байқалып отыр.
Экономикалық өсудің маңызды факторы ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту болып отыр. Оның ішінде қомақты инвестицияларды өндіруші емес салаларға тарту байқалуда.
Ағымдағы жылдың тоғыз айында тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда негізгі капиталға инвестициялардың өсу қарқыны 15,1%-ды құрады.
Инвестиция құрылыс саласында – 1,3 есеге, өңдеу өнеркәсібінде – 80,6%-ға, саудада – 37,8%-ға, ауыл шаруашылығында – 36,7%-ға, ақпарат және байланыста – 14,3%-ға, жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында –18,9%-ға және қаржы саласында – 15,6%-ға өсті.
Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент, Алматы қалаларында және Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалуда.
Ағымдағы жылғы қаңтар-тамызда сыртқы сауда тауар айналымы 62,8 млрд АҚШ долларын құрап, оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 37,5 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ретте, өңделген тауарлар экспорты 23,2%-ға өсіп, 12,1 млрд АҚШ долларына дейін жетті.
Тауарлар импорты 25,4 млрд АҚШ долларын құрады.
Жалпы, оң сауда балансы өткен айға қарағанда 1,7 млрд АҚШ долларына өсіп, 12,1 млрд АҚШ долларын құрады.
Өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсу үрдісін сақтап отыр. Ағымдығы жылғы қаңтар-қыркүйекте сала бойынша өндіріс көлемі 5,7%-ға өсті.
14 өңір бойынша оң өсу көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсу Алматы қаласында, сондай-ақ Алматы және Қостанай облыстарында байқалуда.
Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша фармацевтикалық өнім өндіру 38,1%, машина жасау – 22,8%, оның ішінде автомобиль жасау – 31,6%, вагондар мен локомотивтер өндірісі – 50,5%, сондай-ақ құрылыс материалдары – 10,1%, пластмасса бұйымдары – 31,4%, дайын металл бұйымдары – 17,2%, киім – 14% және жиһаз – 14,9% деңгейінде серпінді өсуді көрсетіп отыр.
Өткен 9 ай бойынша орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 9,7%-ға өсіп, құрылыс саласы жоғары қарқын көрсетуде.
Көрсеткіштің оң өсімі барлық өңірлер бойынша тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Алматы қаласында, сондай-ақ Маңғыстау және Ақмола облыстарында байқалуда.
Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша жалпы алғанда оң динамика сақталуда.
Есепті кезеңде 10,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Көрсеткіштің өсуі 8%-ды құрады.
Оң динамика 14 өңір бойынша тіркелді, олардың арасында ең жоғарғы көрсеткіш Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалуда.
Ауыл шаруашылығында өсім 1,4%-ды құрады.
Саладағы өндірістің оң өсуі 14 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсуді Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары көрсетті.
7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдай мынадай.
Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсу Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қостанай облыстарында және Шымкент қалаларында байқалуда.
6 көрсеткіш бойынша 7 өңірде өсу байқалады. Олар Нұр-Сұлтан қаласы, сондай-ақ Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары.
4 өңірде 5 көрсеткіш бойынша өсу тіркелді.
Батыс Қазақстан облысында 4 көрсеткіш бойынша өсу байқалуда.
Орталық және жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аудару ұсынылып отыр.
1. Сапалы инвестицияларды тарту мен сүйемелдеу бойынша мемлекеттік басқарудың барлық сатыларында белсенді және мақсатты жұмыс жүргізу.
2. Өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс саласында жоспарланған өсу қарқынын қамтамасыз ету.
3. Инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар кешенін тиімді жүзеге асырылуын ерекше бақылау.
4. Халықты вакцинациялау және кәсіпкерлікті қолдау шараларын тиімді жүзеге асыру.
5. Шикізаттық емес экспортқа кешенді түрде қолдау көрсету.
Жоғарыда аталған шараларды іске асыру еліміздің тұрақты және сапалы экономикалық өсуіне мүмкіндік береді.