Еліміздің 2022–2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мынадай параметрлер ескеріле отырып қалыптастырылды:
2020 жылғы жалпы ішкі өнім бойынша есептік статистикалық деректерді және ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларындағы экономиканы дамыту қорытындылары;
Халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуі бойынша жаңартылған болжамдары. Мәселен, әлемдік экономиканың 2022 жылы 4,9 пайызға, 2023 жылы - 3,5 пайызға өсуі күтілуде;
Халықаралық қаржы ұйымдарының консенсус-болжамы бойынша 2022 жылы мұнай бағасының барреліне 64,5 АҚШ доллары, ал, 2023 жылы - 58,0 АҚШ доллары деңгейінде болады.
Бюджеттік жоспарлауға негіз ретінде базалық сценарий алынды. Ол мұнай бағасын барреліне 60 АҚШ доллары деп болжайды.
2022 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 3,9 пайыз деңгейінде болжануда. 2026 жылы 5,2 пайызға дейін жетеді. 5 жыл ішінде жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсу қарқының 4,8 пайыз құрайды.
Шикізаттық емес сектор сапалы өсудің негізгі драйверлерінің бірі және экономика тұрақтылығының түйінді факторы болады. Осылайша, өңдеу өнеркәсібі орташа алғанда 4,1 пайыз деңгейінде өседі және тау-кен өндіру өнеркәсібінің өсу қарқынынан асып түседі.
2022 жылы мұнай өндіру 87,9 миллион тоннаны құрап, 2026 жылы 107,4 миллион тоннаға дейін ұлғаяды. Мұнай өндірудің өсуі 2023 жылы Каспий құбыр консорциумы мұнай құбырының қазақстандық учаске бойынша қуатын арттыру үшін оның тар жерлерін жою жобасын іске асыру есебінен күтілуде.
Ауыл шаруашылығында орташа жылдық өсу 5,0 пайызды, құрылыста – 3,9 пайызды құрайды.
Қызмет көрсету өндірісі орташа алғанда 5,4 пайызға өседі.
2022 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 87,1 триллион теңгені, ал 2026 жылы 119,9 триллион теңгені құрайды. Халықтың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 2022 жылы 10,7 мың АҚШ долларынан 2026 жылы 14,2 мың АҚШ долларына дейін өседі.
2022 жылы тауарлар экспорты 60,1 миллиард АҚШ доллары деңгейінде болжанып отыр және 2026 жылға дейін 79,8 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғаяды.
Тауарлар импорты 2022 жылы 40,8 миллиард АҚШ долларынан 2026 жылы 43,4 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғаяды.
Сауда балансының сальдосы 19,3 миллиард АҚШ долларынан 36,4 миллиард АҚШ долларына дейін өседі.
Жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 2022 жылы 4,0-6,0% пайыз, 2023-2024 жылдары 4,0-5,0 пайыз, 2025-2026 жылдары – 3-4 пайыз шегінде сақталған.
Осы макроэкономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, бюджеттік параметрлердің мынадай болжамы әзірленді.
Республикалық бюджеттің кірістері 2022 жылы болжамдар бойынша 9,2 триллион теңгені, 2023 жылы - 9,7 триллион теңгені, 2024 жылы - 10,4 триллион теңгені құрайды.
Кепілдендірілген трансфертті 2022 жылы - 2,4 триллион теңге, 2023 жылы - 2,2 триллион теңге және 2024 жылы - 2,0 триллион теңге мөлшерінде айқындап, әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыруға бағыттау ұсынылып отыр.
Осыны ескере отырып, Ұлттық қордан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасы әзірленіп, қарау үшін енгізіліп отыр.
Бұдан басқа, Ұлттық қордан 2022 жылы 550 миллиард теңге мөлшерінде, 2023-2024 жылдары жыл сайын 400 миллиард теңгеден нысаналы трансферт тарту ұсынылады.
2022 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге қатысты 3,3 пайыз деңгейінде, кейіннен 2024 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 2,5 пайызға дейін төмендеумен болжанып отыр.
2022 жылы мұнай емес тапшылық жалпы ішкі өнімге қатысты 8,1 пайызды құрап, кейіннен 2024 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 6,3 пайызға дейін төмендейді.
Республикалық бюджеттің шығыстары 2022 жылы 15,9 триллион теңге, 2023 жылы - 15,6 триллион теңге және 2024 жылы - 16,0 триллион теңге көлемінде болжанып отыр.
Мұнай бағасы барреліне 60 АҚШ доллары болған кезде мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін түсімдер болжам бойынша 2022 жылғы 2,5 триллион теңгеден 2024 жылы 3,0 триллион теңгеге дейін өседі.
Жоспарланған трансферттерді ескере отырып, болжам бойынша Ұлттық қордың валюталық активтері 2022 жылғы 55,3 миллиард АҚШ долларынан 2024 жылы 61,6 миллиард АҚШ долларына дейін өседі.
2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы Елбасының стратегиялық бастамаларына, жалпыұлттық басымдықтарға қол жеткізуге, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға, «Нұр-Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру бағытталған.