Меню

Страницы

Статья

ҚР әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021 жылғы қаңтар-шілдедегі қорытындылары туралы ҚР Үкімет отырысындағы Ұлттық экономика министрі Ә.А. Ерғалиевтің баяндамасы

Ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан экономикасы жедел қарқынмен қалпына келе бастады жәнеқазіргі таңда 2,7% өсуді көрсетті.

Осы есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша нақты сектордағы динамикалық және тұрақты өсу, қызмет көрсету секторындағы динамиканың жеделдеуі, өндіруші емес секторлардағы инвестицияның жоғары өсуі, сауда балансының оң сальдосының сақталуы байқалуда.

Нақты сектор экономиканың орнықты даму факторы болып отыр. Осы жылдың қаңтар-шілдесінде нақты сектордағы өсім 3,6%-ға дейін жеделдеді.

Іскерлік белсенділік қызмет көрсету саласында 2,0%-ға дейін өсті.

Салалар арасында ақпарат және байланыс, құрылыс, сауда, сумен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі, электрмен жабдықтау жоғары өсім көрсетуде. Сондай-ақ ауыл шаруашылығында  да жақсы өсім байқалып отыр.

Экономикалық өсудің маңызды факторы ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту болып отыр. Оның ішінде өндіруші емес салаларда инвестиция тарту белсенділігі байқалуда.

Осыған байланысты, есепті кезеңде тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, негізгі капиталға инвестициялардың өсу қарқыны 18,3%-ды құрады.

Инвестиция құрылыс саласында – 2,3 есеге, өңдеу өнеркәсібінде – 83%-ға, ақпарат және байланыста – 48%-ға, ауыл шаруашылығында – 46%-ға, саудада – 40%-ға, жылжымайтын мүлікпен операциялар 16%-ға және көлікте – 8,3%-ға өсті.

Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шымкент және Алматы қалаларында байқалуда.

Ағымдағы жылғы қаңтар-маусымда сыртқы сауда тауар айналымы 45,3 млрд АҚШ долларын құрап, оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 27 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ретте, өңделген тауарлар экспорты 25%-ға 8,9 млрд АҚШ долларына дейін өсті.

Тауарлар импорты 18,3 млрд АҚШ долларын құрады.

Жалпы, сауда балансы 8,7 млрд АҚШ долларын құрап, оң деңгейінде сақталды.

Өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсу үрдісін сақтап отыр. Өндіріс көлемі 5,9%-ға өсті.

14 өңір оң өсу көрсетті. Ең жоғарғы өсу Алматы қаласында, Алматы және Қостанай облыстарында байқалуда.

Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша фармацевтикалық өнім өндіру 39%, машина жасау – 22,7%, оның ішінде автомобиль жасау – 34,7%, вагондар мен локомотивтер өндірісі – 37,7%, құрылыс материалдары – 13,2%, пластмасса бұйымдары – 24,7%, дайын металл бұйымдары – 20,4% серпінді өсуді көрсетіп отыр.

Ағымдығы жылдың жеті ай ішінде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 11,1%-ға өсіп, құрылыс секторы жоғары қарқын көрсетуде.

Көрсеткіштің оң өсімі барлық өңірлер бойынша тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Түркістан және Маңғыстау  облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалады.

Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша да оң динамика байқалуда.

Ағымдағы жылғы қаңтар-шілдеде 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Көрсеткіштің өсуі 10,3%-ды құрады.

Есепті кезеңде барлық өңірлер оң өсім көрсетті. Ең жоғарғы өсім Атырау, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалады.

Ауыл шаруашылығында 2,4% өсім байқалуда.

13 өңірде оң динамика тіркелді. Ең жоғары өсуді Ақмола, Жамбыл және Павлодар облыстары көрсетті.

7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдай мынадай.

Барлық 7 көрсеткіш бойынша оң өсу 4 өңірде – Алматы, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында байқалады.

Ал, 6 көрсеткіш бойынша 9 өңірде өсу байқалады. Олар Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары, сондай-ақ
Нұр-Сұлтан қаласы.

3 өңірде 5 көрсеткіш бойынша өсу тіркелді.

Батыс Қазақстан облысында тек 3 көрсеткіш бойынша өсу байқалуда.

Жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аудару ұсынылып отыр.

  1. Белсенді түрде инвестициялар тарту, инвесторлармен нақты жұмыс жүргізу, әрбір инвестициялық жобаның экономикалық тұрғыда тиімділігін арттыру.
  2. Шағын және орта бизнеске байланысты мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді түрде іске асыру және ASHYQ жобасын кеңейту.
  3. Уақытылы егін жинауды және құрылыс жұмыстарының маусымын тиімді жүргізуді қамтамасыз ету.
  4. «Еңбек» және «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламалары шеңберінде тұрақты және уақытша жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету.
  5. Азық-түлік тауарларына тұрақты мониторинг және бағаның шамадан тыс өсуін тежеу бойынша шаралар қабылдау.

Жоғарыда аталған шараларды іске асыру еліміздің макроэкономикалық тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.

Дата публикации
11 августа 2021
Дата обновления
11 августа 2021
Тип
Баяндама

Сейчас читают

Біз туралы БАҚ
07 октября 2026
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің «Власть» порталындағы айдары
Біз туралы БАҚ
07 октября 2026
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айдары
Біз туралы БАҚ
07 октября 2026
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айдары

Социальные медиа

Twitter
Facebook
Telegram

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы