Қарауға Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы ұсынылып отыр.
Министрлік мемлекеттік органдармен бірлесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрақты жұмыс орындарын құруға тікелей және жанама әсерлердің жоғары әлеуеті бар жобаларды іріктеу бойынша жұмыс жүргізді.
Кешенді жоспар инвестициялық жобаларды іске асыруды, көлік және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды, әлеуметтік саланы, туризмді дамытуды, сондай-ақ қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді көздейтін 142 іс-шарадан тұрады.
Жоспарды іске асыруға жалпы 3,6 трлн. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 530,6 млрд.теңге, жергілікті бюджеттен – 348,5 млрд. теңге, жеке инвестициялардан – 2,7 трлн. теңге қажет.
Ауыл шаруашылығын дамыту саласында 810 млрд. теңгеге 93 инвестициялық жобаны іске асыру, сондай-ақ Түркістан қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құру, су тартқышты және сорғы станциясын реконструкциялау, ауыл шаруашылығы техникасы мен тракторлар паркін 37%-ға жаңарту көзделген.
Нәтижесінде 2025 жылға қарай ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы өнімі 695 млрд. теңгені құрайды, ал ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2,5 есе артады.
Бұдан басқа, өңірдің туристік әлеуетін дамыту мақсатында «Қасқасу» тау шаңғысы курортына инфрақұрылым жүргізу, Түркістан қаласында туристік-рекреациялық орталық, 3 қонақ үй, рухани-мәдени орталық және басқаларын салу жоспарлануда.
Нәтижесінде 2025 жылға қарай облыста туристер саны 2,5 млн. адамға дейін артады.
Халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында тұрғын үй, көлік және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жобалар іске асырылатын болады.
Қалалар мен ауылдарда сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау жүзеге асырылады. Сондай-ақ газбен жабдықтау, электр желілерін жаңғырту және салу жөніндегі жұмыстар жүргізілетін болады.
Нәтижесінде халықтың 100%-ы сумен, 85,4%-ы газбен қамтамасыз етіледі, электр желілерінің тозуы 49,6%-дан 46,4%-ға дейін төмендейді.
Сонымен қатар, 4,9 млн. шаршы метр тұрғын үй, оның ішінде 1,4 млн. шаршы метр кредиттік және жалға берілетін тұрғын үй салу және пайдалануға беру жоспарлануда.
Облыстың автожолдары: Шымкент қаласының оңтүстік-батыс айналма жолы, Сарыағаш қаласының айналма жолы, Түркістан қаласының шығыс айналма жолы, сондай-ақ Түркістан-Шымкент-Ташкент жүрдек теміржол магистралі салынады.
Жалпы Кешенді жоспар шеңберінде, республикалық және жергілікті маңызы бар 2,3 мың км жолды жөндеу және қайта жаңғыртумен қамту ұсынылады, бұл 2025 жылға қарай жергілікті маңызы бар жолдардың үлесін 99,5%-ға дейін жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жеткізуге мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау саласында 570 төсектік көп бейінді аурухана, ауысымда 500 адам қабылдайтын үш емхана, жедел медициналық жәрдем станциясы, сондай-ақ ана мен бала орталығы салынады.
3 ауысымды және апатты мектептерді жою, сондай-ақ оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында 130 жаңа мектеп салынады.
Сонымен қатар, Назарбаев зияткерлік мектебі мен жатақханасы бар «Дарын» мектеп-интернатының құрылысы жоспарланған.
Сонымен бірге, Күлтөбе қалашығының кесенелерін, тарихи нысандарын қалпына келтіру, Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру және тағы басқалар жоспарланған.
Сондай-ақ, дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтарды қамтуды 45%-ға дейін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіледі. Ол үшін теннис орталығы, мұз сарайы, ат-спорт кешені және басқа да объектілер салынады.
Бұдан басқа, өңірдің қоғамдық құқықтық тәртібін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қарастырылған. Атап айтқанда, полиция департаментінің ғимараттар кешені мен жедел басқару орталығы, өрт сөндіру депосы салынады.
Кешенді жоспарды іске асыру 2025 жылға қарай шамамен 40 мың жаңа жұмыс орнын құруды, негізгі капиталға инвестициялар 3 есе және өнеркәсіп көлемінің 35%-ға өсуін, еңбек өнімділігінің 52,1%-ға ұлғаюын, халықтың нақты кірістерінің 54,8%-ға өсуін қамтамасыз етеді.
Кешенді жоспарды уақтылы және толық іске асыру нәтижесінде 2025 жылы жалпы өңірлік өнімнің нақты өсуі 6,3%-ды құрайды.
Жалпы, Кешенді жоспарды орындау өңірдің экономикалық әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді, жеке инвестициялардың келуіне серпін береді және халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етеді.