Ағымдағы жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсарғаны байқалуда.
Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, нақты секторда өсу 7,9%-ға дейін жеделдеді, ал негізгі капиталға инвестициялар 34% деңгейде өсті.
Жылдық инфляция 7,0%-ға дейін баяулады.
Нақты сектордың көп салалары тұрақты өсуді көрсетті. Олар құрылыс, сумен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі, электрмен жабдықтау және ауыл шаруашылығы салалары. Сонымен қатар, ақпарат пен байланыс саласында 9,9%-ға өсу байқалды.
Нәтижесінде, жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны осы жылғы қаңтар-ақпандағы минус 2,9%-дан қаңтар-наурызда минус 1,6%-ға дейін жақсарды.
Өңдеу өнеркәсібі салаларында өсу қарқынының жеделдеуі байқалады. Серпінді өсу машина жасауда 21,8%-ға, оның ішінде автомобиль құрастыруда – 20,7%-ға.
Құрылыс материалдары өндірісі – 30,1%-ға, химиялық өнімдер өндірісі – 14,2%-ға, пластмасса өнімдері өндірісі – 22,3%-ға, киім өндірісі – 25,8%-ға, жиһаз өндірісі – 19,2%-ға, фармацевтика – 9,1%-ға өсті.
Өңдеу өнеркәсібінде өсудің жоғарылау үрдісі сақталып отыр. Өсу 7,5%-ды құрады.
13 өңір оң өсу көрсетті. Ең жоғарғы өсу бетон, тазартылған алтын және теміржол локомотивтері өндірісінің өсуі есебінен Нұр-Сұлтан қаласында; металл конструкциялар, автобустар мен бетон өндірісінің өсуі есебінен Алматы қаласында; темекі өнімдері мен аккумуляторлар өндрісінің өсуі есебінен Алматы облысында байқалады.
Өңдеу өнеркәсібінде төмендеу 3 өңірде байқалып отыр: бензин, керосин және мазут өндірісінің қысқаруы салдарынан Атырау облысында, болат құбырлар мен профильдер, бензин мен дизель отыны өндірісінің төмендеуі салдарынан Батыс Қазақстан облысында, мақта және табиғи уран өндірісінің азаюы салдарынан Түркістан облысында.
Көптеген өңірлерде жоғары инвестициялық белсенділік сақталуда. Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, инвестициялардың орташа өсуі 34%-ды құрады.
Инвестициялардың айтарлықтай өсуін өңдеу өнеркәсібі – 2,4 есе, ақпарат және байланыс – 63%, ауыл шаруашылығы – 55%, көлік – 42%, құрылыс – 39%, сауда – 29% және жылжымайтын мүлікпен операциялар – 16% көрсетті.
Күн электрстанциялары мен көпфункционалды туристік кешенін салу есебінен Түркістан облысында; өнеркәсіп нысандарын салу мен өндіріс құрылғыларын алудың өсуі есебінен Шымкент қаласында, тұрғын үй және әлеуметтік нысандар мен инженерлік инфрақұрылым салу есебінен Алматы қаласында ең жоғарғы көрсеткіштер байқалады.
Инвестициялар бойынша 2 өңір төмендеу көрсетіп отыр. Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының азаюы салдарынан Батыс Қазақстан облысында, Теңіз кен орнын келешекте кеңейту жобасы мен ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының азаюы салдарынан Атырау облысында.
Құрылыс секторындағы өсу қарқыны жеделдеді. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 13,1%-ға ұлғайды.
Көпфункционалды қонақ үй-туристік кешенінің құрылысы бойынша жұмыстардың аяқталуына байланысты Маңғыстау облысын қоспағанда, барлық өңірлер оң өсім көрсетті.
Жоғары өсу Түркістан облысында мәдениет және спорт нысандары, көп пәтерлі тұрғын үйлер, магистралдық газ құбыры мен көлік жолдары құрылысының ұлғаюына байланысты; Солтүстік Қазақстан облысында – денсаулық сақтау, білім беру және ауыл шаруашылығы объектілерін салуға байланысты; Алматы қаласында – метро, білім беру объектілерін салу және электр желілерін дамыту есебінен байқалады.
Ағымдағы жылғы қаңтар-наурызда 2,9 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың кезеңінен 8,6%-ға жоғары.
Павлодар облысынан басқа барлық өңірлер оң өсім көрсетті.
Тұрғын үйді ең көп 5,9 есе пайдалануға беру Шымкент қаласында байқалды.
Ауыл шаруашылығында 2,8% деңгейінде тұрақты өсу байқалды.
13 өңірде оң серпін байқалып отыр. Мал мен құс еті, сүт өндірудің артуы есебінен Ақмола облысы ең жоғарғы өсуді көрсетті.
Бұл ретте, төмендеу Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелді.
7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлік бөліністегі жалпы жағдай мынадай.
6 көрсеткіш бойынша оң өсім Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалды.
5 көрсеткіш бойынша 6 өңір оң өсім көрсетті. Олар Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы.
7 өңірде 4 көрсеткіш бойынша өсу тіркелді. Бұл орташа деңгей.
2 өңірде 3 көрсеткіш бойынша оң өсу байқалады.
Бұл ретте, сауда бойынша оң аймаққа Алматы облысынан басқа, Шығыс Қазақстан, Атырау облыстары енді.
Қойылған міндеттерді іске асыру үшін орталық және жергілікті атқарушы органдарға экономикалық өсуді ынталандырудың мынадай шараларына назар аудару ұсынылып отыр.
Жоғарыда көрсетілген шараларды іске асыру, қазіргі жағдайда экономикалық белсенділікті қолдауға мүмкіндік береді.