А.ж. 26 ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің 2025 жылға дейінгі дамуының Ұлттық жоспары бекітілді.
Ұлттық жоспар Қазақстанның 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімдік даму стратегиясын және Жалпыұлттық басымдықтарды іске асыру үшін әзірленген Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бірінші деңгейдегі құжаты болып табылады.
Жоспар коронакризис салдарын нивелирлеуге, сондай-ақ жаңа жағдайларда тұрақты және инклюзивті экономиканы дамытуға бағытталған ортамерзімдік перспективадағы елдің жаңа экономикалық бағытының негізгі параметрлерін қалыптастырады
2018 жылы қабылданған 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары елді үшінші жаңғырту процестерін іске қосты. Алайда, пандемия әсер еткен жаһандық экономика дамуының күрт өзгеруі негізгі даму сценарийін түбегейлі өзгертіп, «жаңа ақиқатты» қалыптастырды.
Ұлттық жоспар барлық саладағы міндетті құрылымдық өзгерістерге байланысты жаңа экономикалық ақиқатты ескере отырып әзірленді.
Бірінші. Экономикалық трендтер. Пандемия нәтижесінде әлемдік ЖІӨ бейбіт уақыттағы рекордтық 3,5%-тік деңгейге дейін төмендеді. Бұл ретте жаһандық борыш жаңа тарихи шекке жетті.
Әлемдік мұнай және басқа да тауар нарығындағы жағдай айтарлықтай өзгерді.
Пандемия өзін-өзі қамтамасыз ету және протекционизм трендін күшейте отырып, жаңа әлемдік сауда тәртібін қалыптастырады.
Өндірістік процестер жеткізілім сенімділігін арттыра отырып, өндіріс құнын азайтуға назар аударудың нәтижесінде аймақтық сипатқа ие болады.
Инвестициялық белсенділіктің жаһандық төмендеуі жағдайында сапалы инвестициялар тарту үшін бәсекелестіктің күшеюі байқалады.
Екінші. Технологиялық трендтер. Пандемия әсерінен қоғам мен экономиканы цифрландыру процесі тоқтаусыз жүрмек.
Виртуалдық өзара іс-қимыл форматы күнделікті жәйтке айналды, ал цифрлық технология бизнестің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі себебі болмақ.
Жаңа вирустардың пайда болу ықтималдығы цифрлық технологияларды белсенді енгізуге назар аудара отырып, денсаулық сақтау жүйесінің даму деңгейіне жаңа талаптар қалыптастырады.
«Жасыл» экономикаға көшу жеделдетілуде, киберқауіпсіздіктің маңыздылығы артып келеді.
Үшінші. Коронакризис әлемдегі теңсіздіктің өсу тенденциясын жеделдетеді. Біріншіден, бұл жұмыссыздықтың айтарлықтай өсуіне байланысты.
Әлеуметтік қорғау жүйесіне жүктеме өседі.
«Білім экономикасының» қалыптасуынан туындаған еңбек нарығындағы құрылымдық өзгерістер жеделдетілуде.
Білім беру модельдері өзгеруде, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері шиеленісіп, денсаулық сақтау жүйесін дамыту тәсілдері түбегейлі қайта қаралуда.
«Жаңа нақтылық» жағдайында Ұлттық жоспар жеті негізгі қағидатқа негізделетін дамудың жаңа моделін қалыптастыруды қамтамасыз етеді:
Дамудың жаңа траекториясына шығу халықтың өмір сүру сапасы мен табысының нақты өсуін қамтамасыз етеді.
Ұлттық жоспар азаматтардың әл-ауқаты, институттардың сапасы және мықты экономика атты үш бағыт бойынша 10 жалпыұлттық басымдықтан тұрады.
«Әділ әлеуметтік саясат» жалпыұлттық басымдығы нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге және әлеуметтік саламаттылықты қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі шараларды іске асыруды көздейді.
Еңбек нарығын қалпына келтіру және жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін жұмыс істеп тұрған жұмыс орындарын жаңғырту және жаңа жұмыс орындарын құру жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Еңбек қатынастарының жаңа прогрессивтік нысандарын енгізу жұмыспен қамтудың икемді нысандарын дамытуды қамтамасыз етеді.
Тұрақты өз бетінше білім алу және біліктілікті арттыру үшін жағдайлар жасалады, сондай-ақ жұмыс орындарын болжау жүйесі жетілдіріледі.
Әлеуметтік қамсыздандыру саласы жаңа Әлеуметтік кодексімен реттелетін болады.
2025 жылға қарай қабылданған шаралардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,7%-тен аспайтын деңгейге төмендейді.
Мемлекеттің әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар бойынша барлық әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалатын болады.
Инфляция деңгейін ескере отырып, әлеуметтік төлемдерді индекстеу қамтамасыз етіледі, сондай-ақ әлеуметтік қызмет көрсетудің өтінім нысанынан анықтау нысанына көшу жүзеге асырылады.
«Қолжетімді және тиімді денсаулық сақтау жүйесі»" жалпыұлттық басымдығы адамдардың денсаулығын жақсартуға, қолдауға және қалпына келтіруге, сондай-ақ қазіргі және болашақ ұрпақтың игілігіне ықпал ететін тұрақты денсаулық сақтау жүйесі тұжырымдамасын дамытуды көздейді.
Медициналық көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, кадр әлеуетін және ғылыми медицинаны дамытуға, денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық кеңістігін құруға, сондай-ақ саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған батыл шаралар іске асырылатын болады.
Нәтижесінде дәрігерлердің жалақысы 2023 жылға қарай 2,5 есе өседі.
2025 жылға қарай азаматтардың денсаулық көрсеткіштерін жақсартуға бағдарлана отырып, адам-орталық медицинасына көшу жүзеге асырылады, сондай-ақ ауылдарда және қалаларда сапалы медициналық қызмет көрсетуге кепілдік беріледі.
Барлық өңірлерде 20 заманауи медициналық орталық, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 2 ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника салынады.
Бұл ұзақмерзімдік кезеңге арналған сапалы денсаулық сақтау инфрақұрылымын қамтамасыз етудегі айтарлықтай мәселелерді оң шешеді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жетеді.
«Сапалы білім беру» жалпыұлттық басымдығы жаңа экономикалық бағытты іске асыру үшін бәсекеге қабілетті адами капиталды дамытуды көздейді.
Білім беру жүйесін жаңғырту оның сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталатын болады.
2023 жылға қарай мұғалімдердің жалақысы 2 есе өседі.
2025 жылға қарай мектепке дейінгі мекемелерде балаларды 100% ықтимал қамту орындалады.
Барлық білім беру ұйымдарында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалатын болады.
2025 жылға дейін білім беруге қолайлы жағдай туғызу үшін 800 жаңа мектеп салынады. Бұл апатты және үшауысымдық мектеп, орын тапшылығы проблемаларын шешуге мүмкіндік береді.
«Бірыңғай интеграцияланған білім беру онлайн-платформасы» жобасы іске қосылады.
Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша ел өңірлерінде 2 жетекші ЖОО құрылатын болады.
Еліміздің бәсекеге барынша қабілетті 20 университетінің базасында Академиялық артықшылық орталықтары құрылатын болады.
«Азаматтардың мүддесін қорғайтын әділ және тиімді мемлекет» жалпыұлттық басымдығы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толыққанды іске асыра отырып, заңның нақты үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық негіздерді жетілдіруді көздейді.
Нәтижесінде экономикалық қызметті ынталандыру, өмір сүру сапасын жақсарту және азаматтар құқықтарының қорғалу деңгейін арттыру үшін жағдайлар жасалатын болады.
Сот жүйесіне және сот төрелігінің сапасына деген сенімді арттыру оның тәуелсіздігін дамыту, цифрлық құралдарды енгізу, сондай-ақ азаматтық сот ісін жүргізуді жаңғырту есебінен қамтамасыз етілетін болады.
Құқық қорғау органдарының сервистік моделіне көшу жүзеге асырылатын болады.
Азаматтар мен бизнестің мүдделерін жетілдіру, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының өкілеттіктері мен жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырату арқылы қорғау қамтамасыз етілетін болады.
Сыбайлас жемқорлық көріністеріне қоғамдық иммунитетті арттыру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру мен іске асыруға қоғам мен бизнесті тарту бойынша жұмыс жалғасады.
«Мемлекеттік басқарудың жаңа моделі» жалпыұлттық басымдығы халық пен бизнестің мүдделерін қанағаттандыруға бағдарланған мемлекеттік басқарудың сервистік және «адамға бағдарланған» моделін енгізуді көздейді.
Мемлекеттік басқарудың тиімділігіне интеграцияланған тәсіл енгізілетін болады.
Ашық үкіметті дамыту жалғасады.
Шағын және тиімді мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік секторды қалыптастыру бойынша жүйелі шаралар іске асырылатын болады.
Барлық шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай мемлекеттік органдардың барлық қызметтері автоматтандырылады және электрондық форматқа ауыстырылады, мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектордың саны 25%-ке қысқарады.
«Патриотизм құндылықтарын дәріптеу» жалпыұлттық басымдығы қайратты және жауапты адамдардың біртұтас ұлтының қалыптасуына, ұлттық бірегейлікті сақтауға және әрбір азаматтың санасын жаңғыртуға бағытталған шараларды іске асыруды көздейді.
Жастардың өзін-өзі танытуы, сондай-ақ қайырымдылық мәдениетінің деңгейін арттыру үшін жағдайлар жасалады.
«Ұлттық қауіпсіздікті нығайту» жалпыұлттық басымдығы ҚР 2025 жылға дейінгі Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы шеңберінде ұлттық мүдделерді тиімді қорғауды қамтамасыз етуді көздейді.
Оны іске асыру нәтижесі қоғамдық қауіпсіздікті 80%-ке дейін қамтамасыз ету, жасырын экономика үлесін 15%-ке дейін төмендету болады.
Экономикалық қатынастардың жаңа жүйесін қалыптастыру жағдайында әртараптандырылған және инновациялық экономиканы дамытуға бағытталған құрылымдық реформалар іске асырылатын болады.
Басымдықтардың бірі «жаңа парақтан бастау» және «реттеуші гильотинаны» реттеу тетіктерін енгізе отырып, қағидатты жаңа реттеушілік саясатты қалыптастыруды, бизнеске жүктемені төмендетуді, сондай-ақ қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейтуді көздейтін кәсіпкерлікті дамытудың «жаңа күн тәртібін» іске асыру болады.
Нәтижесінде экономикадағы орта кәсіпкерліктің үлесі 15%-ке дейін, ШОБ-та жұмыс істейтіндердің саны 4 млн. адамға дейін өседі.
Экономиканың базалық салаларында қосылған құны жоғары өндірісті дамыту бойынша сапалы жаңа тәсілдер іске асырылатын болады (АӨК, көлік, логистика, байланыс, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, сауда).
Экономиканы индустрияландыру жөніндегі жұмыстың негізгі нәтижесі өңдеуші өнеркәсіп өнімінің көлемін 1,5 есе ұлғайту болады.
АӨК-те негізгі басымдық ауқымды және кешенді экожүйелерді қалыптастыруға арналады.
Осы мақсатта 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын тарта отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша 7 ірі экожүйе құрылатын болады.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 1,3 есеге, қайта өңделген АӨК өнімінің үлесі 70%-ке дейін ұлғаяды.
Экономика салаларын цифрландыру, жасанды интеллект және Big Data элементтерін енгізу жөніндегі шараларды іске асыру жалғасады.
Салаларды технологиялық жаңарту және цифрландыру бойынша жағдайлар жасау үшін цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша белсенді жұмыс жалғасады.
Ел халқының 99%-і сапалы Интернетке қол жеткізе алады.
Барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалар 5G жоғары жылдамдықты Интернетпен қамтылатын болады.
Туризмді дамыту жөніндегі белсенді шаралар экономика саласының үлесін ЖІӨ-нің 8%-іне дейін өсіруге мүмкіндік береді.
Үйлестірілген макроэкономикалық саясат салық-бюджет тұрақтылығын сақтау және тиімді монетарлық саясатты іске асыру, сондай-ақ бәсекелі және тиімді қаржы нарығын дамыту есебінен қамтамасыз етілетін болады.
«Экономикалық және сауда дипломатиясын белсенді дамыту» жалпыұлттық басымдығы Қазақстанның нақты бәсекеге қабілеттілігін арттыруды және оның әлемдік экономикалық қоғамдастықтың жауапты қатысушысы ретіндегі мәртебесін нығайтуды көздейді.
Сыртқы экономикалық саясатта инвестицияларды белсенді және таргеттелген тарту, сондай-ақ қазақстандық экспортты ілгерілету маңызды басымдыққа айналады.
Нәтижесінде 2025 жылға қарай тікелей шетелдік инвестиция көлемін 30 млрд. долларға жеткізу жоспарлануда. Бұл негізгі капиталға инвестиция деңгейін 30% деңгейінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, мұны әлемнің неғұрлым серпінді дамып келе жатқан экономикаларымен салыстыруға болады.
Шикізаттық емес экспорт 2 есе 41 млрд. долларға ұлғаяды.
«Теңгерімді аумақтық даму» жалпыұлттық басымдығы өңірлердің әлеуетін ашуды және олардың әлеуметтік-экономикалық жүйелерінің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуды көздейді.
Кеңістіктік даму саясаты басқарылатын урбанизацияны және «адамдар инфрақұрылымға» қағидатын, сондай-ақ елдің тірек қаңқасын және бірыңғай ішкі экономикалық кеңістікті бірге қалыптастыратын «экономикалық дәліздерді» ескере отырып, «өсу жерлерін» дамытуға бағытталатын болады.
Нәтижесінде 2025 жылға қарай урбанизация деңгейі 62,6%-ті құрайды.
Солтүстік, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлердің өнеркәсіптік әлеуетін ашу, сондай-ақ елдің батыс, орталық және орталық-шығыс өңірлерінде өнеркәсіптің «жаңа бөліністерін» дамыту жөніндегі шаралар іске асырылатын болады.
2025 жылға қарай әрбір тірек ауылға дейінгі барлық республикалық және жергілікті жол қайта жаңартылып, жөнделеді.
3,5 мыңнан астам ауыл жаңа өңірлік стандарттарға сәйкес жаңғыртылады.
Елдегі барлық тұрғын сумен жабдықтау қызметіне қол жеткізе алады.
Қалаларда ресурстарды ұтымды пайдалану мен басқару үшін жоғары технологиялық шешімдерді қолдана отырып, «Smart City» тұжырымдамасын іске асыру жалғасады.
«Жасыл» технологияларды дамыту және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шараларды іске асыру жалғастырылады.
2025 жылға дейінгі Стратегиялық көрсеткіштер картасы Ұлттық жоспардың міндеттерін іске асырудағы прогрестің көрсеткіші болады.
Карта жауапты мемлекеттік органдарды бекіте отырып, салалар, өңірлер бойынша құрылымдалған үш бағыт бойынша 41 көрсеткіштен тұрады.
Ұлттық жоспарды іс жүзінде іске асырудың нәтижесі 2025 жылға қарай экономиканың өсуін 5%-тен асатын деңгейде қамтамасыз ету болмақ.
Жоспарды іске асыру қазіргі кезеңдегі сын-қатерлерді еңсеруге және ортамерзімдік перспективада халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатының артуымен қатар жүретін орнықты және сапалы экономикалық өсу траекториясына шығуға мүмкіндік береді.