Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына жолдауын іске асыру жөніндегі жалпы ұлттық жоспардың 99-тармағымен микро және шағын кәсіпкерлік үшін жиынтық жүктемені 34%-дан 25%–ға дейін төмендете отырып, еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлемді енгізу тапсырылды.
Көрсетілген жүктеме 34% мөлшерінде салықтар мен әлеуметтік төлемдердің номиналды мөлшерлемелерінің жиынтық сомасы болып табылады, олардың бір бөлігі қызметкердің жалақысынан ұсталады, ал бір бөлігін жұмыс беруші қызметкер үшін төлейді.
Қызметкердің жалақысынан міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) – 10%, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар (МӘМС) – 2%, жеке табыс салығы (ЖТС) – 10% ұсталады. Жұмыс беруші қызметкер үшін әлеуметтік салықты (СН) – 6%, әлеуметтік аударымдарды (СН) – 3,5%, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдарды (МӘМС) – 3% төлейді.
Президенттің тапсырмасын іске асыру үшін бұл төлемдерді жүктемені азайта отырып, бір төлемге біріктіру ұсынылады.
Бұл тәсіл арнаулы салық режимдерін қолданатын микро және шағын бизнес субъектілеріне қатысты қолданылатын болады.
Төленген әлеуметтік төлемдердің мөлшері қызметкерлердің болашақ әлеуметтік және зейнетақы төлемдеріне әсер ететінін ескере отырып, салық есебінен жүктемені төмендету көзделеді.
Осылайша, бірыңғай төлем салықтар мен жалақы төлемдерін есептеуді жеңілдетіп қана қоймай, салық жүктемесін азайтуға да мүмкіндік береді.