Қарау үшiн Елдің 2024–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024–2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заңының жобасы енгізіліп отыр.
Болжам халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуі бойынша күтулерін, сыртқы нарықтардағы конъюнктураны ескере отырып қалыптастырылды.
ХҚҰ болжамдарына сәйкес әлемдік экономика 2024 жылы 3% деңгейінде өсетін болады. Консенсус-болжамға сәйкес, 2024 жылы мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 80 АҚШ долларын құрайды.
Сыртқы параметрлердің өзгеруіне байланысты дамудың үш сценарийі қаралды.
Базалық сценарий кезінде мұнайдың орташа бағасын барреліне 80 АҚШ доллары деңгейінде алу ұсынылады. Болжам бойынша 5 жыл ішінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсуі 5,8%-ті құрайды.
Инфляция 2024 жылы 6-8%, 2025 жылы 5,5-7,5% деңгейінде айқындалды, кейіннен 2026–2028 жылдары 5%-ке дейін төмендейді.
2024 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі 5,3%-ті құрайды, кейін 2028 жылы 6%-ке дейін өседі. Номиналды ЖІӨ 2024 жылғы 135 трлн теңгеден 2028 жылы 218,5 трлн теңгеге дейін өседі.
Экономиканың барлық базалық салаларында өсу күтілуде. Мәселен, өнеркәсіпте орташа жылдық өсу қарқыны 4%-ті, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 4,9%-ті, тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 3,1%-ті құрайды.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемінің орташа жылдық өсімі 4,5%-ті құрайды.
Құрылыс саласындағы болжамды өсу орта есеппен 8,8%-ті, саудада – 7,4%-ті құрайды.
Экспорт көлемі 2024 жылы 83,1 млрд АҚШ долларынан 2028 жылы 94,8 млрд АҚШ долларына дейін ұлғаяды, импорт 60,7-ден 65,6 млрд АҚШ долларына дейін өседі.
Макроэкономикалық көрсеткіштер болжамының негізінде 2024–2026 жылдарға арналған бюджеттік параметрлер болжамы қалыптастырылды.
Республикалық бюджеттің кірістері болжамдары бойынша 2024 жылы 16,1 трлн теңгені құрайды, бұл ЖІӨ-нің 11,9%-ін, 2026 жылы – 18,4 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 10,7%-ін құрайды.
2024 жылы ұлттық ауқымдағы әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 1,6 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт тарту жоспарлануда.
2024 жылы бюджет тапшылығын 2025–2026 жылдары ЖІӨ-нің тиісінше 2,4%-ке және 2,3%-ке дейін төмендете отырып, ЖІӨ-нің 2,6%-і деңгейінде айқындау ұсынылады.
Мұнайға қатысты емес тапшылық деңгейі 2024 жылы ЖІӨ 6,5%-тен 2026 жылы ЖІӨ-нің 4,6%-ке дейін төмендеумен болжануда.
Осыны ескере отырып, республикалық бюджет шығыстары 2024 жылғы 24 трлн теңге көлемінде болжануда, яғни ЖІӨ-нің 17,8%-ін, 2026 жылы – 25,2 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 14,6%-ін құрайды.
Сонымен қатар Сіздердің қарауларыңызға «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024–2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заң жобасы енгізіледі.
Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2024 жылы барреліне 43,4 АҚШ доллары, 2025-2026 жылдары барреліне 40,2 – 41,8 АҚШ доллары деңгейінде белгіленген.
Осыны ескере отырып, мемлекеттік қаржының теңгерімділігін қалпына келтіру үшін 2024-2026 жылдары республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері жыл сайын 2 трлн теңге соммасында айқындалды.
Біздің болжамдарымыз бойынша, орта мерзімді кезеңде Ұлттық қордан алып қоюдың жоғарғы шегін белгілеу фискалдық тәртіпті арттыруға және Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтуге мүмкіндік береді.
Мәселен, Ұлттық қорға түсетін түсімдердің жалпы көлемі 2024 жылы 7,5 трлн теңге, 2025 жылы 8,3 трлн теңге, 2026 жылы 8,3 трлн теңге көлемінде болжануда.
Ұлттық қордың таза қаражаты 2024 жылы 3,9 трлн теңге, 2026 жылы 6,3 трлн теңге көлемінде жоспарлануда.
Трансферттерді жоспарлы пайдалануды, сондай-ақ қорды басқаруға байланысты шығыстарды ескере отырып, Ұлттық қордың валюталық активтері 2024 жылы 68,0 млрд АҚШ доллары, 2026 жылы 93,3 млрд АҚШ доллары көлемінде болжанады.
Сонымен қатар 2024–2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы Заңының жобасын іске асыру мақсатында «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022–2024 жылдарға арналған нысаналы трансферттер бөлу туралы» Президенттің Жарлығына өзгеріс енгізу туралы» қаулысының жобасы әзірленді.
Жобада нысаналы трансфертті 2024 жылы 400 млрд теңгеден 1,6 трлн теңгеге дейін ұлғайту көзделіп отыр.
Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, 2024–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының, «Ұлттық қордан 2024–2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заңының және «Ұлттық қордан 2022–2024 жылдарға арналған нысаналы трансферттер бөлу туралы» Жарлығына өзгеріс енгізу жобаларын қолдауларыңызды сұраймын.