Қарау үшін «Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасы ұсынамыз.
Аталған құжатта «Институтта жұмыс атқаратын Қазақстан Республикасының азаматтары өздеріне төленетін айлық төлемдері мен сыйақыларына салық салудан босатылмайды» деген ескертпе көзделгенін атап өткен жөн.
Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институты туралы жалпылама ақпарат мынадай:
- Институт Орталық Азия елдерінде экономикалық өсуді жеделдету мақсатында 11 елдің және 7 халықаралық ұйымның қатысуымен құрылды.
- Институт кеңсесі Бішкек қаласында өткен Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының 13-ші Министрлік конференциясының шешімі негізінде 2015 жылдың 15 наурызында Үрімшіде ресми түрде ашылды.
- Ұйымның бас кеңсесін Қытай Халық Республикасында орналастыру туралы шешімді қатысушы елдер дауыс беру тәсілімен шығарған болатын. Оған басты себеп – ҚХР кеңсені өтеусіз негізде беріп, оның жұмысына қаржылай үлес қосты.
Қазіргі уақытта Институтта 35 қызметкерлер жұмыс істейді.
Институтқа жұмысқа тұру ұйым сайтында жарияланатын конкурс арқылы іске асырылады.
2017 жылғы 1 қыркүйекте Институт үкіметаралық ұйымның ресми мәртебесін алған болатын.
Қазақстан өткен жылдың 21 ақпанында Институтты құру туралы келісімге қол қойып, байқаушы мәртебесіне ие болды. Аталған Келісім ратификацияланғаннан кейін Қазақстан Институттың толыққанды мүшесі болады.
Айта кететін маңызды жайт, мүшелік жарнаны төлеу-төлемеу – Қазақстанның өз еркінде қалады. Бұл елдің дауыс беру құқығына әсер етпейді. Өйткені, Ұйымның Басқарушы кеңесі барлық шешімдерді мүше елдердің консенсусы негізінде қабылдайды.
Сонымен қатар, Институтқа мүше ел депозитарийге жазбаша хабарлама табыстау арқылы Ұйым құрамынан кез-келген уақытта шыға алады.
Аталған Институт мүше елдерге қызмет көрсету мақсатында Бағдарламаның операциялық басымдықтарының бірі ретінде айқындалған білім базасы болып табылады.
Институттың негізгі қызметі – зерттеулер жүргізу, семинарлар, форумдар және тренингтер мен конференциялар өткізу, сонымен қатар инновациялық шешімдерді ұсынып, зерттеу нәтижелері мен қорытындыларды тарату, сондай-ақ, Орталық Азия өңірінде ғылыми-зерттеу институттары желісін дамыту болып табылады.
Осылайша, Институттың 5 кластерлік бағыты айқындалған. Олар:
- экономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету;
- сауда, туризм және экономикалық дәліздерді құру;
- инфрақұрылым және экономикалық байланыстарды дамыту;
- ауыл шаруашылығы және су ресурстарын мәселелерін шешу;
- адами капиталды дамытудың сапасы мен тиімділігін арттыру.
Заң жобасы қабылданған жағдайда, Қазақстан Институттың толыққанды мүшесі бола алады және келесі мүмкіндіктерге ие болады:
1) Институттың білім базасына қолжетімділік пайда болады;
2) Институт қазақстандық зерттеу жобаларды қаржыландырады;
3) Институттың Қазақстан Республикасында филиалын құру мүмкіндігі пайда болады. Бұл, өз кезегінде, жергілікті ғылыми әлеует деңгейін арттыруға, қосымша жұмыс орындарын ашуға және бизнес-туризмді дамытуға мүмкіндік береді.
Келісімді ратификациялау теріс саяси, құқықтық, қаржы-экономикалық салдарға әкелмейді, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді.