Меню

Страницы

Статья

Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу туралы

Сайлау – қазіргі заманғы қоғамды демократияландырудың маңызды институты, халықтың ерік-жігерін білдіру, оның мемлекеттік басқаруға қатысуының негізгі нысандарының бірі.

Көптеген шет елдердің тәжірибесі көрсеткендей, тікелей сайлау кезінде жергілікті атқарушы органның басшысы (әкім) өз сайлаушылары алдында үлкен жауапкершілікті сезінеді, бұл оның жұмысының нәтижесіне оң әсер етеді.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері мәслихаттың келісімімен облыс әкімі тағайындайтын саяси қызметшілер болып табылады.

Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің тікелей сайлауын енгізуге 2021 жылы аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу ықпал етті.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысының (2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы) азаматтарға аудан әкімдерін пилоттық режимде сайлауға мүмкіндік беру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін облыс аудандары мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін тікелей сайлауды енгізу бойынша заңнамалық түзетулер әзірледі.

Бұл нормалар «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңында және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңында (бұдан әрі – заңдар) көзделген.

Ағымдағы жылғы 5 қарашада жоғарыда аталған заңдарға ҚР Президенті қол қойды.

Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау 2023 жылдан бастап пилоттық режимде, 2025 жылдан бастап қалған аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда жаппай өткізіле бастайды.

Сайлауды пилоттық режимде өткізу үшін облыстардың мәслихаттары облыс әкімінің ұсынысы бойынша қалыптастырылатын аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың (облыстың әкімшілік орталығын қоспағанда) тізбесін, сондай-ақ сайлау өтетін күнді бекітетін болады.

Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдеріне кандидаттарды ұсынуды ауыл әкімдерінің сайлау процесіндегідей, яғни тіркелген саяси партиялардың өзін-өзі ұсынуы және жоғары тұрған әкімнің ұсынуы арқылы жүзеге асыру жоспарлануда.

Айта кететін жәйт, жоғары тұрған әкім кандидатураларды мынадай ерекше жағдайларда ғана ұсынады:

- егер ұсыну мерзімі аяқталған кезде бір ғана кандидат болса – балама ретінде облыс әкімі екінші кандидатты ұсына алады;

- не кандидаттар мүлдем болмаса – онда облыс әкімі екі кандидатураны ұсынады.

Өзін-өзі ұсынған кандидат өз қолдауы үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте тұратын сайлаушылардың кемінде 1% қолын жинауы керек.

Кандидаттар ҚР заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінде сайлау жарналарын енгізуге тиіс. Егер сайлау қорытындылары бойынша кандидат әкім болып сайланған жағдайда немесе дауыс беру қорытындылары бойынша кандидат дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының кемінде бес пайызын жинаса, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген жарналар кандидатқа немесе саяси партияға қайтарылады. Қалған жағдайларда сайлау жарнасы кандидатқа қайтарылмайды.

Сондай-ақ тіркелгенге дейін кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніне активтер мен міндеттемелер туралы декларация тапсырады. Анық емес мәліметтер ұсынылған кезде аумақтық сайлау комиссиясы кандидатты тіркеуден бас тартуға құқылы.

Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлау науқанын өткізудің жалпы кезеңі шамамен 60 күнді құрайды, оның ішінде сайлау өткізу кезеңі қорытындыларды шығаруға және нәтижелерді белгілеуге бөлінген күндерді есептемегенде 50 күнді құрайды.

Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдеріне кандидат Қазақстан Республикасының азаматы болуы және жасы                       25 жастан төмен болмауы, сондай-ақ жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келуі тиіс.

Кандидат еңбек өтілі бойынша талаптардың 11 нұсқасының біріне де сәйкес келуі тиіс. Бұл ретте мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесінің болуы міндетті емес.

Мысалы, кемінде бес жыл жұмыс өтілі, оның ішінде орташа жылдық штат саны кемінде елу адам болатын орта кәсіпкерлік субъектілерінің не коммерциялық емес ұйымдардың басшы лауазымдарында кемінде екі жыл жұмыс өтілі немесе Президенттік жастар кадрлық резервіне алынған адамдар үшін кемінде бес жыл жұмыс өтілі және тағы басқалар болуы мүмкін.

Сайланатын әкімнің өкілеттік мерзімі – 4 жыл. Бұл ретте бір адам қатарынан екі реттен артық аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі болып сайлана алмайды.

Сонымен қатар аудан және облыстық маңызы бар қала мәслихаттарына мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша әкімге өз міндеттерін тиісінше орындамаған жағдайда сенімсіздік білдіру туралы мәселені қарау жөніндегі өкілеттіктер беріледі. Бұл жағдайда мәслихат депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен әкімге сенімсіздік білдіруге және жоғары тұрған әкімнің алдына оны қызметтен босату туралы мәселе қоюға құқылы.

Осылайша, заңдар саяси бәсекелестікті дамытуға және елдің саяси өміріндегі азаматтық қоғамның рөлін арттыруға бағытталған. Жалпы, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін тікелей сайлау:

- азаматтардың конституциялық құқықтарын толыққанды іске асырудағы белсенділігін арттыруға;

- халықтың билікке деген сенімін және әкімнің халық алдында есеп беруін күшейтуге;

- әкімнің халықтың қажеттіліктері мен проблемаларына ден қою жеделдігін арттыруға;

- «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді.

Алдағы сайлау Қазақстанның сайлау жүйесін дамытудың маңызды кезеңі, ауқымды өңірлік сайлау науқандарын ұйымдастыру мен өткізудің жаңа практикалық тәжірибесін жинақтау үшін негіз болады.

Дата публикации
01 декабря 2022
Дата обновления
01 декабря 2022
Тип
Талдамалық мақала

Сейчас читают

Біз туралы БАҚ
07 октября 2026
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің «Власть» порталындағы айдары
Біз туралы БАҚ
07 октября 2026
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айдары
Біз туралы БАҚ
07 октября 2026
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айдары

Социальные медиа

Twitter
Facebook
Telegram

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы