- Жалпы макрокөрсеткіштер
Алдын ала бағалау бойынша 2019 жылғы қаңтар-тамызда ЖІӨ-нің өсуі
2018 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 4,3%-ті құрады.
6 негізгі саланың (өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік, байланыс) даму серпінін қамтитын қысқа мерзімді экономикалық индикатор 104,8%-ті құрады.
Инфляция ағымдағы жылғы тамызда жыл басынан бастап (2018 жылғы желтоқсанға қарағанда) 3,0%-ті құрады. Азық-түлік тауарларының бағалары 6,1%-ке, азық-түлік емес тауарлардың бағалары 2,9%-ке өскенде, ақылы көрсетілетін қызметтердің бағалары 0,6%-ке төмендеді.
Жылдық мәндегі инфляция 2018 жылғы тамызда 6,0%-ке қарағанда
5,5%-ті құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы 9,0%-ке, азық-түлік емес тауарлардың бағасы – 5,7%-ке, ақылы көрсетілетін қызметтер бағасы – 0,8%-ке өсті.
Айлық инфляция 2019 жылғы тамызда 0,2% құрады.
Магистральды газ құбырын, күн электр станциясын, өндіріс объектілерін салу және өндірістік жабдықтарды сатып алу, тау-кен өнеркәсібі объектілерін, әлеуметтік объектілерді, тұрғын үйді, инфрақұрылымды жаңғырту есебінен негізгі капиталға инвестициялар көлемі а.ж. қаңтар-тамызда 10,7%-ке (2019 жылғы қаңтар- мамырда 7,8%-ке, 2019 жылғы қаңтар-маусымда 11,7%-ке, 2019 жылғы қаңтар-шілдеде 11,3%-ке ұлғайды) ұлғайды.
Салалар бөлінісінде инвестициялардың елеулі өсуі кәсіби, ғылыми және техникалық қызметінде (80,6%-ке 43,2 млрд. теңгеге дейін), ауыл шаруашылығында (57,1%-ке 263,7 млрд. теңгеге дейін), өнер, ойын-сауық және демалыста (46,2%-ке 85,2 млрд. теңгеге дейін), құрылыста (30,9%-ке 71,2 млрд. теңгеге дейін), саудада (20,4%-ке 144,7 млрд. теңгеге дейін), өнеркәсіпте (17,7%-ке 4 713,0 млрд. теңгеге дейін) және жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда
(12,2%-ке 990,9 млрд. теңгеге дейін) байқалды.
Елдің халықаралық резервтері 2019 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 87,8 млрд. АҚШ долларын құрады және 2018 жылдың тиісті күнімен салыстырғанда 0,2%-ке көбейді (жыл басынан бері 1,3%-ке азайды), оның ішінде Ұлттық Банктің алтын-валюта активтері 7,5%-ке 28,2 млрд. АҚШ долларына дейін (жыл басынан бері 8,7%-ке) төмендеді. Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері 4,3%-ке 59,9 млрд. АҚШ долларына дейін (жыл басынан бері 2,7%-ке) ұлғайды.
Халықтың жан басына шаққандағы номиналды ақшалай кірістері
2019 жылғы қаңтар-шілдеде 686,0 мың теңгені құрады және 2018 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда номиналды мәнде 10,0%-ке, нақты мәнде 4,7%-ке өсті.
Орташа айлық номиналды жалақы 2019 жылғы қаңтар-тамызда (бағалау) 179,9 мың теңгені құрады және номиналды мәнде 13,5%-ке, нақты мәнде 7,9%-ке ұлғайды.
Жұмыссыздық деңгейі 2019 жылғы тамызда (бағалау) 4,8%-ті құрады.
- Экономика салаларындағы ахуал
2019 жылғы қаңтар-тамызда құрылыста (11,8%-ке), саудада (7,6%-ке), көлік саласында (5,5%-ке), ауыл шаруашылығында (3,6%-ке), байланыста (3,4%-ке) және өнеркәсіпте (3,2%-ке) өсудің оң серпіні байқалды.
2019 жылғы қаңтар-тамызда өнеркәсіп өндірісінің көлемі өңдеу өнеркәсібінің озық қарқынмен 3,3%-ке өсуінің есебінен 3,2%-ке ұлғайды. Саладағы оң серпін машина жасаудың 18,0%-ке, жеңіл өнеркәсібінің - 17,4%-ке, сусындар өндірудің – 15,2%-ке, фармацевтикалық өнімдерді өндірудің - 13,8%-ке және мұнай өңдеу өнімдерін – 7,4%-ке ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді.
Кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс 3,1%-ке дейін жылдамдады. Кен өндірудегі өсудің мұндай қарқыны металл кендерін (ағымдағы жылғы тамызда 2018 жылғы тамызға қарай 20,1% - ке өсу) және мұнайды (тамызда 6,0% - ке) өндірудің ұлғаюына байланысты.
Электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа 2,7%-ке өсті.
Сумен жабдықтау және кәріз жүйесі 6,0%-ке ұлғайды.
Өсімдік шаруашылығы өнімдері өндірісінің 3,9%-ке және мал шаруашылығы - 3,5%-ке ұлғаюы есебінен ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің өсуі 3,6%-ке дейін жылдамдады. Осымен қатар тірі салмақтағы мал мен құстың сойылған көлемі 4,7% - ке, шикі сиыр сүті сауымы - 3,2% - ке және алынған тауық жұмыртқасының саны 0,4% - ке өсті.
Өнеркәсіп объектілерін, автомобиль жолдарын, білім беру объектілерін және көп пәтерлі тұрғын үйлерді салу және қайта жаңарту жөніндегі жұмыстарды жүргізу есебінен құрылыс жұмыстарының көлемі 11,8%-ке артты. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру 7 610,8 мың шаршы метрді құрады.
- Қаржы секторы
2019 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша экономика салаларына екінші деңгейдегі банктердің кредиттері 13 224,1 млрд. теңгені құрады және 2019 жылдың басынан бастап 1,0%-ке ұлғайды. Заңды тұлғаларға берілетін кредиттер жылдың басынан бастап 9,2%-ке 7 072,4 млрд. теңгеге дейін төмендеді. Бұл ретте жеке тұлғаларға берілетін кредиттер 16,0%-ке 6 151,8 млрд. теңгеге дейін өсті.
2019 жылғы қаңтар-тамызда жаңадан берілген кредиттердің көлемі
9 394,8 млрд. теңгені құрады және 2018 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 10,9%-ке өсті.
Берілген кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі 2019 жылғы тамызда 14,3%-ті құрады.
Ұзақ мерзімге берілген кредиттер бойынша 2019 жылғы қаңтарда 15,8%-тен а.ж. тамызда 17,2%-ке дейін жоғарлау, қысқа мерзімді кредиттер бойынша
12,5%-тен 11,7%-ке дейін төмендеу байқалып отыр.
Қысқа мерзімді кредит беру көлемі 2019 жылғы қаңтар-тамызда
2018 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 11,4%-ке 5 089,9 млрд. теңгеге
(үлесі 54,2%) дейін, ұзақ мерзімді кредит беру көлемі 10,4%-ке 4 305,0 млрд. теңгеге (үлесі 45,8%) дейін ұлғайды.
2019 жылғы қаңтар-тамызда жаңа кредиттер негізінен саудаға
(3 349,0 млрд. теңге – үлесі 35,6%) және өнеркәсіпке (1 217,0 млрд. теңге – үлесі 13,0%) бағытталды.
Құрылысқа 274,3 млрд. теңге (үлесі 2,9%), көлік саласына – 235,3 млрд. теңге (үлесі 2,5%), байланысқа – 115,2 млрд. теңге (үлесі 1,2%), сондай-ақ ауыл шаруашылығына – 89,1 млрд. теңге (үлесі 0,9%) бағытталды.
Депозиттер 2019 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 17 534,8 млрд. теңгеге жетіп, жылдың басынан бері 5,5%-ке қысқарды, оның ішінде заңды тұлғалардың депозиттері – 10,1%-ке 8 894,0 млрд. теңгеге дейін, жеке тұлғалардың депозиттері – 0,2%-ке 8 640,8 млрд. теңгеге дейін қысқарды.
Ұлттық валютадағы депозиттер үлесі 2018 жылғы желтоқсанда 51,6%-тен 2019 жылғы тамызда 56,2%-ке дейін ұлғайды.
Айналыстағы қолма-қол ақша (М0 - банк жүйесінен тыс ақша) көлемі жыл басынан бастап 0,6%-ке қысқарып, 2 247,7 млрд. теңгені құрады.
Ақша массасы (М3 - айналыстағы қолма-қол ақшаның және банктік емес резидент заңды тұлғалардың және халықтың ұлттық және шетел валютасындағы аударылатын және басқа да депозиттерінің сомасы) 2019 жылдың басынан бастап 5,0%-ке
19 782,5 млрд. теңгеге дейін қысқарды.
2019 жылғы тамызда теңгенің АҚШ долларына қатысты ресми бағамы 1 АҚШ долларына 384,2-387,7 теңге ауқымында құбылды, 2019 жылғы
қаңтар-тамызда орташа есеппен 1 АҚШ долларына 380,6 теңгені құрады.
- Төлем теңгерімінің көрсеткіштері
Төлем теңгерімінің ағымдағы операциялары шотының теріс сальдосы 2019 жылғы 1 жартыжылдықта 1 920,1 млн. АҚШ долларын немесе ЖІӨ – ге қатысты 2,6% құрады.
Тікелей шетелдік инвестициялардың таза ағыны 1 061,8 млн. АҚШ долларын құрады, бұл 2018 жылғы 1 жартыжылдықтағы деңгейінен 68,1%- ке төмен (3 331,5 млн. АҚШ доллары).
Алдын ала бағалау бойынша 2019 жылғы қаңтар-шілдеде Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 53,8 млрд. АҚШ долларын құрады және 2018 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,7%-ке ұлғайды. Өсу импорттың 11,7% - ке (20,9 млрд. АҚШ долл.) ұлғаюуына байланысты. Экспорт 3,7% - ке (32,9 млрд. АҚШ долл.) төмендеді.
- Мемлекеттік бюджеттің көрсеткіштері
Мемлекеттік бюджетке түсімдер 2019 жылғы қаңтар-тамызда
8 407,1 млрд. теңгені құрады және жылдық жоспарға қатысты
66,3%-ке орындалды, оның ішінде трансфертті есепке алмағандағы
кірістер – 6 021,6 млрд. теңге. Шығыстар 8 909,7 млрд. теңгені құрады және жылдық жоспарға қатысты 63,0%-ке орындалды, оның ішінде
шығындар –8 398,6 млрд. теңге немесе 62,0%. Дефицит 502,6 млрд. теңгені немесе ЖІӨ-ге қатысты 0,7% құрады.
Республикалық бюджетке түсімдер 7 002,5 млрд. теңгені құрады және және жылдық жоспарға қатысты 66,3%-ке орындалды, оның ішінде трансфертті есепке алмағандағы кірістер – 4 363,3 млрд. теңге. Шығыстар 7 725,1 млрд. теңгені құрады және жылдық жоспарға қатысты 64,7%-ке орындалды, оның ішінде шығындар – 7 271,1 млрд. теңге немесе 63,6%. Тапшылық 722,6 млрд. теңгені немесе ЖІӨ-ге қатысты 1,1% құрады.
Қазақстанның мемлекеттік борышы 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 15 448,7 млрд. теңгені (40,7 млрд. АҚШ доллары) немесе болжамды ЖІӨ-ге қарағанда 22,9% құрады, оның ішінде ішкі борыш – болжамды ЖІӨ-ге қарағанда 14,9%, сыртқы борыш – болжамды ЖІӨ-ге қарағанда 8,0% құрады.