ТМД Экономикалық кеңесі (ТМД ЭК) – бұл ТМД-ға мүше мемлекеттер үкімет басшыларының орынбасарларынан тұратын (Әзербайжан Республикасы, Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Молдова Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Түркменстан, Өзбекстан Республикасы) алқалы орган. ТМД ЭК отырыстары тоқсанда бір рет өткізіледі.
Өз қызметінде ТМД үкімет басшылары Кеңесіне есеп береді.
ТМД ЭК қызметінің негізгі бағыттары мыналар:
- ТМД шеңберінде көпжақты экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге, еркін сауда аймағын құруға және жұмыс істетуге, тауарлардың, қызметтердің, жұмыс күші мен капиталдардың еркін қозғалысына негізделген экономикалық ынтымақтастықтың жоғарғы сатыларына көшу үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
- Жеке кәсіпкерлікті дамыту, қаржы-өнеркәсіптік топтардың, қаржы-несиелік және сақтандыру құрылымдарының, бірлескен кәсіпорындардың жұмыс істеуі, нарықтық инфрақұрылымды қалыптастыру, әртүрлі меншік формаларындағы өндірушілер арасында тікелей байланыстар орнату, инвестициялық ынтымақтастықты жолға қою саласындағы ынтымақтастық бойынша ұсыныстар әзірлеу;
- Мүдделі тараптардың өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын, көлікті дамыту, жанармай-энергетикалық және шикізат ресурстарының кен орындарын игеру, транзиттің еркіндігі мәселелерін шешу бойынша бірлескен бағдарламалары мен жобалары әзірлеуі;
- Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет мәселелері бойынша ынтымақтастықты кеңейту.
Күн тәртібінің (және алқалы орган қызметінің) экономикалық бағытын ескере отырып, ҚР-дағы ТМД ЭК-нің Жұмыс органы ҚР Ұлттық экономика министрлігі болып табылады.