Жергілікті өзін-өзі басқарудағы басымдықтар
«Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 18 тамыздағы № 639 Жарлығына сәйкес, «Қарағанды облысы бойынша Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын» облыс әкімі Ж.Қасымбек бекіткен.
Сәйкесінше, бекітілген іс-қимыл жоспарының тармақтарын іске асыру барысында «Ақтоғай ауданы бойынша «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» Заң жобасының негізгі ережелерін халықпен кеңінен талқылауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары» бекітіліп, бекітілген жоспар тармақтарына сәйкес ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері, аппарат қызметшілері, қоғамдық кеңес төрағасы мен мүшелері, ауыл тұрғындары қатысқан бейнеконференцбайланыс (ZOOM) режимінде кеңес өткізіліп, заң жобасы талқылануда.
Заң жобасы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу, олардың құқықтық мәртебесін, қаржы-экономикалық негіздерін айқындайды.
Азаматтарды жергілікті өзін-өзі басқаруға тарту.
Азаматтардың белсенділігі жергілікті өзін-өзі басқару органдарының тиімді қызметінің басты шарты болып табылады. Мемлекеттік органдар, оның ішінде жергілікті өзін-өзі басқару органдары халықпен кері байланыстың қазіргі заманғы құралдарын тиімді пайдалануды үйренуге тиіс. Ауыл әкімінің азаматтар алдындағы ашықтығы мен есептілігі деңгейін арттыру бойынша шаралар қабылдау талап етіледі.
Халықтың шешімдер қабылдауға тартылуы басқару сапасын өзгертуге, азаматтық белсенділікті арттыруға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметін ашық етуге тиіс.
Инфрақұрылымдық және әлеуметтік бастамаларға бағытталған қоғамдық маңызы бар шығыстар бөлігінде онлайн-сауалнамалар қолдануды қоса алғанда, қоғамдық сараптамадан өту тетіктері арқылы жергілікті бюджеттерді бекіту процесіне бақылауды күшейту жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту халықтың құқықтық сауаттылығы мен азаматтық құқықтық санасының деңгейін арттыруды талап етеді. Бұл үшін бірінші кезекте жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелері үшін, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін пайдалана отырып, жергілікті өзін-өзі басқару негіздеріне оқыту бойынша ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын жүргізуді қажет етеді.
Бірнеше жыл бойы елдің қоғамдық-әлеуметтік-саяси дамуына әлеуметтік желілердің әсері күшейгені байқалды, ол коғамдық пікірталастар жүргізуге, азаматтардың хабардар болуына және қоғамдық мәселелерге тартылуына қосымша мүмкіндіктер береді. Цифрлық технологиялардың дамуы көптеген әлеуметтік және экономикалық міндеттерді шешуде қозғаушы күшке айналды.
Қазіргі заманғы трендтерді ескере отырып, Мемлекеттік органдар интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы базасында функционалды іске асыру қажет, онда ауылдық округтердің даму жоспарлары, бюджетке түсетін түсімдер туралы мәліметтер, жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілді органының шешімдері, азаматтық бюджет және басқалар міндетті түрде жарияланатын болады.
Бұл портал жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жергілікті қоғамдастықпен өзара іс-қимыл жасасуына, азаматтық бастамаларды қарау мен басқа мәселелерді шешуге арналған алаңға айналады. Ақпарат әрдайым өзекті және барлық азаматтарға қолжетімді болуға тиіс.
Жергілікті қоғамдастықтарда кезең-кезеңмен жобалар конкурстары өткізілетін болады. Тұрғындардың көпшілігі дауыс беретін, аумақтарды көгалдандыруға, ортақ пайдаланылатын орындарды (саябақтар, скверлер, спорт және ойын алаңдары және өзге де объектілер) жасауға және жөндеуге бағытталған үздік жобалар ауылдық округ бюджетінің мүмкіндіктері ескеріле отырып, одан тиісті бюджеттік бағдарламалар шеңберінде қаржыландырылатын болады, Конкурстарды өткізу үшін қаражат көлемін өкілді орган айқындайтын болады.
Сонымен қатар, қазіргі мәдениет үйлерінің базасында "Community center" (қоғамдық орталық) - ауыл тұрғындарын тарту және ауылдың қоғамдық-мәдени тыныс-тіршілігі орталықтарын ұйымдастыруды көздеу қажет, онда кітапханалар, акт залдары, электрондық мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу үшін жағдайлар, сондай-ақ тұрмыстық қызметтердің басқа да салалары орналасуы мүмкін. Бұл объект жергілікті қоғамдастықтың коллаборациясы (ынтымақтастығы) орнына айналуға тиіс.
Азаматтық білім берудің құрамдас бөліктерінің бірі жастарды жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін қоғамдық бастама танытудың маңызды екенін түсінуге тәрбиелеу болады.
Бұл үшін білім беру ұйымдарында оқушыларды шешім қабылдау процесіне тарту жөніндегі іс-шараларды, оның ішінде пікірсайыстарды, пікірталастарды, өзін-өзі басқару апталарын, конкурстар мен басқаларды көздеу ұсынылады.
Жергілікті қоғамдастық жиындарын калыптастыру тәртібі және олардың өкілеттіктері, сондай-ақ азаматтарды, оның ішінде қазіргі заманғы тәсілдер мен цифрлық технологияларды пайдалана отырып тарту құралдары заңнамалық тұрғыда белгіленетін болады. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың және азаматтық белсенділікті арттырудың тиімді құралы ретіндегі интернет-қоғамдастықтардың маңыздылығын да ескеру қажет.
Жоғарыда көрсетілген іс-шараларды іске асыру жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамытуда табысты сабақтастықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ жергілікті маңызы бар мәселелерді қарау мен шешуді сапалық жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.
Ауылдық округтердегі жергілікті өзін-өзі басқару органдарын жетілдіру.
Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының рөлін арттыру мақсатында жергілікті маңызы бар мәселелер бойынша шешімдер қабылдайтын өкілді орган құру талап етіледі.
Жергілікті қоғамдастық жиыны жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі органы болып табылады, ол жекелеген елді мекендерде немесе елді мекеннің құрамдас бөліктерінде бөлек жиындар өткізу арқылы ауылдық округтерде жергілікті қоғамдастықтың өкілдерінен қалыптастырылады.
Бұл ретте жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің қолданыстағы тәртібін сақтаған жөн.
Жергілікті қоғамдастық жиынының басым міндеттерді, оларды іске асыру мерзімдерін айқындау, жергілікті қоғамдастықты дамыту жоспарын келісу, әкімшілік-аумақтық құрылысты өзгерту, ауылдық округ әкімінің есептерін тыңдау мәселелері бойынша өкілеттіктері кеңейтіледі.
2024 жылдан бастап ауыл,кент,ауылдық округтерде Кеңес құрылатын болады.
Кеңес – халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын және олардың ауыл, кент, ауылдық округ аумағында жүзеге асырылуын бақылайтын жергілікті өзін-өзі басқару органы.
Кеңестің қызметін әкім аппараты (жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігі) қамтамасыз етеді.
Кеңес оның мүшелерінен және төрағасынан тұратын болады.
Кеңес төрағасы Кеңес мүшелерінің қатарынан ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы Кеңес мүшелері жалпы санының көпшілік дауысымен айқындалатын болады. Кеңес төрағасы Кеңес өкілеттігінің мерзіміне сайланады. Кеңес төрағасы қызметін тұрақты негізде жүзеге асыратын лауазымды тұлға (еңбекақы төленетін) болып табылады.
Кеңес құрамы тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының санына байланысты болады.
Кеңес мүшелерін азаматтар төрт жыл мерзімге тікелей сайлайтын болады.
Сайлау процесін ұсынылатын тәсілдермен үйлестіру мақсатында "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында регламенттелген өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлау өткізу тәртібі жаңартылатын болады.
Жергілікті қоғамдастық жиынына Кеңесті тарату өкілеттігі берілетін болады.
Кеңес тиісті аумақта күші бар құқықтық актілерді қабылдайтын болады.
Кеңес қабылдаған құқықтық актілер бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға тиіс болады.
Кеңестің өкілеттіктеріне жергілікті қоғамдастықтың жиынымен келісілген жергілікті қоғамдастықты дамыту жоспарын, бюджетті бекіту, оның атқарылуын бақылауды жүзеге асыру, сондай-ақ жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті аумақта орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар басшыларының тағайындалуын келісу, жергілікті қоғамдастық мүшелерінен қоғамдық медиаторларды сайлау, коммуналдық мүліктің мақсатқа сай пайдаланылуына бақылау, әкім аппараты ақылы негізде көрсететін қызметтер түрлерінің тізбесін бекіту,аудан әкіміне ауыл, кент, ауылдық округ әкімін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізу, елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың қағидаларын бекіту, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті маңызы бар өзге де мәселелер кіретін болады.
Бұдан басқа, Кеңес елді мекендерді абаттандыру, оның санитариясы, көше саудасы, мерекелік іс-шаралар мен конкурстар өткізу мәселелерін реттейтін болады.
Кеңеске жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігі тұрғындарға көрсететін қызметтер үшін тарифтерді бекіту, сондай-ақ заңнамада айқындалған салықтар мен төлемдер мөлшерлемесінің мөлшерін реттеу, мысалы: жер салығының базалық мөлшерлемелерін ұлғайту немесе азайту.
Кеңестің қызметін, отырыстарды дайындау, хаттама жүргізу, Кеңес мүшелерінің қолдарын жинау бөлігінде және басқа да мәселелер бойынша ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз ету аппараттың (әкімшіліктің) функциясы болып табылады.
Кеңес жарты жылда кемінде бір рет халық алдында атқарылған жұмыс туралы есеп береді.
Осылайша, Кеңестің құрылуы азаматтарға барынша жақын өзін-өзі басқарудың төменгі деңгейін құруға негіз болады. Кеңес мүшелерін тікелей сайлау арқылы азаматтар жергілікті қоғамдық-саяси өмірге қатыса алады.
Ауылдық округ әкімі Кеңес шешімдерінің орындалуын ұйымдастыруды және қойылған міндеттерді іске асыруды қамтамасыз етеді.
Ауылдық округ әкімінің негізгі функцияларына: жер қатынастарын реттеу, елді мекендерді сумен жабдықтауды қамтамасыз ету, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын есепке алу және оларға көмек көрсетуді ұйымдастыру, елді мекендерді абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру және санитариялық тазарту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру және басқалар кіреді.
Сонымен қатар, ауылдық округтің әкімі өзіне жүктелген функцияларды іске асыру үшін Кеңес алдында жауапты болады. Өз кезегінде сайланған әкім жүргізіліп жатқан жұмыс үшін халық алдында есеп беретін болады.
Ауылдық округтің әкіміне тыныс-тіршілікті қамтамасыз етудің инфрақұрылымдық және басқа да әлеуметтік маңызды объектілерін дамытуға бағытталған функцияларды беру осы мәселелерді жедел шешуге оңынан ықпал ететін болады.
Жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде икемділікті, жеделділік пен тиімділікті қамтамасыз ету үшін жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігінің қызметіндегі көптеген бизнес-процестер оңтайландырылады.
Осыған байланысты әкімшіліктің кадрлық құрамын қалыптастыру өзгеше тәртіппен жүзеге асырылатын болады.
Әкім аппараты Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен жергілікті атқарушы органдардың жалпы лимиті мен штат санының нормативтері шегінде айқындалатын мемлекеттік қызметшілерден, сондай-ақ еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган әзірлеген және бекіткен жұмыскерлер санының бірыңғай салааралық нормативтеріне сәйкес мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ететін қызметкерлерден тұрады.
Ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеудің кесімді жүйесіне сәйкес өз қызметін жүзеге асыратын еңбек шарты шеңберінде қызметкерлерді жалдауға құқығы бар.
Еңбек шарты бойынша жалданатын қызметкерлердің тізбесі өндірістік қажеттілік ескеріле отырып, Кеңестің шешімі бойынша қалыптастырылады және жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігінің қосалқы қызметі болып табылады.
Бұдан басқа, жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігіне жұмысқа білікті және тәжірибелі кадрларды тарту мақсатында әлеуметтік-қаржылық қолдау шаралары (жалақыға үстемеақы, тұрғын үй беру, біржолғы көтерме төлемдер және басқалар) көзделетін болады.
Жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайту жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің қаржылық мүмкіндіктерін күшейте отырып жалғастырылады.
Жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде жоғары тұрған деңгейге қаржылық тәуелділікті біртіндеп төмендету керек болады. Қолданыстағы кіріс көздері жергілікті өзін-өзі басқару бюджетіне түсімдердің қосымша түрлерін беру есебінен ұлғаяды.
Ауылдық округ әкімі жер учаскелерін меншік иелерінің ұтымды және нысаналы пайдалануына жауапты болғандықтан, жер учаскелерін пайдаланудан түсетін барлық түсімдерді жергілікті өзін-өзі басқару бюджетіне берілді.
Жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс базасын одан әрі кеңейту үшін
2022 жылы бюджеттің төртінші деңгейіне салықтар мен төлемдердің мынадай түрлері:
бірыңғай жер салығы;
жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы;
жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер;
жер учаскелерін жалдау құқығын сатқаны үшін төлемақы берілді.
2024 жылы мынадай салықтар мен төлемдерді беру жалғасады:
су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы;
жекелеген кызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым;
жекелеген кызмет түрлерімен айналысуға арналған лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемақы;
заңды тұлғалардың және жеке кәсіпкерлердің мүлкіне салынатын салық аудан және ауыл арасында бөлу де көзделетін болады.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасының қабылдануы азаматтардың жергілікті деңгейде мемлекетті басқарудағы рөлін күшейтуге мүмкіндік береді. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары дербестік және жергілікті маңызы бар мәселелерді жедел әрі тиімді шешуге мүмкіндік алады.
Жергілікті өзін-өзі басқару халыққа барынша жақын, негізінен оны халық қалыптастырады, оның бақылауында болады және халықтың негізгі өмірлік қажеттілігін қамтамасыз ету мәселесін шешеді.
Жергілікті өзін-өзі басқару ұтымды құрылса, тек жергілікті ресурстардың жұмсауы оңтайланып қана қоймай, сонымен қатар, халықтың билікке деген сенімі едәуір артады.
«Ақтоғай ауданының экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесі