Мемлекеттік бағдарлама – жастарға!

 

Мемлекеттік бағдарлама – жастарға!

 

Қазақстан мемлекеттік басқарудың сапалы жаңа үлгісін орнатуда, ондағы мемлекеттік басқаруды қалыптастыру процесінің басты бағыттарының бірі мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін қалыптастыру және дамыту болып келеді.

«Ақтоғай ауданының экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесі көрсететін мемлекеттік қызмет түріне  «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешені саласының мамандарына, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну» жатады, яғни «Дипломмен ауылға!» бағдарламасын үйлестіруші болып табылады.

Мемлекеттік қызмет электрондық форматта «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы да және "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы қағаз форматта да көрсетіледі.  

Аталған мемлекеттік қызмет бойынша 2021 жылы жолданған өтініштердің 82 пайызы,  үстіміздегі жылдың 10 айында  93 пайызы электрондық форматта «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы  түсіп, белгіленген мерзімде орындалып отырды.

Қазақстан Республикасы «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі Заңының 7 бабы 4 бөлігінің 8 тармағына, «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» Заңы 37-бабының 1-тармағына, «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешені саласының мамандарына, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрығы негізінде, Ақтоғай аудандық маслихатының 2021 жылғы 28 желтоқсандағы №107 шешімі бойынша бюджет қаражаты есебінен  2022 жылы көтерме жәрдемақы беру және тұрғын үй сатып алуға әлеуметтiк қолдау көрсету тәртiбiн айқындалған.

Бағдарламаның басты мақсаты — ауылды елді мекендердегі әлеуметтік салаларды қажетті мамандармен қамтамасыз етіп, мамандарды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көтерме жәрдемақы (100 айлық есептік көрсеткіш – 306 300 теңге), тұрғын үй сатып алуға  жеңілдетілген несие (1500 айлық есептік көрсеткіш – 4 594 500 теңге) 15 жылға дейінгі мерзiмге жылдық 0,01% мөлшерiндегі сыйақысы мөлшерлемесімен бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шараларын алу мүмкіндігі берілген. Биыл айлық есептік көрсеткіш 3063 теңгені құрайды.

         Көрсетілетін қызметті алушыларға көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит беру тиісті қаржы жылына арналған міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларына сәйкес бөлінген сома шегінде жүзеге асырылады.

Ауылдың әлеуетін арттыру үшін құрылған бұл бағдарлама елімізде 2009 жылдан басталып, бүгінгі таңда ауылдық елді мекендерде орналасқан  әлеуметтік салаларды қажетті мамандармен қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарып келеді. Кадр тапшылығы деген мәселені шешуге зор үлесін қосуда.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрығының 6 тармақшасына сәйкес,  «2022 жылға денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері бойынша сұранысқа ие мамандықтардың тізбесі» қалыптастырылып, жыл ішінде  келіп түскен қосымша толықтарулар мен өзгерістер енгізіліп, аудан әкімдігі мен бөлімнің ресми сайтына, интернет ресурстарына, бұқаралық ақпарат құралдарына және Халыққа қызмет көрсету орталықтарына орналастырылады.

Ауданда 2009 жылдан бастап көтерме жәрдемақы, 2010 жылдан бастап тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит беріле басталды.

Қазіргі таңда 400 маман көтерме жәрдемақы алды, оның ішінде: 264 маман білім беру саласынан, 62 маман денсаулық сақтау саласынан, 12 маман әлеуметтік қамсыздандыру саласынан, 18 маман мәдениет саласынан, 13 маман спорт саласынан, 28 маман агроөнеркәсіп кешені саласынан, 3 маман мемлекеттік қызметші.

219 маман бюджеттік кредит алды, оның ішінде: 136 маман білім беру саласынан, 25 маман денсаулық сақтау саласынан, 13 маман әлеуметтік қамсыздандыру саласынан, 14 маман мәдениет саласынан, 13 маман спорт саласынан, 17 маман агроөнеркәсіп кешені саласынан, 1 маман мемлекеттік қызметші.

Келісім-шарт бойынша мамандар үш жылдық мерзiмге дейін ауылда жұмыс істейді. Келiсiмнiң шарттары орындалмаған жағдайда әлеуметтiк қолдау шаралары ретiнде алынған бюджет қаражаты  толық көлемде қайтарылады.  

         Ағымдағы жылы 23 маманға 7 млн. 045 мың теңге көтерме жәрдемақы жоспарланып, 10 ай ішінде 21 адамға 6 432 300 теңге төленді.

Ал тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредитке 16 маманға  72 217 мың теңге жоспарланып, толығымен игерілді.  Алдағы уақытта сұранысқа ие мамандықтар бойынша құжат тапсырған мамандар аудан әкімдігінің қаулысымен кезекке қойылады.

Бүгінде мемлекеттің тарапынан осы бағдарламаның көмегімен ауданға жұмыс істеу үшін және тұру үшін келген мамандар баспаналы болып, бір рет берілетін жәрдемақы алып, отбасын құрып ауданымызда тұрақты жұмыс істеуде. Алайда, тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие алған мамандардың ішінде несиелерін төлемей отырған мамандар да бар.

2022 жылдың 1 қарашасына 35 маманнан мерзімінде төлемеген берешек сома көлемі 5 127 064 теңгені  құрап отыр, оның ішінде: бүгінгі таңда жұмыс жасап отырған  білім саласынан 13 маманнан 253 391 теңге, денсаулық сақтау саласынан 2 маманнан 38 732 теңге, спорт саласынан  1 маманнан 181 теңге, әлеуметтік қамсыздандыру саласынан 2 маманнан 74296 теңге және келісім   мерзімі аяқталып жұмыстан шығып кеткен 10 мамандардан 388 762 теңге.

Сонымен қатар, бюджеттік кредит берешектері 4 371 702 теңгені құрап тұрған 7 мамандардың ісі келісім тармақтары негізінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес сот тәртiбiмен шешiлуде.

Жалпы мемлекеттік бағдарлама белсенді іске асырылып, Үкіметтің тұрақты бақылауында. Бұл жобада мамандарға жүктелер үміт үлкен, сенім мол және де оны ақтауы парыз. Елімізді дамытуда жастар қауымының қосар үлестері зор.

Қазақстанның болашағы жастардың қолында. Осы орайда біз, Қазақстанның жас және еркін азаматтары, қуатты, гүлденген ел құра отырып, келешек Қазақстанды әлемнің дамыған мемлекеттерінің қатарынан көрсек дейміз.

Қорытындылай келе жастарға айтарымыз, мемлекет тарапынан осындай көмекті пайдаланып оқу орнын бітіріп, мамандық иесі болып, біздің ауданымызға келіп жұмыс жасаңыздар!

Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына және көркеюіне атсалысыңыздар демекпіз!

 

«Ақтоғай ауданының экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесі

Мемлекеттік бағдарлама – жастарға!
Дата публикации
07 ноября 2022