GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Қызметі
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Министрлік туралы
Комитеттер
Байланыс ақпараты
Онлайн қабылдау
Үкіметтік емес ұйымдарға арналған әлеуметтік жобалар
Все материалы
21 октября 2026
«Табиғатты таны» | Мінезді қабан

Сырттай ауыр әрі баяу көрінгенімен, қабанның мінезі де, күші де осал емес! 

Ол қаншалықты жылдам жүгіреді? Салмағы қаншаға жетеді? Ал қауіп төнгенде қалай әрекет етеді?

«Табиғатты таны» айдарының бүгінгі шығарылымында осы қайсар жануардың қызықты ерекшеліктерімен таныстырамыз.

👉 Карусельді парақтап, қабан туралы көбірек біліңіз!

21 октября 2026
Инвестициялық жобаларды іске асыру

Бүгін Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі «Junxin Environmental Protection (Almaty)» ЖШС өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Алматы қаласында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауытын салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру мәселелері талқыланды.

Кездесу барысында Қазақстанның басқа өңірлерінде осындай жобаларды іске асыру перспективалары қарастырылды.

Кездесу қорытындысы бойынша Министрлік инвестициялық бастамаларды одан әрі сүйемелдеуге, туындайтын мәселелерді бірлесіп шешуге және қалдықтарды басқару саласындағы қазақстандық-қытайлық ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін білдірді.

20 октября 2026
Орман шаруашылығы қызметкерлері кәсіби мерекеге орай марапатталды

Қазақстан Республикасы Экология жіне табиғи ресурстар министрлігінде Орман шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Жиынға министрліктің, орман шаруашылығы саласының қызметкерлері, табиғат қорғау ұйымдарының өкілдері мен ардагерлер қатысты.

Іс-шара барысында министр орман шаруашылығын дамытуға, табиғатты қорғауға және биоәртүрлілікті сақтауға үлес қосқан сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, марапаттар табыстады.

Атап айтқанда, сала қызметкерлері Министрдің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен, «Орман шаруашылығының үздігі» төсбелгілерімен және «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды.

Сондай-ақ табиғатты қорғау ісіне саналы ғұмырын арнаған сала ардагерлерінің көп жылғы еңбегі ерекше атап өтілді.

Орманшылардың күнделікті еңбегі – еліміздің табиғи байлығын сақтауға және келер ұрпаққа жеткізуге қосылған маңызды үлес.

 

20 октября 2026
Экологиялық реттеу және бақылау комитетінде 2026 жылдың 9 айындағы жұмыс қорытындылары шығарылды

Комитетте алқа отырысы өтіп, онда 2026 жылдың 9 айындағы қызмет қорытындылары шығарылып, жылдың қалған кезеңіне арналған басым міндеттер айқындалды.

Отырыс барысында мемлекеттік экологиялық бақылаудың нәтижелері, атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, автоматтандырылған мониторинг жүйелерін енгізу, экологиялық заңнаманы жетілдіру және аумақтық экология департаменттері жұмысының тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.

Мемлекеттік экологиялық бақылауды күшейту

2026 жылдың 9 айында аумақтық экология департаменттері 1145 тексеру жүргізді. Олардың нәтижесінде экологиялық заңнаманың 3202 бұзушылығы анықталып, 1759 нұсқама берілді.

Жалпы сомасы 95,9 млрд теңгені құрайтын 3020 әкімшілік айыппұл салынды.

Алқа отырысында тексерулерді жүргізу сапасына, нұсқамалардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз етуге, әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алуға және мемлекеттік экологиялық бақылау шараларының нәтижелілігін арттыруға ерекше назар аударылды.

Автоматтандырылған мониторинг жүйелерін енгізу

Өнеркәсіптік кәсіпорындарда шығарындыларды мониторингтеудің автоматтандырылған жүйелерін енгізу жұмыстары жалғасуда.

Мұндай жүйелерді орнатуға міндетті 113 кәсіпорынның 90-ында жабдық орнатылған. Олардың 85-і деректерді Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкіне жіберіп отыр.

Бес кәсіпорында деректерді беруді қосу және тестілеу жұмыстары жалғасуда. Тағы 23 кәсіпорында мониторинг жүйелері енгізіліп жатыр.

Деректерді беру талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік ықпал ету шаралары қабылдануда. Бүгінгі таңда деректерді бермегені үшін жалпы сомасы 30,8 млн теңге болатын 48 әкімшілік айыппұл салынып, өндіріп алынды.

Экологиялық заңнаманы жетілдіру

2026 жылы экологиялық реттеу тетіктерін жетілдіру, бақылау рәсімдерін цифрландыру және табиғат пайдаланушылардың жауапкершілігін күшейту жұмыстары жалғастырылды.

Атап айтқанда, автоматтандырылған мониторинг жүйелерін орнату және деректерді беру талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікке, экологиялық құқық бұзушылықтарды тіркеу тетіктерін жетілдіруге және бақылаушы органдардың өкілеттіктерін ажыратуға қатысты заңнамалық өзгерістер пысықталуда.

Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды өндірісті жаңғыртуды және қоршаған ортаға теріс әсерді кезең-кезеңімен азайтуды көздейтін ең үздік қолжетімді техникаларға және кешенді экологиялық рұқсаттарға көшіру жұмыстары жалғасуда.

Атмосфералық ауаның сапасын жақсарту

Отырыста өнеркәсіптік қалалардағы атмосфералық ауаның ластануы мәселелеріне жеке назар аударылды.

Ластаудың негізгі көздерінің ерекшеліктерін, маусымдық өзгерістер мен метеорологиялық жағдайларды ескере отырып, ауа сапасын жақсарту жөніндегі кешенді шараларды әзірлеу қажеттілігі қаралды.

Аумақтық департаменттерге атмосфералық ауаның жай-күйін талдау және ластануды азайту жөнінде нақты шешімдер әзірлеу үшін жергілікті атқарушы органдармен және «Қазгидромет» РМК-мен өзара іс-қимылды күшейту тапсырылды.

Өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсарту аясында 597 іс-шараны қамтитын 19 жол картасы әзірленді. Оның 276 іс-шарасы іске асырылды.

Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою

2026 жылы 2715 қоқыс үйіндісі анықталып, оның 2565-і, яғни 94%-ы жойылды.

Қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін 239 лауазымды тұлға жалпы сомасы 24 млн теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Аумақтық департаменттердің басым міндеттері

Алқа отырысының қорытындысы бойынша алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды.

Мемлекеттік экологиялық бақылаудың сапасын арттыруға, нұсқамаларды уақтылы орындауға, автоматтандырылған мониторинг жүйелерінен деректердің үздіксіз берілуін қамтамасыз етуге, қоршаған ортаға елеулі әсер ететін кәсіпорындарға бақылауды күшейтуге, сондай-ақ анықталған қоқыс үйінділерінің уақтылы жойылуын қадағалауға ерекше мән берілді.

Сонымен қатар азаматтардың өтініштерін қарау сапасын арттыру, орындаушылық тәртіпті сақтау және халықпен ашық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету міндеттері қойылды.

Аумақтық департаменттер қызметінің тиімділігі ең алдымен қоршаған ортаның ластануын азайтуға және өңірлердегі экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған нақты нәтижелер бойынша бағалануға тиіс екені атап өтілді.

20 октября 2026
Өзен кәмшаты су астында қанша уақыт бола алады?

Су астында бірнеше минут бойы демін ұстай алатын бұл жануардың тағы қандай ерекше қабілеттері бар?

Ол қалай жүзеді, немен қоректенеді және су экожүйесінде қандай рөл атқарады?

«Табиғатты таны» айдарының жаңа шығарылымында өзен кәмшаты туралы қызықты деректер жинадық.

Толығырақ карусельден оқыңыз!

20 октября 2026
Шымкентте тозған шиналарды қайта өңдеу қуаты артты

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен Шымкентте тозған шиналарды қайта өңдейтін кәсіпорынды жаңғырту жұмыстары аяқталды. «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдері есебінен бөлген қаражаттың арқасында «ЭКО Шина» ЖШС-нің жылдық өндірістік қуаты 6 мың тоннадан 10 мың тоннаға дейін ұлғайды.

Өндірісті жетілдіруге «Жасыл даму» АҚ 2024 жылғы қыркүйекте 500 млн теңге бөлді. Қаражат толық игеріліп, жаңғыртылған өндіріс іске қосылды.

Кәсіпорын тозған шиналардан резеңке түйіршіктерін өндіреді. Олар балалар алаңдарына арналған жабындар жасауға пайдаланылады. Сондай-ақ кәсіпорында резеңке-техникалық бұйымдар, соның ішінде тығыздағыштар (сальниктер) шығарылады.

Жобаны іске асыру нәтижесінде кәсіпорынның шиналарды қайта өңдеу қуаты жылына 4 мың тоннаға артып, дайын өнім өндіруге пайдаланылатын қайталама шикізат көлемі ұлғайды.

Еске сала кетейік, «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдері есебінен жалпы сомасы шамамен 116 млрд теңгеге 30 жобаны қаржыландырды. Мұндай жобалар ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес қалдықтарды басқарудың заманауи инфрақұрылымын дамытуға, қайта өңдеу көлемін арттыруға, көмуге жіберілетін қалдықтардың көлемін азайтуға және қайталама шикізатты экономикалық айналымға тартуға ықпал етеді.

 

20 октября 2026
Қазақстан мен Түркия COP31-ге дайындық мәселелерін талқылады

Анкара қаласында (Түркия Республикасы) Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров COP31 президенті, Түркия Республикасының Қоршаған орта, қала құрылысы және климаттың өзгеруі министрі Мұрат Куруммен кездесті.

Кездесудің негізгі тақырыбы Анталья қаласында өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-ші конференциясына (COP31) дайындық мәселелерін талқылау болды.

Ә. Қуантыров Түркияның COP31-дегі төрағалығының басым бағыттарына, атап айтқанда, әлемдегі қалдықтар көлемін азайтуға бағытталған бастамаларына қолдау білдірді.

Қазақстан тарапы Мұрат Курумды өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Сондай-ақ аталған сапар қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, қала құрылысы және сәулет салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді.

М. Курум Қазақстанға COP31-ге дайындық барысында көрсетіп отырған жан-жақты қолдауы мен көмегі үшін алғыс айтып, климаттық күн тәртібін ілгерілету жолында күш-жігерді одан әрі үйлестіру мен бірлескен жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан тарапы Түркияға COP31 конференциясын табысты өткізуді тілеп, халықаралық климаттық күн тәртібі аясында алдағы уақытта да сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін растады.

19 октября 2026
Оңтүстік Алтайда алғаш рет қар барысына спутниктік қарғыбау орнатылды

Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген қар барысына спутниктік қарғыбау орнатылды. Оңтүстік Алтайда алғаш рет жүргізілген бұл жұмыс сәтті аяқталды. Қар барысына «Алтай» деген ат берілді.

Спутниктік қарғыбау арқылы мамандар Алтайдың қай бағытта жүретінін, қандай аумақтарды мекендейтінін және қаншалықты алысқа қозғалатынын бақылайды. Бұл мәліметтер қар барысының тіршілігін зерттеп, оны қорғау жұмыстарын жоспарлау үшін қажет.

Қар барысы көбіне адам бара бермейтін биік тауларда тіршілік етеді. Оны табиғи ортасында бақылау қиын болғандықтан, спутниктік құрылғы зерттеушілерге жануардың қозғалысы туралы нақты деректер алуға мүмкіндік береді.

16 қазанда Ереванда өткен COP17 саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы қар барысының саны шамамен 190 дараққа жеткенін атап өтті. Мемлекет басшысы бұған табиғатты қорғау және ғылыми бақылау жұмыстарының нәтижесінде қол жеткізілгенін айтты.

Қарғыбауды орнатуға Катонқарағай ұлттық паркінің қызметкерлері Е. Қасымов, Ж. Аманбаев және Зоология институтының мамандары А. Грачев, М. Беспалов, С. Беспалов, С. Сапарбаев қатысты. Аталған жұмыс Pernod Ricard Kazakhstan компаниясының қолдауымен жүзеге асырылуда.

Алдағы уақытта спутниктен алынған мәліметтер негізінде Алтайдың жүретін жолдары мен мекендейтін аумақтары зерттеледі. Бұл Оңтүстік Алтайдағы қар барысын қорғау үшін қажет ақпаратты толықтыруға көмектеседі.

17 октября 2026
Биоалуантүрлілікті сақтауды қаржыландыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Биологиялық әртүрлілік туралы конвенция тараптарының 17-конференциясы (COP17) аясында өткен «Болашақты қаржыландыру: қаржы ағындарын табиғатқа оң әсер ететін даму мақсаттарымен үйлестіру» тақырыбындағы жоғары деңгейдегі дөңгелек үстелге қатысты.

Дөңгелек үстелді Армения Республикасының Президенті Ваагн Хачатурян мен Танзания Біріккен Республикасының құрамындағы Занзибар Президенті, Революциялық кеңестің төрағасы Хусейн Әли Мвиньи ашты. Одан кейін бірқатар елдердің министрлері сөз сөйледі. Іс-шараға Дүниежүзілік банк тобы модераторлық етті.

Қатысушылар биоалуантүрлілікті сақтауға қаржы ресурстарын жұмылдыру және 2030 жылға қарай осы мақсаттарға жыл сайын кемінде 200 млрд АҚШ долларын тарту жөніндегі жаһандық мақсатқа қол жеткізу мәселелерін талқылады.

Әлібек Қуантыров бастаған Қазақстан делегациясының баяндамасы қабылдаушы тараптың өкілі – Армения Президенті Ваагн Хачатурянның қатысуымен өтті.

Министр өз сөзінде табиғи экожүйелердің тұрақтылығы экономикалық орнықтылықтың негізі екенін атап өтіп, биоалуантүрліліктің құндылығын бюджеттік жоспарлау, кредит беру және инвестициялық шешімдер қабылдау барысында ескеру қажеттігіне тоқталды.

Ол Қазақстанның экожүйелік қызметтер үшін төлем жасау тетіктерін қолдану тәжірибесі мен БҰҰ Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) бірлесіп жүзеге асырылып жатқан БИОФИН бастамасы туралы кеңінен баяндады. Сондай-ақ Іле өзенінің атырауындағы тоғайлы ормандарды қалпына келтіру жұмыстарына тоқталды. Аталған тәжірибе БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) «Әлем ормандарының жай-күйі – 2026» баяндамасына енгізілген.

Экожүйелерді қалпына келтірудің толық кезеңін – көшет өсіретін тәлімбақтар құрудан бастап, отырғызылған ағаштарға күтім жасау мен мониторинг жүргізуге дейінгі жұмыстарды қаржыландыру қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сирек кездесетін түрлер мен биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі халықаралық қор құру бастамасын іске асыру аясында министр халықаралық серіктестерді ынтымақтастыққа шақырды. Сонымен қатар даму банктерімен бірлесіп, «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасы аясындағы жобаларды қоса алғанда, өңірлік жобалар портфелін қалыптастыруды ұсынды.

Әлібек Қуантыров Жаһандық экологиялық қорды (ЖЭҚ), Жасыл климат қорын және даму банктерін табиғат қорғау жобаларын қаржыландыруға қолжетімділікті жеңілдетуге шақырды. Перспективалы қаржылық құралдар ретінде гранттарды, жеңілдетілген қаржыландыруды, кепілдіктер мен жасыл облигацияларды атап өтті.

Сөз соңында министр Қазақстанның Ереван іс-қимылға шақыру үндеуін қолдайтынын растады.

Іс-шаралар қорытындысы бойынша Әлібек Қуантыров биоалуантүрлілікті сақтау және табиғатты қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне арналған COP17 көшбасшылар саммитінің жабылу рәсіміне де қатысты.

16 октября 2026
Қазақстан мен Өзбекстан КС-17 аясында экология саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Ереван, 2026 жылғы 16 қазан

Биологиялық әртүрлілік жөніндегі БҰҰ конференциясы (КС-17) аясында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Өзбекстан Республикасы Президентінің экология мәселелері жөніндегі кеңесшісі, Экология және климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық комитеттің төрағасы Азиз Абдухакимовпен кездесті.

Өзбекстан тарапы Қазақстанның киік популяциясын сақтау және қалпына келтіру бағытындағы тәжірибесіне жоғары баға берді. Кездесу барысында тараптар Өзбекстан аумағына киіктерді қайта жерсіндіру мәселелері бойынша ынтымақтастықты талқылап, практикалық мәселелерді бірлесіп пысықтауды жалғастыруға уағдаласты.

Азиз Абдухакимов Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммиттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, оның аясында қабылданған бастамаларға қолдау білдірді. Өз кезегінде Әлібек Қуантыров аталған бастамаларды іске асыру бойынша нақты жұмыстар басталғанын, оның ішінде «Орталық Азияның жасыл қалқаны» бастамасы мен ормандарды қалпына келтіру бағытында тиісті шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі атмосфералық ауаның сапасын жақсарту мәселесі болды. Тараптар таза ауаның екі ел үшін де маңыздылығын атап өтіп, кәсіпорындардан шығатын зиянды шығарындыларды азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат алмасты. Сондай-ақ шекаралас өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсарту бағытында бірлескен жұмыс жүргізуге келісті.

Министрлер өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне де ерекше назар аударды. Атап айтқанда, Орталық Азия елдерінің халықаралық алаңдарда ортақ ұстаным білдіруі бағытында жұмыс жүргізу, сондай-ақ Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) қатысуымен Орталық Азияның Қызыл кітабын әзірлеу барысында өңір мамандарының күш-жігерін біріктіру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Бұдан бөлек, тараптар қалдықтарды басқару мәселелерін талқылап, осы саладағы тәжірибе мен озық практикалар алмасуды жалғастыруға келісті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар талқыланған барлық бағыттар бойынша тығыз ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендерін растады.

 

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы