
Заңбұзушыларды бүгін көлге жасалған кезекті рейд кезінде Экология министрлігі мен БАҚ өкілдері анықтады.
Көбейтұзға келген кезде, Министрлік қызметкерлері мен журналистер ерлі-зайыптылардың, көлге баруға тыйым салынуына қарамастан, блокпостты айналып өтіп, осында келгенін, келіп қана қоймай, күрекпен бірнеше шелек балшық алып жатқанының үстінен түсті.
Табиғатқа жасалған мұндай бассыздық куәгерлерді қайран қалдырды. Рейдке қатысқан Ерейментау ауданы әкімдігі өкілдерінің айтуынша, жақында ғана олар волонтерлермен бірге көлді қоқыстан тазартқан, бірақ кейбір азаматтарымыздың санасыздығы сол қалпы.
Осыған байланысты, Экология министрлігі ІІМ мен жергілікті әкімдікке заңбұзушыларды жазалау мен көлді қорғауды күшейтуде жедел шара қабылдауды өтінеді.
Министрлік сонымен қатар тағы да ел азаматтарын қоршаған ортаны аялауға, мұндай тағылық әрекетке жол бермеуге шақырады.
Сонымен бірге, Экология министрлігі ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша, таяуда экологиялық заңнаманы бұзу, оның ішінде табиғатқа келтірілген зардап үшін жаза күшейтілетінін еске салады.