ШҚО тұрғындары заңсыз балық аулағаны үшін 10 млн теңге айыппұл төледі

ШҚО тұрғындары заңсыз балық аулағаны үшін 10 млн теңге айыппұл төледі

Нәтижесінде 95 материал сотқа жіберілді, барлығы 10 млн теңгеге жуық айыппұл салынды, 5 млн теңгеден астам сомаға зиянды өтеу бойынша талап қойылды.

Құқық бұзушылар Шығыс Қазақстан облысында балық қорғау заңнамасы нормаларының сақталуын тексеру бойынша 1317 жедел рейд жүргізу барысында ұсталды. Олардан барлығы 1352 бірлік заңсыз қолданылатын аулау құралдары, оның ішінде синтетикалық моноталшықтан жасалған 924 желі, 11 қайық және әртүрлі үлгідегі 6 мотор, сондай-ақ заңсыз ауланған 3 933,7 кг балық тәркіленді. Сондай-ақ, өңірде прокуратура, ІІД, әкімдік және балық инспекторларының мобильді топтары жұмыс істейді. Олар 32 бірлескен рейд жүргізді. Сонымен қатар, жергілікті инспекторлардың қатысуымен анықталған табиғат қорғау заңнамасын бұзу фактілері бойынша облыста 7 қылмыстық іс қозғалды, оның қорытындысы бойынша 9 адам жауапкершілікке тартылды. Балық аулаудың негізгі көлемі халықаралық маңызы бар су айдындарына – Зайсан көліне, Бұқтырма және Шүлбі су қоймаларына тиесілі, оларда балықтың 11 түрі кәсіпшілікпен игеріледі. ШҚО шегінде балық және басқа да су жануарларын аулауға бекітілген лимит бірінші жартыжылдықта 3 804,973 тоннаны құрады, оның 3 591,591 тоннасы немесе 94,3% игерілді. Ауланудан басқа, халықаралық, республикалық және жергілікті маңызы бар су айдындарында 3,6 млн данадан астам балық жіберілді. Айта кетейік, Ертіс су бассейні елдегі көлемі бойынша үшінші балық шаруашылығы бассейні болып табылады. Оған: Жайсан көлі (Зайсан), Бұқтырма, Шүлбі және Өскемен су қоймалары, облыс шегіндегі Ертіс өзені, ШҚО шеңберіндегі жергілікті маңызы бар су қоймалары және Алакөл көлдері кіреді. 2006 жылдан бастап балық шаруашылығы су айдындарының учаскелері ұзақ мерзімді жалға беріледі (5 жылдан 49 жылға дейін). Бүгінгі таңда облыста халықаралық және республикалық маңызы бар 60 учаске бар, олардың 24-і бекітілген, сондай-ақ жергілікті маңызы бар 96 су айдыны бар, олардың 27-сі 22 пайдаланушыға бекітілген.