
Қазақстан Экология министрлігінің басшысы Мағзұм Мырзағалиев бейсенбіде Алматы жұртшылығымен онлайн кездесу өткізіп, оның барысында қаланың экологиялық проблемаларын шешу жөніндегі Жол картасы таныстырылды.
"Бүгін біз Алматы қаласының және облысының әкімдігімен бірге тұрғындармен экологиялық мәселелер бойынша нәтижелі онлайн-кездесу өткіздік. Барлығына белсенді қатысып, тұжырымды ой-пікір білдіргені үшін алғыс айтамын. Эко-белсенділердің ұсынысы бойынша мұндай кездесулер алдағы уақытта жиі өткізілетін болады. Сондай-ақ, қалалық Экология департаментіне жұртшылықпен диалогты жандандыруды тапсырдым", - деп жазды М.Мырзағалиев өзінің Twitter-дегі парақшасында кездесу қорытындысы туралы.
"Біз кездесу кезінде қаланың экологиялық мәселелерін жан-жақты шешудің жоспары мен жол картасын таныстырдық. Бұлар ЖЭО-2, 3-ті жаңғырту, құрылыс бас жоспарын жел режімін ескере отырып, түзету, жасыл желек көлемін ұлғайту, қалалық жолаушылар көлігінің дизельдік отынды пайдалануына кезең-кезеңмен тыйым салу және т.б. шаралар", - деді министр.
Оның айтуынша, картаға тұрғындар тарапынан тағы ұсыныстар енгізіледі. Жергілікті билік оны іске асырады.
"Экологиялық мәселелерді әлі де Алматы тұрғындарымен талқылай жатамыз деп үміттенемін. Бәріміз бірлесу арқылы жағдайды жақсарта аламыз" - деп атап өтеді Экология министрлігінің басшысы.
Кездесу барысында жарияланған Экология министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің басшысы Зұлфыхар Жолдасовтың деректеріне қарағанда, Алматы қазіргі уақытта атмосфералық ауасы жоғары деңгейде ластанған елдегі 10 қаланың ішіне кіреді.
Оның дерегі бойынша, ауаны ластауға ЖЭО да, автокөлік те үлес қосуда.
Қаланың белсенді даму жылдарында желдің жылдамдығы 1980 жылғы 11-12 м/с-тен 2019 жылы 0-2 м/с дейін төмендеп, ластану деңгейі жоғарылады.
Алматыда желдің тынуы жиі. Қалыпты ауа алмасуы үшін желдің жылдамдығы 2-3 м/с болуы керек, дейді З.Жолдасов.
Дәл осы және басқа да экологиялық проблемаларды шешу үшін Жол картасы әзірленді. Ол бекітілгеннен кейін іске асырыла бастайды.