
Бүгін Қазақстанның Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев Геология комитетінің төрағасы А. Надырбаевты зейнеткерлікке шығуымен құттықтады.
Сала ардагеріне ол өзінің құттықтауында А.Надырбаевтың геология саласында 40 жылдан астам уақыт жұмыс істегенін, көптеген жылдар бойы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Геология комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарғанын, содан кейін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Геология комитеті төрағасының міндетін атқарғанын атап өтті. Ол әрқашан өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындап, еліміздің геологиялық саласына өзінің барлық күші мен тәжірибесін салып, көптеген кәсіби мамандарды, өз ізбасарларын тәрбиеледі.
Алуадин Надырбаевтың жанқиярлық еңбегі көптеген наградалармен атап өтілді, олардың арасында «Құрмет» ордені, мерейтойлық медальдар, «Жер қойнауының құрметті барлаушысы» төсбелгісі бар.
Құттықтау барысында Министр ардагерге тағы бір лайықты марапат – «Еңбек ардагері» медалін табыс етіп, зор денсаулық және ұзақ өмір тіледі.