
ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі М.Ошурбаев пен Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының байланыс және әріптестік жөніндегі бюросының басшысы Қ.Нәжмиденов бірлескен кездесу барысында қоршаған ортаны қорғауға қатысты бірқатар мәселелерді талқылады.
Күн тәртібіне сәйкес бүгінгі таңда біздің республика үшін өзекті болып табылатын пестицидтерді анықтау және қауіпсіз басқару мәселелері қаралды. Таяу болашақта ластанған аумақтарды жедел экологиялық бағалау мақсатында жалпыға бірдей түгендеу жүргізу жоспарлануда.
Айта кетейік, Қазақстанда пестицидтерден жаңа қалдықтардың пайда болуын болдырмау үшін бақылауды күшейту жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, орманды қалпына келтіру мен жетілдіру мәселелері талқыланды. ФАО байланыс бюросының басшысы осы саладағы бірлескен жобалар өзара ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосатынын және тұтастай алғанда өңірдің экологиясы айтарлықтай жақсартатынын растады.
Вице-министр Сырдария өзені бассейніндегі су ресурстарын басқаруды жақсартуға бағытталған жобаны Өзбекстан және Қырғызстанмен бірлескен өңірлік су жобасын қалыптастыру мәселесі бойынша, қазақстандық тараптан Сырдария өзені бассейнінің барлық елдерінің қатысуымен қарауға дайын екенін атап өтті.
«Қазақстан белгіленген стратегиялық міндеттер бойынша ФАО-мен ЖЭҚ-8 циклі шеңберінде жобаларды іске асыру бойынша барлық қажетті жұмыстарды жүргізуге дайын», - деді іс-шара соңында М.Ошурбаев.