Ақтөбе облысының тұрғындарымен кездесу

Ақтөбе облысының тұрғындарымен кездесу

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Д.Бекмағамбетов Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Хромтау қаласының тұрғындарымен, коммерциялық емес және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, өңірдегі экологиялық ахуал, су ресурстарының жай-күйі, орман мен балық шаруашылықтарының дамуы және жануарлар дүниесінің сақталуы туралы баяндады.

Экомониторинг нәтижелері Хромтау қаласының атмосфералық ауасының ластану деңгейінің жоғарылауымен сипатталатынын көрсетті. Облыста ластаушы заттар шығарындыларының нақты көлемі 2023 жылдың бірінші тоқсанында айтарлықтай төмендеп, 13,8 мың тоннаны құрады, бұл былтырғы жылмен (30,4 мың тонна) салыстырғанда 45,3% - ға төмен. Бұған табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыру арқылы қол жеткізілді.

Ақтөбе облысының экологиялық мәселелерін шешу бойынша Жол картасындағы 33 іс-шараның 3-і аяқталса, қалғандары орындалуда.

Облыста 2022 жылдың қорытындысы бойынша қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 15%-ды құрады, бұл 2021 жылдың ұқсас деңгейінен 4%-ға (11,1%) жоғары, бірақ орташа республикалық деңгейден (24%) төмен.

Космомониторинг аясында биыл өңірде 249 полигон анықталды, оның 88%-ы ғана жойылды (221 полигон).

Тағы бір маңызды мәселе – кәріз тазарту қондырғыларының жағдайы. Бүгінгі таңда облыстың 8 аудан орталығында кәріз тазарту құрылыстары жоқ. Ақтөбе қаласында кәріз жүйелері тозған және жаңартуды талап етеді.

Су шаруашылығы саласында су басу қаупін жою және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында Ақтөбе облысында Сазды су қоймасын қайта жаңарту жүргізілді. 2025 жылдың соңына дейін Ақтөбе су қоймасы қайта жаңартылады.

Тасқын суларды жинақтау үшін 2030 жылға дейін 6 ірі су қоймасын (Достық, Темір, Жамбыл, Көктерек, Жаманқарғалы және Әлия) салу жоспарлануда. Жобаларды іске асыру жалпы судың жинақталуы 357,6 млн.м3 суару алаңын 32,9 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Орман шаруашылығы саласында 2022 жылы Ақтөбе облысында 7 333,1 га алаңға 15 млн. ағаш отырғызылды, ағымдағы жылдың жоспары – 7 142 га алаңға 13,3 млн. ағашты отырғызу.

Балық саласын дамыту бойынша 2022 жылы облыста 844,8 тонна балық өсірілді. Сонымен қатар, балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында өңірде өсірілетін тауарлық балық көлемін 2030 жылға қарай 10,3 мың тоннаға дейін жеткізу көзделген. Бағдарламаны іске асыру шеңберінде 2021-2022 жылдар ішінде 67 балық өсіру шаруашылығы құрылды. 2023 жылы 1983 тонна балық өсіріледі деп күтілуде.

Кездесу соңы сұрақ-жауап форматына көшті, артынша вице-министр азаматтарды жеке қабылдап, одан әрі ж және республикалық БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.

#халықпенкездесу