
2020 жылдың 4 наурызында Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде Қоғамдық Кеңестің отырысы өтті. Отырыс барысында Экология, геология және су ресурстары жөніндегі комиссияның мәселелері қарастырылды.
Экология жөніндегі комиссияның мүшелерімен:
- «Жасыл офис» республикалық конкурсының қорытындысы;
- 2019 ж. экологиялық сараптама мен рұқсаттардың нәтижелері және 2020 ж. жоспарлары;
- бақылау-инспекциялық қызметтің өткен жылғы нәтижелері мен экологиялық бақылау саласындағы келер жылға арналған міндеттер;
- «Қазгидромет» РМК «AirKz» мобильдік қосымшасын қолдану нәтижелері тыңдалды.
Сөз сөйлеу барысында 2019 жылы Экологиялық реттеу және бақылау комитеті, сондай-ақ аумақтық Экология департаменттері 6096 мемлекеттік экологиялық сараптама материалдарын және 1997 қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу үшін өтінім материалдары қарастырылғандығы аталып өтілді.
Бақылау-инспекциялық іс-шаралар аясында 2019 жылы барлығы 2150 тексеру жүргізілгендігін, тексерулер нәтижелері бойынша 4 792 экологиялық заңнаманың бұзылуы анықталғандығын атап өту қажет. Экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін жалпы сомасы 6,4 млрд. теңгеге 1650 әкімшілік айыппұл салынған. Қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу туралы 46,3 млрд. теңгеге 1089 қаулы шығарылған. Кәсіпорындардың шаруашылық қызметін уақытша тоқтату туралы сотқа 360 материал жіберілді, оның 211 сот шешімімен қанағаттандырылған.
Қазіргі таңда аумақтық департаменттер жүргізген тексеру іс-шараларының нәтижесінде жалпы көлемі 388 811,35 тонна болатын, 2576 қалдықтарды орналастыру нысандары кәдеге жаратылды.
Министрлік қоршаған ортаға эмиссияны азайтуға бағытталған республиканың ірі кәсіпорындарымен меморандумдарға қол қойды. Мәселен, «Казавтожолмен», жолдарды салуда өндірістік қалдықтарды пайдалану туралы. Ауа-райының қолайсыз кезеңдерінде шығарындыларды азайту бойынша ірі кәсіпорындармен меморандумға қол қою жоспарлануда.
Еріктілер жылы аясында қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазарту, ағаш отырғызу және қоқысты сұрыптауды үйрену бойынша «Birgemiz: Taza Alem» ұлттық жобасын өткізу жоспарлануда.
Сондай-ақ, геология жөніндегі комиссия Геологиялық ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу және ұсыну жөніндегі ұлттық оператордың есебін, пайдалы қазбаларды геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу жөніндегі бақылау-инспекциялық қызмет туралы есепті, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану туралы 2019 жылға және 2020 жылға арналған жоспарды тыңдады.
Геология комитетінің төрағасы А.Надырбаев Қоғамдық кеңес мүшелерін геологиялық ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу және ұсыну жөніндегі ұлттық оператор «Қазгеоақпарат РКГИ» ЖШС-нің қызметімен таныстырды.
2019 жылы 52 учаскеде геологиялық зерттеулер және 9 учаскеде дайындық жұмыстары аяқталғандығы айтылды.
Сындарлы сұхбат барысында Қоғамдық кеңес мүшелері нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу сапасын жақсарту, мүшелердің жаңа бастамаларды талқылауға қатысуы бойынша ұсыныстар жасады.