
Қазақстанның Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігі мен «Қазатомпром» ҰАК» АҚ қоршаған ортаны қорғау саласындағы меморандумды бекітті. Құжатта келісілген жобалардың қатарында қатты радиоактивтік қалдықтарды көму жөніндегі жобаны іске асыру бар. "Қазатомпроммен ұлттық компания жұмыс істейтін өңірлердегі қоршаған ортаны жақсартудың бірқатар шараларын іске асыруға сөз байласып, тиісті құжатқа қол қойдық. Атап айтқанда, бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағында «ҮМЗ» АҚ қатты радиактивтік қалдықтарды көму жобасы іске асырылады", - деп жазбы Қазақстан Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев дүйсенбіде өзінің Twitter-дегі парақшасында. Министрдің пікірінше, «бұл радиоактивтік қалдықтардың қоршаған ортаға жəне тұрғындарға қандай да бір əсер етуін барынша болдырмайды».
Келісім шеңберінде, сондай-ақ, ұлттық компания кəсіпорындарында озық қолжетімді технологияларды одан əрі енгізу үшін техникалық аудит өткізіледі.
«Компанияның жаңа Экологиялық кодекс жобасындағы тиісті заңнамалық нормалар қабылдағанға дейін, қоршаған ортаға зардапты азайтуға мүмкіндік беретін заманауи технологияларды өндіріске енгізуді көздеуі қуантады», - деп атап өтті Экология министрі. М.Мырзағалиевтің айтуынша, Кодекс қабылданғаннан кейін, 2,2 мыңнан аса кəсіпорын осы тектес техникалық аудиттен өткізіліп, озық қолжетімді технологияны енгізуі тиіс.