ЭГТР және ЦДИАӨ министрлері «KAZNEDRA» ақпараттық жүйесін құру жоспарын талқылау үшін «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ-да бас қосты

ЭГТР және ЦДИАӨ министрлері «KAZNEDRA» ақпараттық жүйесін құру жоспарын талқылау үшін «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ-да бас қосты

Экология министрі С. Брекешев пен Цифрлық даму министрі Б. Мусин «KAZNEDRA» жүйесін құру жобасының егжей-тегжейін талқылады.

Мәжіліске министрлер С. Брекешев пен Б. Мусин, вице-министрлер Т. Момышев пен М. Олжабеков, Геология комитеті төрағасының орынбасарлары, сондай-ақ «ҰГҚ» АҚ басшылығы мен қызметкерлері қатысты.

Жер қойнауын пайдаланушыларға арналған бірыңғай платформаны құру үшін Экология, геология және табиғи ресурстар, Цифрлық даму, Энергетика, Индустрия және инновациялық даму министрліктері ақпараттық жүйенің міндеттерін жүзеге асыруға, сондай-ақ, жер қойнауын пайдалану бойынша барлық бизнес-процестерді қолданыстағы Ұлттық деректер банкі АҚ, GIS TRU, Жер қойнауын пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі секілді барлық ақпараттық жүйелерді «KAZNEDRA» платформасына біріктіру және көшіру арқылы автоматтандыруға шешім қабылдады.

«ҰГҚ» АҚ уәкілетті тұлғасы Ж.Кәрібаев ҰГҚ қызметі туралы айтып, интерактивті карта және зерделеу картасы сияқты геоақпараттық бағдарламалар арқылы геологиялық ақпаратты алудың қолданыстағы әдісін, сондай-ақ электрондық картотека арқылы геологиялық есептерді іздеу тәсілін көрсетті.

Экология министрі қазіргі уақытта жеткілікті деңгейде цифрландырылмаған бастапқы деректерді цифрландырудың қажеттілігін (маңыздылығын) атап өтті. Ал, қосымша деректердің негізгі бөлігі цифрландырылған және жер қойнауын пайдаланушылар үшін қолжетімді.

Цифрлық даму министрі қолданыстағы ақпараттық жүйелер арқылы геологиялық деректерді алу үдерісімен танысып, Экология министрлігінің интерактивті карта мен зерделеу картасын жасаудағы атқарған жұмыстарына оң баға берді.

«KAZNEDRA» геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы барлық процестер мен қызметтерді бір терезеде шоғырландыру арқылы инвесторлардың геологиялық ақпараттарға ашық қол жеткізуіне кешенді сервистік қолдау көрсететінін атап өткен жөн.
Бірыңғай платформа бір алаңда бірнеше мемлекеттік органдар мен ведомстволардың, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың қызметтерін автоматтандыруға мүмкіндік береді.

Бірінші кезеңде Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 9-тармағында көзделгендей, геологиялық ақпараттардың барлық бастапқы және қосалқы құжаттарының жүйеленген электронды көшірмелері негізінде цифрлық дерекқорды құру ұсынылады.

Екінші кезеңде кен орындарының интерактивті картасын құру, үшінші кезеңде қолданыстағы есеп жүйелерін біріктіру жоспарлануда. Ал одан кейін жер қойнауын пайдалану саласындағы барлық бизнес-процестер автоматтандырылады.

Қазіргі уақытта министрліктер жобаны жүзеге асырудың толық жоспарын әзірлеуде.