
Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев сәрсенбі күні Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Касаи Тацухикомен кездесті.
Елшімен әңгіме барысында Экология министрі қазіргі уақытта Қазақстанда жеке орман өсіруді қолдау және жеке орман питомниктерін дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
«Алдағы 3 жылда біз 1000 га тез өсетін ағаш, бұта тұқымдылар плантациясын және 200 жеке орман питомниктерін құру бойынша жұмыстар жүргізуді жоспарлап отырмыз. Жеке орман өсіруді қолдау және жеке орман питомниктерін құру табиғи ормандарға пайдалану жүктемесін төмендетуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті М. Мырзағалиев.
Ол еліміздің жеке орман өсіруді дамыту бойынша технологияларды енгізу мәселелері бойынша Жапониямен тәжірибе алмасуға мүдделі екенін, сондай-ақ жапондық инвесторларды осы салаға шақырды.
Сондай-ақ, тараптар ормандарды түгендеу және орман өнімдерін таңбалау жүйесі туралы мәселені қозғады, аталған салада мамандар даярлау бойынша тәжірибе алмасу мүмкіндігін талқылауға келісті.
Министр мен Елші сондай-ақ Қазақстандағы тау-кен-геологиялық секторда өткізілетін іс-шараларға, атап айтқанда «Astana Mining & Metallurgy» Халықаралық тау-кен металлургия конгресіне және 2020 жылы Майнекс Қазақстан 11-ші тау-кен-геологиялық форумына жапон инвесторларының қатысу мүмкіндігін талқылады.