Экология министрі С.А. Брекешев жас экобелсендіні Құрмет грамотасымен марапаттады

Экология министрі С.А. Брекешев жас экобелсендіні Құрмет грамотасымен марапаттады

Бүгін экологиялық білім күні аясында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.А. Брекешев жас экобелсенді Диана Мырзағалиевамен кездесті.


Бұл күннің негізгі мақсаты – экологиялық білімді ілгерілету және халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоғамды экологиялық қауіпсіздік саласындағы істердің жай-күйі туралы хабардар ету.


Министр Диананың өмірі туралы БАҚ беттерінен оқып, үлкен әсерге бөленді.  


Жас болғанына қарамастан, оның балалық шағында көрген қиындықтары, өмірге, туған жерге, табиғатқа деген сүйіспеншілігі, көршілеріне деген жанашырлығы таңдантпай қоймайды.


Диана Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Бала кезінен дәрігерлер оған Дизартрия (церебральды сал ауруының жеңіл түрі) диагнозын қойды. Ол толыққанды сөйлей алмады. Оның бұл жағдайға душар болуы Семей ядролық полигонындағы сынақтардың салдары болуы да мүмкін.


Диананың айтуынша, оның бүкіл балалық шағы оңалту орталығында өткен, ол жақта өз көзімен ауыр дертке шалдыққан балаларды көрді. Бұл орталықта  өзінің алғашқы достарын тапқан. Қуанышқа орай, шетелдік дәрігерлердің емдеуімен ол сауығып, 8 жасында толық сөйлей алды.


Сол кезде ол ауру балаларға көмектесемін және еліміздің экологиясын қорғаймын деген шешімге келеді.


Диана денсаулығы сыр берген төрт баланың өмірі жайлы «Ақсу-Жабағылының сиқырлы әлемі» атты ертегі кітабын жазды.


Ол өз шығармасы арқылы ерекше балаларға және табиғатты қорғауға қамқорлықпен қарауға насихаттап қана қоймай, балалардың өмірі мен денсаулығын сақтауға өз үлесін қосқысы келді. Осылайша, кітапты сатудан түскен барлық қаражатты онкологиямен ауыратын балалардың еміне жіберуде, бүгінге дейін сатылымнан 250 000 теңге түскен.


Диана көптеген республикалық және халықаралық конкурстардың қатысушысы және жеңімпазы. Өткен жылы БҰҰ еріктілер бағдарламасының 50 жылдығына орай ұйымдастырылған байқауда «Волонтерлікті дамытуға, мүгедек адамдарға көмек көрсетуге қосқан зор үлесі үшін» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, әлемнің үздік волонтерлері тобына кірді.

Сондай-ақ ол «Жыл волонтеры» халықаралық байқауының «Қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі үшін» номинациясының жеңімпазы.


Сонымен қатар, ол өз қаласындағы қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі үшін Франция мен Германия елшіліктері өткізген конкурста 1-ші орынға ие болды. Оның жұмысы өткен жылдың 5 маусымында «Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні» аясында көрмеге қойылды.

 

Ол түрлі қоғамдық ұйымдардың көптеген марапаттары мен алғыс хаттарының иегері. Оған «Жыл еріктісі» атағы беріліп, «Қазақстанның жастар саясатына қосқан үлесі үшін» медалі табысталды.


Өткен жылы ол екі аяғына екі күрделі ота жасатты, бірақ қаншама қиындықтарға қарамастан, ол қоғамның игілігі үшін өз үлесін қосып, қоршаған ортаның бұзылуы неге әкелуі мүмкін екенін және әртүрлі катаклизмдердің халықтың денсаулығына қалай әсер ететінін түсіндіріп, бәрін мысалмен айтып берді.


Диана өз Инстаграм парақшасын белсенді жүргізеді. Жас экобелсенді  Қазақстанда ядролық сынақтардың салдарынан тазартатын құрал жасау туралы өз арманымен бөлісті.


Кездесу барысында Серікқали Брекешев жас экологқа, оның ата-анасына және оқытушысына алғысын білдірді. Ол сондай-ақ Министрлік жетекшілік ететін экологиялық жобаларға қатысуды, экооқыту жөніндегі акцияларға қатысуды және «Ақсу-Жабағылы» ұлттық паркіне баруды ұсынды.


Министр экобелсендіні Құрмет грамотасымен марапаттап, ата-анасына және ұстазына Алғыс хаттар табыс етті.