
5 наурыз Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.А. Брекешевтің төрағалығымен әлемнің жетекші мұнай-газ компанияларының өкілдерімен кеңес өтті.
Кеңесте «Еуразия» халықаралық жобасының 1-фазасы бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Каспий маңы ойпатының қазақстандық бөлігінің тұзасты кен орындарының терең геологиялық құрылымын геологиялық-геофизикалық мәліметтерді өңдеу және қайта түсіндірудің озық және инновациялық технологияларын пайдалана отырып зерттеу» жобасының (бұдан әрі – жоба) 1-ші кезеңін іске асыру барысы және жобаның келесі фазаларына жетекші мұнай-газ компанияларының ықтимал қатысуы талқыланды.
Министр кеңес барысында инвестициялар үшін бәсекелестік жағдайында, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуді қамтамасыз етуде жобаны жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
Жоба аясында ағымдағы жылы Каспий маңы ойпаты бойынша қолда бар барлық геологиялық-геофизикалық мәліметтерді озық және инновациялық технологияларын қолдана отырып қайта өңдеу мен түсіндіру жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, одан арғы жұмыстары нақтылау үшін Каспий маңы ойпаты шегіндегі неғұрлым перспективты аймақтарды анықтайтын есеп жасалуда.
2 және 3-кезеңдерде өңірлік сейсмикалық бейіндерді, сейсмикалық емес аэрогеофизикалық зерттеулерді пысықтау, перспективті бөлімшелерді шынайы геологиялық зерттеу және терең жатқан бассейнішілік перспективты нысандарды іздеу мақсатында озық инновациялық технологияларды пайдалана отырып, алынған деректерді өңдеу мен түсіндіру және анықталған перспективті нысанда өте терең іздеу ұңғымасын бұрғылау көзделеді.
Қазақстандық мұнайшы-геологтар қоғамының президенті Б.М. Қуандықов жобаның бірінші кезеңі бойынша орындалып жатқан жұмыстардың алғашқы нәтижелерін ұсынды. Тарихи деректерді заманауи технологиялармен өңдеу нәтижелерін көрсетті.
Өз кезегінде, ол жобаның жақын арада Каспий маңы ойпатының үлкен тереңдігінде жеңіл мұнай мен газдың жаңа ірі кен орындарының ашылуына және елдің энергетикалық қауіпсіздігінің іргетасы ретінде көмірсутек шикізатының стратегиялық резервін арттыруға және көмірсутектерді өндірудің жоғары деңгейін сақтауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кеңесте осы жобаның 2 және 3 кезеңін жүзеге асыруда мұнай-газ компанияларының қатысу шарттарына ерекше назар аударылды.