
Экология министрі Серікқали Брекешев пен БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш мырза кездесу барысында бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарын талқылады.
Ведомство басшысы БҰҰ Даму Бағдарламасына Қазақстандағы бірлескен ынтымақтастық үшін, жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын және биологиялық әртүрлілікті сақтау бойынша бірлескен жобаларды, сондай-ақ төмен көміртекті жобаларды іске асыруда қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
Кездесу барысында Министр «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының табысты іске асырылуын, ол бойынша қазір БҰҰ PAGE бағдарламасы шеңберінде БҰҰДБ-мен қолдау тапқан экологиялық білім беру жүйесін енгізуге бірлескен дайындық жүргізіліп жатқанын, елдің төмен көміртекті, жасыл дамуы саласындағы ҚР Үкіметінің басымдықтарын атап өтті.
Сонымен қатар, тараптар «Шағын гранттар бағдарламасы» және «Тұрақты азық-түлік жүйелерін ілгерілету және Солтүстік Қазақстанның ландшафтындағы экожүйелік қызметтерді жақсарту» сияқты Жаһандық экологиялық қордың жаңа жобаларын іске қосу бойынша бірлескен күш-жігердің оң нәтижелеріне көңіл бөлінді.
Кездесу соңында БҰҰДБ Тұрақты өкілі Я. Бериш Министрді 2022 жылғы 2-3 маусымда Швецияның Стокгольм қаласында өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы шақырған «Стокгольм+50: жалпыға ортақ өркендеу үшін сау ғаламшар – біздің жауапкершілігіміз, мүмкіндігіміз» атты халықаралық кездесуге шақырды.