
Бүгін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында вице-министр Талғат Момышев геология саласының 2021 жылғы қорытындылары мен 2022 жылда тұрған міндеттері туралы баяндама жасады.
«Геологиялық саланы дамыту миссиясы – еліміздің барлық өнеркәсіп салаларын белсенді дамыту үшін минералдық-шикізат базасын толықтыру мақсатында Қазақстан аумағының геологиялық зерттелуін арттыру», - деп атап өтті ол өз сөзінде, сөйте тұра негізгі міндеттерді де тізіп айтты:
- ҚР аумағының зерделенуін арттыру және пайдалы қазбалардың болжамды ресурстарын бағалау мақсатында жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеу жүргізу;
- минералдық-шикізат базасына мониторинг жүргізу, жерасты сулары мен қауіпті геологиялық процестерге мониторинг жүргізу;
- геологиялық ақпаратты қалыптастыру;
- жер қойнауына мемлекеттік сараптама жүргізу;
- жер қойнауын геологиялық зерттеуге және жер қойнауы кеңістігін пайдалануға лицензиялар беру.
2021 жылы мемлекеттік бюджеттік қаржыландыру 12,7 млрд.теңгені құрады, оның ішінде жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге 11,4 млрд. теңге бағытталды.
Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу бойынша жұмыстар 79 нысанда жүргізілді, оның ішінде: өңірлік геологиялық түсіру – 28, қатты пайдалы қазбаларды іздеу – 14, іздеу-бағалау жұмыстары – 2, болжамдық-металлогендік және жинақтаушы тақырыптық жұмыстар – 8 және гидрогеологиялық картаны жасау – 1.
Сонымен қатар, 2021 жылы 18-20 км дейінгі үлкен тереңдіктегі перспективалы мұнай-газ объектілерін анықтау және ресурстарды бағалау үшін Каспий маңы бассейнінің тереңдік құрылысын зерттеу бойынша «Еуразия» жобасын іске асыру басталды. Жоба 3 кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде мемлекеттік қаражат есебінен жаңа тәсілдер мен түсіндіру технологияларын пайдалана отырып, Каспий маңы ойпаты бойынша қолда бар барлық геологиялық-геофизикалық деректерді талдау, қайта өңдеу жалғастырылады. Екінші және үшінші кезеңдер жеке инвестициялар есебінен іске асырылатын болады.
Сондай-ақ, республиканың барлық өңірлерінде 4004 бақылау пунктінде жер асты сулары мониторингінің режимі мен теңгерімі бойынша жұмыстар жүргізілді.
Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл облыстарында жер асты сулары мониторингінің режимі мен теңгерімі, сондай-ақ жер сілкінісінің хабаршыларын зерделеу бойынша 12 бекетте бақылау жүргізу бойынша жұмыстар аяқталды.
Бұдан бөлек, жер қойнауын пайдаланушылар есебінен жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде 2021 жылы алғаш рет мемлекеттік балансқа 28 кен орны қойылды (көмірсутектер - 7, қатты пайдалы қазбалар – 13, жерасты сулары – 8). Жер қойнауын геологиялық зерттеуге 84 лицензия және жер қойнауы кеңістігін пайдалануға 6 лицензия берілді.
Аумақтардың геологиялық зерттелуін арттыру мақсатында, минералдық-шикізат базасын тұрақты толықтыру, дамыту және қолдау үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Геология саласын дамыту» бағытын қамтитын «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы әзірленді. Ұлттық жобаның негізгі міндеті – геологиялық барлаудың инвестициялық тартымдылығын арттыру.
Сондай-ақ, ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру шеңберінде «Қазгеоақпарат» РГАО» ЖШС және «Қазгеология» ҰГК» АҚ қайта ұйымдастыру жолымен Ұлттық геологиялық қызметті (ҰГҚ) құру бойынша Үкіметтің қаулысы қабылданды.
ҰГҚ қызметі жер қойнауы қорын басқару бағдарламасын қалыптастыруға, ұңғымаларды бұрғылау, геофизикалық зерттеулер мен басқа да жұмыс түрлері бойынша геологиялық барлау саласында нарықтың сапалы құзыреттіліктермен және қызметтермен қажеттілігін қамтамасыз етуге, ҚР минералдық ресурстарының ұлттық деректер банкінің ақпараттық жүйесін әкімшілендіруге және геологиялық ақпараттың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
Қорытындылай келе, Т. Момышев 2022 жылға арналған басым міндеттерді белгіледі:
- геологиялық барлауды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын іске асыру;
- 101 объектіде жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеу жүргізу;
- Каспий маңы ойпатының терең қабаттарын зерттеу бойынша жұмыстарды жалғастыру («Еуразия» жобасы);
- Ұлттық геологиялық қызметті құру жөніндегі іс-шараларды іске асыру;
- мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасын қалыптастыруға қатысу;
- аукционға қосу үшін қатты пайдалы қазбалар кен орындарын контурлау жұмыстарын аяқтау.