
6–8 қазан аралығында Тбилиси қаласында (Грузия) Жасыл климат қоры ұйымдастырған Орталық Азия және Шығыс Еуропа елдеріне арналған өңірлік диалог өтуде.
Диалог аясында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Н. Шарбиев жоғары деңгейдегі дөңгелек үстелге қатысты. Өз сөзінде ол климаттық тәуекелдерді бірлесіп бағалау және бейімделу жобаларын әзірлеу, ормандарды және деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру үшін ақпарат алмасудың маңыздылығын атап өтті.
Өңірлік диалог Жасыл климат қорының елдермен және серіктестермен тікелей өзара іс-қимыл жасауына арналған мамандандырылған алаң болып табылады. Іс-шара өңірлік басымдықтарды айқындауға, сондай-ақ Қор ресурстарына қол жеткізудің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, диалог алаңында Қордың Орталық Азия, Шығыс Еуропа және Таяу Шығыс бойынша өңірлік директоры Томас Эриксонмен екіжақты кездесу өткізілді. Кездесу барысында Жасыл климат қорының қаржыландыруына ұсыну үшін басым жобаларды, оның ішінде Қазақстанның Даму Банкі арқылы әзірлеу мәселелері, сондай-ақ ұлттық институттарды аккредиттеуді ілгерілету мәселелері талқыланды.