
2023 жылғы 26 қазанда Бішкек қаласында Еуразиялық үкіметаралық кеңестің мүшелері Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығында электр энергиясының өзара саудасы қағидаларын, сондай-ақ мемлекетаралық қималардың өткізу қабілетін айқындау және бөлу қағидаларын бекітті.
Қағидаларда қатысушылардың ортақ нарыққа қол жеткізу рәсімдері, қосылу туралы шарттар жасасу мәселелері, саудаға қатысушылардың өзара іс-қимыл тетіктері айқындалған.
Сондай-ақ, Қағидаларда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында электр энергиясын сатып алу-сату шарттарын жасасу, тіркеу, есепке алу, бұзу тәртібі белгіленген.
Саудаға қатысушылар ЕАЭО мүше мемлекеттердің елдерінен өз әріптестерін тауып, электр энергиясын әртүрлі тәсілдермен сатып алу-сату шарттарын жасай алады.
Мысалы, еркін шарттар жасасу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл әдіс контр-агенттерді тәуелсіз іздеуді және онымен жеткізу шарттарын (бағасы, көлемі, кестесі) анықтауды қамтиды.
Сондай-ақ, мерзімді келісімшарттар бойынша және биржалық тетіктер негізінде бір тәулік бұрын орталықтандырылған сауда операторының платформасында электр энергиясын сатып алу-сату мүмкіндігі пайда болады.
Мемлекетаралық электр беру желілерінің өткізу қабілетін қатысушылардың кемсітусіз пайдалану қағидаты белгіленеді.
Қағидаларды қабылдау ЕАЭО-ның ортақ нарығында жасалған мәмілелердің техникалық іске асырылмауына байланысты мүмкін болатын электр энергиясын сатушылар мен сатып алушылардың экономикалық тәуекелдерін төмендету үшін қажет.
Жалпы, бұл құжаттарды қабылдау құқықтық базаны қалыптастырудың кезекті кезеңін аяқтады және ортақ нарықтың жұмыс істеуі үшін маңызды іс-шаралардың бірі болып табылады.
Ортақ нарық өңірдің энергетикалық секторында тұрақтылықты қамтамасыз етуі тиіс, бұл ЕАЭО елдерінің экономикалық дамуы үшін қажет.
Ортақ нарықты құрудың әсері генерациялау және беру қуаттарын пайдалану тиімділігінің жоғарылауында, электр энергиясының өзара және сыртқы саудасының көлемінің өсуінде көрінеді.
Осылайша, қазақстандық компаниялар үшін ортақ нарық ЕАЭО-та электр энергиясының өзара сауда көлемін ұлғайтуға, энергетикалық қауіпсіздік деңгейін арттыруға, электр энергиясын сату кезінде электр энергиясын (қуатын) мемлекетаралық беруге кемсітусіз қол жеткізуге мүмкіндік береді.