
Қазақстан ЕАЭО ішінде өзара сауда өсімін 6 млрд. $ арттыруға ниетті
Нұр-Сұлтан – 2021 жылғы 2 шілде. Бүгін жыл сайынғы Астана экономикалық форумы аясында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова «Еуразиялық интеграциялық бастамаларды институттандыру» тақырыбында Astana Finance Days «өсімді қалпына келтіру» Панельдік сессиясына қатысты.
Жанель Кушукова ЕАЭО елдерінің өзара және сыртқы саудасын арттыру мүмкіндіктері туралы, сондай-ақ Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру перспективалары туралы хабарлады.
«ЕАЭО-да басқа ұқсас халықаралық бірлестіктер арасында өзара сауданың ең төмен көрсеткіштерінің бірі екенін мойындау керек. 2020 жылдың қорытындысы бойынша ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өзара саудасының үлесіне ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің жалпы саудасының небәрі 11%-ы ғана тиесілі. Мысалы, ЕО-да өзара саудаға 62,5%, НАФТА – 49,3%, АСЕАН (+6) – 45,4% келеді. Бізде өзара сауданы, ең алдымен, ішкі нарықтағы кедергілерді жою арқылы, сондай-ақ елдеріміз арасындағы кооперациялық байланыстарды жолға қою арқылы ұлғайту бойынша айтарлықтай әлеует бар», - деді Ж. Кушукова.
ЕАЭО елдерінің сыртқы саудасын дамыту бөлігінде вице-министр үшінші елдермен преференциялық сауда келісімдерін жасасу жөніндегі жұмыстың жанданғанын атап өтті.
Өзара қолайлы жағдайларда жаңа еркін сауда аймақтарын құру біздің өнімдерімізді әлемдік нарықтарға ілгерілетуде «локомотивке» айналуы тиіс.
Осы тұрғыда ҚР Сауда және интеграция министрлігі Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құруды ЕАЭО елдерінің өзара және сыртқы саудасын ұлғайтуға бағытталған экспорттық қолдаудың пәрменді құралы ретінде қарастырады.
Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құрудың орындылығы мәселесі Үкімет басшылары деңгейінде осы жылдың тамыз айында жоспарланып отыр. Егер барлық тараптар қолдайтын болса, онда бұл мәселені егжей-тегжейлі пысықтау және тиісті нормативтік базаны дайындау басталады.
«Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясы қатысушы елдердің сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының күш-жігерін ірі тәуекелдерді бөлуде біріктіруге, экспорттық мәмілелерді жедел және тиімді жүзеге асыру үшін қайта сақтандыру сыйымдылығын жақсартуға, брокерлік қызметтерді пайдалану қажеттілігін болдырмауға мүмкіндік береді, бұл қайта сақтандыру құнының төмендеуіне алып келеді, сондай-ақ экспорттық мәмілелерді сақтандыру мүмкіндіктерінің сақтандыру компанияларының ең жоғары меншікті ұстап қалу мөлшерінен асатын сомаға кеңеюіне әсер етеді», - деп қорытындылады Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министрі Ж.С. Кушукова.
Естеріңізге сала кетейік, ЕАЭО шеңберінде үкіметаралық келісім негізінде халықаралық компания нысанында жарғылық капиталы 200 млн. АҚШ долл. болатын Ұлттық органнан жоғары қайта сақтандыру копаниясын құру ұсынылады. Әлеуетті сақтандыру сыйымдылығы – 2 млрд. АҚШ долларына дейін. Жоспарланып отырған нәтиже – ЕАЭО ішінде өзара сауданың 6 млрд. АҚШ долларынан астамға өсуі. Компанияның капиталын ЕАЭО-ға мүше елдердің экспорттық кредиттік агенттіктерінің мүліктік жарналары, қатысушы мемлекеттердің тікелей жарналары, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің даму банктері, сондай-ақ Еуразиялық даму банкі есебінен қалыптастыру ұсынылады.
ЕАЭО елдеріндегі тәуекелдер бойынша шамамен 2 млрд. АҚШ долларын құрайтын ЭКА ағымдағы сақтандыру міндеттемелерінің жиынтық көлемін назарға ала отырып, қол қою капиталы 200 млн. АҚШ долларын құрауы мүмкін. Бастапқы кезеңде (2-3 жыл) жобаны іске қосу үшін шамамен 100 млн. АҚШ доллары қажет етіледі.
Капиталдағы қатысушылардың үлестері әр ЭКА-ның, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің даму банктерінің, ЕАЭО елдеріндегі тәуекелдер бойынша ағымдағы сақтандыру міндеттемелерінің жалпы көлеміндегі ЕАДБ-ның үлесін ескере отырып белгіленуі мүмкін: ЕАДБ – 32%, Ресей (ЭКСАР) – 33%, Беларусь (Белэксимгарант) – 10%, Қазақстан (Қазақэкспорт) – 10%, Армения (Армения ЭСА) – 10%, Қырғыз Республикасы (КБР Банк) – 5%. Капиталды қаржыландырудың қорытынды құрылымы мен тетігі барлық қатысушылармен бірлесіп пысықталуы тиіс.
Қайта сақтандыру компаниясының қызметтерін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экспорттаушылары пайдалана алады.