
Түзеу мекемесінде домбыра күні аталып өтті
Жуырда Елбасының Жарлығымен алғаш рет елімізде шілденің бірінші жексенбісі Қазақ халқының киелі де қасиетті музыкалық аспабы Ұлттық домбыра күні деп белгіленді. Бұндай тағылымы терең, мазмұнды мерекенің өтілуі - Ұлтымыздың терең тамырлы мәдениетін асқақтатып, рухын көтерері анық. Домбыра – ол қазақтың жаны, қазақтың көзі, терең тамырлы тұңғиығы, сан ғасырлық серігі болғаны тарихтан белгілі. Сондай-ақ, күй күмбезін көкке өрлеткен көненің көзі, тәңірдің құдіреті саналған. Домбыраның әуенімен қазақтың талай күйшілері, ақын-жыраулары мен сал-серілері музыка әлемінде жыр төгілтіп, күй шерткен. Осы орайда, белгілі ақын-жазушы Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген нақыл сөзі бар қазақтың жүрегінде лүпілдеп соғып тұрғандай.
Мерекеге қарсаңында, Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/7 мекемесінде домбыра күніне арналған іс- шара өтті. Қазақ күйлері, халық және заманауи композиторлардың озық туындылары түзеу мекемесінде орындалды.
Айта кетсек, мекемеде ағаш ұсталары ұлттық аспап – домбырамызды өздері жасап жатыр, іс-шара барысында домбыра жасау жолдарымен де таныстырды. Ұлттық домбыра күні ән айтып, күй орындайтындардың ғана тойы емес, ол барша қазақтың інжу маржан мұрасы ретінде халқымыздың терең тамырлы санасымен байланысты, бүкіл халықтық мәндегі «рухани жаңғыру» үлгісі ретінде өкізіліп отыр. Сонау көне тарихтың күмбірін бүгінгі күнге жеткізген киелі де қасиетті Домбырамызды өркениетті заманға сай жаңғырта білсек, келешек жастарға ұлттық тәрбие беретін өнеге бастауы, әрі рухани қазынасы болары шындық. Ел егемендігі жолындағы халқымыздың рухын асқақтатып, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттайтын осындай тағылымы мол мәдени шаралар көп болса, тәуелсіз қазақ елі «Мәңгілік Елге» айналары сөзсіз.