
Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі Департаментінің сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы, әділет подполковнигі Анара Уалиева ҚР ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының оқытушысы Мұрат Аманатпен бірлесіп, «Үкімдік пробация қызметінің құқықтық негіздері мен ұйымдастырылуы» тақырыбында оқу құралын әзірлеп, баспадан шығарды.
Оқу құралы бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға сотталған адамдармен жұмыс жүргізуді көздейтін пробация қызметінің негізгі бағыттарының бірі — үкімдік пробацияның құқықтық негіздері мен оны ұйымдастырудың практикалық аспектілеріне арналған.
Анара Уалиева қылмыстық-атқару құқығы және пробация саласында мол тәжірибеге ие. Бұған дейін ол ҚР ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының қылмыстық-атқару құқығы кафедрасында аға оқытушы қызметін атқарған.
Сонымен қатар оның кәсіби қызметінің маңызды бағыттарының бірі — Нельсон Мандела қағидалары, яғни сотталғандармен қарым-қатынас жасаудың халықаралық стандарттары. Осы тақырып бойынша ол сарапшы ретінде түрлі кәсіби алаңдарда бірнеше рет баяндама жасап, ірі ғылыми жобалар мен халықаралық іс-шараларға қатысқан.
Оқу құралы бейінді оқу орындарының білім алушыларына және пробация қызметінің қызметкерлеріне арналған. Басылым мамандардың теориялық білімін тереңдетуге, практикалық дағдыларын жетілдіруге және кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған.
Оқу құралының бірнеше данасы Павлодар облысының пробация қызметкерлеріне танысу және алынған білімді күнделікті қызметте қолдану үшін табысталды.
Аталған басылымның жарық көруі пробация қызметі мамандарының кәсіби даярлығын жетілдіруге және осы саладағы жұмысты дамытуға қосылған үлес болып табылады.
Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №44 мекемесінің қызметкерлері Павлодар технологиялық колледжінің студенттері үшін профилактикалық телемост ұйымдастырды. Кездесудің негізгі тақырыбы — жастар арасындағы есірткі қылмыстарының алдын алу және жастарды оңай табыс табу желеуімен есірткінің заңсыз айналымына тарту қаупі.
Дәстүрлі дәрістің орнына ұйымдастырушылар ашық диалог форматын таңдап, студенттерге нақты өмірлік оқиғалар арқылы мәселенің мәнін түсінуге мүмкіндік берді.
Бейнебайланыс арқылы студенттер алдында есірткі таратқаны үшін сотталған азамат сөз сөйледі. Ол «есірткі жасырушы» ретінде оңай табыс табуды таңдағаны және бұл шешімнің өміріне қалай әсер еткені туралы ашық баяндады. Сондай-ақ ол жазасын өтеу кезінде анасынан айырылып, жанында бола алмағаны туралы айтып кетті.
Бұл оқиға есірткі қылмысының салдары тек сотталған адамның өзіне ғана емес, оның жақындарына да әсер ететінін көрсетті. Оңай табыс туралы уәделердің артында бас бостандығынан айырылу, отбасынан ажырау және өмірлік мүмкіндіктерден айырылу қаупі бар.
Телемосттың тағы бір маңызды бөлігі колледждің жоғары курс студентінің ашық әңгімесі болды. Ол бұған дейін көлеңкелі интернет-дүкендердің өкілдері тарапынан есірткі саудасына тарту әрекеттеріне тап болғанын айтты. Оның сөзінше, мұндай адамдар жастарды жылдам әрі қауіпсіз табыс табуға уәде беру арқылы заңсыз қызметке тартуға тырысады.
Студент қатарластарын осындай ұсыныстарға сын көзбен қарауға, күмәнді хат-хабарларға араласпауға және күдік тудыратын жұмыс ұсыныстарына келіспеуге шақырды.
Кездесу барысында мекеме қызметкерлері студенттерге Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын түсіндіріп, есірткі құралдарының заңсыз айналымы үшін көзделген жауапкершілік туралы ақпарат берді.
Мұндай кездесулердің басты мақсаты — жастарға қылмыстық жауапкершілікті түсіндірумен қатар, қауіпті ұсыныстарды дер кезінде тануға, оңай табыс туралы уәделерге алданбауға және заңды жолды таңдауға көмектесу. Себебі бір сәттік қате шешімнің салдары адам өміріне ұзақ уақыт әсер етуі мүмкін.
Ертіс ауданында пробация есебінде тұрған азамат түзелу және толыққанды әлеуметтік өмірге қайта оралу жолында маңызды қадам жасап, автокөліктерге қызмет көрсету саласында өз кәсібін ашты.
Азамат үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталған және қазіргі уақытта пробация қызметінің есебінде тұр. Қалыптасқан жағдайға қарамастан, ол түзелу жолына түсуге деген ниетін көрсетіп, өзін кәсіпкерлік қызметте жүзеге асыруды шешті.
Бүгінде оның жеке кәсіпкерлігі қарқынды жұмыс істеп тұр. Кәсіптің негізгі бағыты – автокөлік әйнектерін күңгірттеу және күтім көрсету қызметтерін ұсыну. Кәсіпкер жұмыс үдерісін өз бетінше ұйымдастырып, кәсібін дамытып келеді. Қазіргі таңда оған күн сайын клиенттерден тапсырыстар түсуде. Бұл көрсетілетін қызметтердің сұранысқа ие екенін және кәсіпкердің өз кәсібін одан әрі дамытуға деген қызығушылығын көрсетеді.
Ертіс ауданының пробация қызметі өкілдерінің айтуынша, еңбекпен қамту және шағын кәсіпкерлікті дамыту сотталғандарды табысты әлеуметтендірудің және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алудың маңызды факторлары болып табылады.
«Тұрақты жұмыстың немесе жеке кәсіптің болуы адамға өз болашағына жауапкершілікпен қарауға, қабілеттерін жүзеге асыруға және қоғамнан лайықты орын табуға мүмкіндік береді», – дейді пробация қызметінің бастығы Ғалымжан Бейсембаев.
Бүгінде аудандық пробация қызметінің есебінде шамамен 20 сотталған азамат тұр. Олардың басым бөлігі жұмыспен қамтылған және заң талаптарын сақтап, қалыпты өмір салтын ұстануда. Ал аталған азамат есепте тұрғандардың арасында тек жұмысқа орналасып қана қоймай, өз жеке кәсіпкерлігін ашқан алғашқы азаматтардың бірі болып отыр.
Павлодар облысы бойынша ҚАЖ Департаментінде облыстық Білім басқармасы басшылығының, №44 және №45 жалпы білім беретін мектептер директорларының, сондай-ақ колледж өкілдерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті.
Кездесу барысында сотталғандар арасында білім беру процесін ұйымдастыру бойынша жүргізілген тексерулердің нәтижелері қаралды. Оқыту сапасы, оқу процесін ұйымдастыру және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі білім беру жұмысын одан әрі жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ қатысушылар ҚАЖ мекемелері жанында жұмыс істейтін орта мектептерді реформалаудың және оқу пункттері форматына көшудің орындылығын талқылады.
Кеңес қорытындысы бойынша тараптар пікір алмасып, білім беру процесін жетілдіруге және оның тиімділігін арттыруға бағытталған бірлескен жұмыстың одан арғы бағыттарын белгіледі.
Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №63 мекемесінде Павлодар облысы Полиция департаментінің қызметкерлері үшін таныстыру экскурсиясы өтті.
Сапар барысында қонақтарға мекеменің қызметі, қызметті ұйымдастыру ерекшеліктері, сондай-ақ тергеу изоляторындағы адамдарды ұстау жағдайлары таныстырылды. Мекеме қызметкерлері экскурсияға қатысушыларды режимдік аумақпен таныстырып, әртүрлі қызметтердің жұмысы, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңдылықты сақтау және жеке құрамның күнделікті қызметі туралы айтып берді.
Экскурсия полиция қызметкерлеріне қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің жұмыс істеуі туралы толық түсінік алуға, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға және кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Мұндай іс-шаралар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бөлімшелері арасындағы өзара іс-қимыл деңгейін арттыруға, кәсіби білімді дамытуға ықпал етеді.
№46 мекемеде «Еңбек-Павлодар» РМК және «Рамазан» жеке кәсіпкерімен ынтымақтастық аясында ағаш өңдеу бойынша жаңа өндірістік учаске жұмысын бастады. Ағаш тілу цехының іске қосылуы мекеменің өндірістік секторын дамыту және сотталғандардың еңбекпен қамтылу мүмкіндіктерін кеңейту жолындағы кезекті қадам болды.
Жаңа учаскеде алты сотталған жұмыспен қамтылды. Олар қарағайдан жасалған дөңгелек ағашты өңдеумен және сұранысқа ие өнімдерді: құрылыс поддондары мен көше дәретханаларын дайындаумен айналысады. Учаскенің өндірістік қуаты ай сайын 100 құрылыс поддоны мен 30 көше дәретханасын құрайды.
Жұмыс басталар алдында барлық сотталғандар міндетті нұсқаулықтан және қауіпсіздік техникасы талаптары бойынша оқытудан өтеді, сондай-ақ сұранысқа ие жұмысшы мамандығын меңгере отырып, ағаш өңдеу бойынша практикалық дағдылар алады. Еңбек ҚР еңбек заңнамасына сәйкес төленеді, бұл ретте жалақының бір бөлігі талап-арыз міндеттемелерін өтеуге бағытталады.
Мекемеде өндірістік қызметті дамыту жаңа жұмыс орындарын құруға ғана ықпал етіп қоймай, сотталғандарға кәсіби дағдыларды алуға, еңбекке жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға және босатылғаннан кейін табысты әлеуметтік бейімделуге дайындалуға көмектеседі.
Жоба Қазақстан Республикасының «Қылмыстық-атқару жүйесі туралы» Заңын орындау аясында жүзеге асырылды және сотталғандардың еңбекпен қамтылу деңгейін арттыруға бағытталған, бұл оларды түзеу мен қайта әлеуметтендірудің маңызды элементтерінің бірі болып табылады.
№47 мекемесінде қызметкерлер үшін Екібастұз қаласының №3 емханасының медицина қызметкерлерінің қатысуымен алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша тәжірибелік сабақ ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында медицина мамандары ең жиі кездесетін шұғыл жағдайларда алғашқы көмек көрсету тәртібін жан-жақты түсіндіріп, тәжірибе жүзінде көрсетті. Қатысушыларға күйік шалғанда, сүйек сынғанда, дене тоңғанда және есінен танған жағдайда алғашқы көмек көрсету алгоритмдері таныстырылып, жедел медициналық жәрдем келгенге дейін зардап шеккен адамның жағдайын дұрыс бағалау мен алғашқы әрекеттерді орындаудың маңыздылығы түсіндірілді.
Мұндай оқыту сабақтары қызметкерлердің практикалық дағдыларын жетілдіріп, төтенше жағдайларда жедел әрі сауатты әрекет етуге дайындығын арттыруға мүмкіндік береді. Алынған білім мен тәжірибе адам өмірі мен денсаулығын сақтап қалуда маңызды рөл атқарады.
Іс-шара соңында мекеме қызметкерлері медицина мамандарына мазмұнды әрі пайдалы тәжірибелік сабақ өткізгені үшін алғыстарын білдіріп, мұндай кездесулердің маңыздылығын ерекше атап өтті.
№45 мекеменің қызметкерлері Павлодар қаласындағы балабақшалардың бірінің аумағын абаттандыру бойынша қайырымдылық акциясына қатысты.
Іс-шара аясында олар ойын элементтері мен шағын сәулет нысандарын сырлауға көмек көрсетіп, мектепке дейінгі мекеме аумағының сыртқы келбетін жаңартты. Мұндай бастамалар балалар үшін жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған, сондай-ақ әлеуметтік жауапкершілік пен қала өміріне қатысудың үлгісі болып табылады.
Акцияға қатысушылар мұндай іс-шаралар қоғаммен өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал ететінін және өскелең ұрпақ үшін жайлы орта құруға үлес қосатынын атап өтті.
Ақтоғай ауданының пробация қызметінің қызметкерлері «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағының қатысуымен кешенді профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырды.
Жастармен кездесу барысында қызметкерлер құқық бұзушылық жасаудың салдары туралы айтып, қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндірді және заңды сақтауға, салауатты әрі жауапты өмір салтын ұстануға шақырды.
Сонымен қатар, аудан тұрғындарымен интернет және телефон алаяқтығы мәселелері бойынша профилактикалық әңгіме жүргізілді. Азаматтарға алдаудың кең таралған схемалары түсіндіріліп, алаяқтардың құрбаны болмауға көмектесетін сақтық шаралары еске салынды.
Іс-шара әлеуметтік акциямен аяқталды: пробация қызметінің қызметкерлері «Жасыл Ел» қатысушыларымен бірлесіп, ардагерлерге олардың үйлерінің аумағын тазалау арқылы көмек көрсетті. Мұндай бастамалар аға буынға деген құрметті тәрбиелеуге, азаматтық жауапкершілікті дамытуға және мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етеді.
Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №46 мекемесінде "Еңбек-Павлодар" РМК-мен бірлесіп, өндірістік аймақта корпус жиһаздарын өндіретін жаңа жеке кәсіпорынның ашылу рәсімі өтті. Жаңа өндірістің іске қосылуы сотталғандарды қосымша жұмыспен қамтуға, олардың кәсіби дағдыларын дамытуға және еңбекпен қамту деңгейін арттыруға бағытталған. Сұранысқа ие мамандықтарды меңгеру олардың бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуіне және қайта қылмыс жасаудың алдын алуға ықпал етеді. Қазіргі уақытта мекеме аумағында жаңа модульдік ангардың құрылысы жүргізілуде. Құрылыс аяқталғаннан кейін онда кәсіпкерлер жаңа өндіріс орындарын аша алады. Бұл мекеменің өндірістік әлеуетін кеңейтіп, инвестиция тартуға және сотталғандар үшін қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.