
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Павлодар облысы бойынша ҚАЖД № 63 мекемесінің қызметкерлері отбасы үлгісіндегі балалар үйіне барды. Жиналған бүлдіршіндерді келе жатқан мерекемен және оқу жылының аяқталуымен мекеме басшысының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Әсет Сатыбалдин құттықтап, алдағы мерекелерде жақсы демалып, емтиханнан сүрінбей өтулерін тілеп, сыйлықтар табыс етті. Кездесу барысында ол балаларға өзінің қызмет саласы, қылмыстық-атқару жүйесінің жұмысы туралы айтып, балалар үйінің тәрбиеленушілерінің сұрақтарына жауап берді.
— 1 маусымда бүкіл әлемде өте маңызды және қажетті мереке — Балаларды қорғау күні аталып өтіледі. Бұл тек көңілді мереке ғана емес. Бұл сондай-ақ, қоғамға әрбір баланы қорғау, әлемдегі барлық балалар бақытты, дені сау және саналы адам болып өсуіне мүмкіндік беру қажеттігін байыпты түрде еске салады. Өйткені, адам мінезінің іргетасы балалық шағында қаланады, баланың өсу жолы алдын ала белгіленеді, – деп атап өтті Әсет Сатыбалдин.