Болашақты айқындайтын мамандық таңдауы

Болашақты айқындайтын мамандық таңдауы

Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастамасымен №45 және №46 мекемелерінің қызметкерлері мектептер мен колледждердің бітіруші түлектері үшін агитациялық және кәсіби бағдар беру іс-шараларын өткізді. Бұл кездесу тек таныстыру форматында ғана емес, болашақ мамандықты саналы таңдауға жетелейтін мазмұнды алаңға айналды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы ІІМ Қостанай академиясының курсанттарының қатысуы оқушылардың қызығушылығын ерекше арттырды. Жас курсанттар түлектермен еркін форматта тілдесіп, академияға түсу жолы, оқу барысы мен қызметтегі алғашқы қадамдары туралы жеке тәжірибелерімен бөлісті. Олар тәртіп пен жауапкершіліктің маңызын, сондай-ақ таңдаған мамандықтың қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

«Біз де жуырда ғана мектеп партасында отырған едік. Мамандық таңдау оңай емес екенін жақсы түсінеміз. Академия — бұл тек қатаң тәртіп қана емес, сонымен қатар ертеңгі күнге деген сенім, тұрақтылық және өз ісіңнің маңыздылығын сезіну», — деді курсанттар.

№45 және №46 мекемелерінің қызметкерлері қылмыстық-атқару жүйесіндегі қызметтің ерекшеліктерін, ведомстволық оқу орындарына түсу талаптарын, әлеуметтік кепілдіктер мен мансаптық өсу мүмкіндіктерін жан-жақты түсіндірді. Қатысушыларға қазіргі қызметтің тек режим мен күзеттен тұрмайтыны, сонымен бірге адамдармен жұмыс жасау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосу екені айтылды.

Еркін пікір алмасу, нақты жауаптар мен өмірлік мысалдар түлектерге қылмыстық-атқару жүйесі қызметкері мамандығына жаңа қырынан қарауға мүмкіндік берді. Көпшілік үшін бұл кездесу болашаққа бағытталған маңызды қадамға айналды.