
Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №45 мекемесінде ашық есік күні өтті. Іс-шараға шағын және орта бизнес өкілдері, сондай-ақ «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қатысты.
Шараның мақсаты – қылмыстық-атқару жүйесі мен кәсіпкерлік қауымдастық арасындағы әріптестікті нығайту және сотталғандарды еңбекке тарту арқылы олардың әлеуметтік бейімделуіне мүмкіндік жасау.
Қонақтар сотталғандардың тұрмыс жағдайымен және өндірістік цехтармен танысып, олар дайындайтын өнім түрлерін көрді. Мекемеде тігін, ағаш өңдеу және шаруашылық бұйымдарын шығару бағыттары дамып келеді.
Мекеме бастығының айтуынша, еңбек – сотталғандарды түзетудің маңызды құралы, жауапкершілік пен еңбек дағдыларын қалыптастырып, қоғамға қайта оралуға жағдай жасайды.
Кездесу нәтижесінде мекеме мен жеке кәсіпкер арасында ағашты желімдеу өндірісі бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Бұл келісім сотталғандарға қосымша жұмыс орындарын ашуға және мекеменің өндірістік қуатын арттыруға мүмкіндік береді.
Бизнес өкілдері сапалы өнім мен өндіріс деңгейін жоғары бағалап, болашақта өзара ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін білдірді.
Мұндай іс-шаралар қылмыстық-атқару жүйесі мен кәсіпкерлік секторы арасындағы серіктестікті нығайтып, сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеу жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға ықпал етеді.