Павлодар тергеу изоляторы қызметкерлері заманауи батырмен кездесті

Павлодар тергеу изоляторы қызметкерлері заманауи батырмен кездесті

Павлодар қаласындағы №63 мекемесінде азаматтық қорғау капитаны Қалиев Алмас Қуатовичпен кездесу өтті. Бұл жүздесудің себебі – оның қызмет бабында көрсеткен ерлігі мен батырлығы.

2024 жылғы 31 қаңтарда сағат 17:32-де Павлодар қаласы, Торайғыров көшесі, 6-үй мекенжайында орналасқан тұрғын үйдегі №18 пәтерден өрт шыққаны туралы хабарлама Өрт сөндіру қызметінің жедел басқару орталығына келіп түсті. Дереу оқиға орнына қалалық гарнизонның күштері мен құралдары жіберілді.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілердің анықтауы бойынша, өрт балкон мен жатын бөлмеде болған. Жалын 16 шаршы метр аумақты қамтыды. Қызметкерлер тұрғындарды эвакуациялауды жедел ұйымдастырды. Лестница арқылы барлығы 13 адам, соның ішінде 4 бала қауіпсіз жерге шығарылды.

Өртті сөндіру кезінде газ-түтіннен қорғау қызметінің жетекшісі, азаматтық қорғау капитаны Қалиев Алмас Қуатович жоғары қабаттағы түтінге тұншыққан балконнан әлсіз, бірақ үмітсіз баланың дауысын естіді. Ол бір сәт те ойланбастан әріптестерімен бірге баланы құтқаруға аттанды. Тығыз түтін мен жоғары температураға қарамастан, ол пәтер ішіне кіріп, баланың артынан беттеді.

Балконда ол қорыққаннан дірілдеп тұрған кішкентай қызды тапты. Алмас Қуатович алдымен баланы сабырға шақырып, есімін сұрап, тыныштандырды. Қауіпсіздік құрылғысы – «Фенисті» кигізіп, баланы қолына көтеріп, түтінге толы баспалдақ арқылы төмен алып шықты. Сыртқа шыққан бойда ол баланы медицина қызметкерлеріне табыстады.

Қалиев Алмас Қуатовичтың кәсібилігі мен батылдығының арқасында бала дер кезінде медициналық көмек алып, жағдайы тұрақталды. Өрт уақтылы және кәсіби түрде сөндірілді, көршілес пәтерлерге оттың таралуына жол берілген жоқ.

Құтқару операциясы барысында капитан Қалиев шебер басшылық жасап, жағдайды нақты бағалап, батыл шешімдер қабылдай білді. Бұл – тек қызметтік міндет қана емес, нағыз азаматтық борыштың үлгісі.

Оқиға куәгерлері мен тұрғындар оның ерлігі мен кәсібилігіне шынайы ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды. Бұл күн — қайсарлық, шеберлік және халыққа қызмет етудің нағыз үлгісі ретінде есте қалды.

Қызметтік борышын өтеу кезінде көрсеткен батырлығы мен жанқиярлығы үшін азаматтық қорғау капитаны Қалиев Алмас Қуатович Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасына ұсынылды.