
Республика көлемінде құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған "Квадрат" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Іс-шара аясында Қызылорда қалалық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары мен қалалық пробация қызметінің мамандары пробация есебінде тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайларын тексерді. Тексеру барысында азаматтардың тұрғылықты жерінде болуы және пробация қызметі белгілеген міндеттерді орындауы назарға алынды. Мұндай профилактикалық шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, есепте тұрған азаматтарға бақылау жүргізуге және олардың қоғамға бейімделуіне бағытталған.
Қызылордада түзеу мекемесіне гамбургердің ішіне насыбай жасырып өткізбек болған. Қызылорда қаласындағы №60 мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталғанға тыйым салынған затты жеткізу әрекетінің жолы кесілді. Атап айтқанда, 9 жылға бас бостандығынан айырылған сотталғанның інісі сәлем-сауқат арқылы гамбургердің ішіне жасырып, төрт дана насыбай өткізбек болған. Алайда мекеменің бақылау-өткізу бекетінде қызмет атқаратын 5547 әскери бөлімінің әскери қызметшісі мен №60 мекеме қызметкерлері күмәнді затты дер кезінде байқап, тексеру барысында тыйым салынған өнімді анықтады. Қазіргі уақытта аталған азаматқа қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы бойынша тиісті құжаттар рәсімделіп, материалдар әкімшілік сотқа жолданды. Айта кетейік, Қазақстанда 2015 жылдан бастап насыбайды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынған. Шегілмейтін темекі өнімдерін заңсыз сату үшін 25 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Ал қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне тыйым салынған заттарды өткізуге әрекет жасағандар заңнамада белгіленген тәртіппен әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мекемелерінде қызметкерлердің психологиялық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған тренингтер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Кезекті психологиялық шара №60 мекемеде ұйымдастырылды. Мекеме психологі Моншақ Маханованың жетекшілігімен қызметкерлерге сергіту жаттығулары жүргізіліп, СР-45 және "Болжам" психологиялық тесттері алынды.
Тренингтің негізгі мақсаты – қызметкерлердің эмоционалдық ширығуын төмендету, күйзелістің алдын алу, стреске төзімділігін арттыру және ұжымда қолайлы психологиялық ахуал қалыптастыру. Өйткені ҚАЖ қызметкерлерінің жұмысы жоғары жауапкершілікті, психологиялық тұрақтылықты және кез келген жағдайда сабыр сақтай білуді талап етеді.
Қызметкерлер психолог маманның жүйелі түрде ұйымдастыратын тренингтерінің маңызын атап өтіп, алғыстарын білдірді. - Мекемеміздің психологі Моншақ Маханова қызметкерлермен тұрақты түрде психологиялық тренингтер өткізіп тұрады. Мұндай шаралар қызмет барысында туындайтын күйзелісті азайтып, эмоциялық тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі. Өзімізді жақсырақ түсініп, қиын жағдайларда сабыр сақтауға дағдыланамыз. Сондықтан мұндай тренингтердің маңызы зор, – дейді Нағи Айбек. Осындай профилактикалық шаралар қызметкерлердің психологиялық саулығын қолдауға, кәсіби күйзелістің алдын алуға және қызметтік міндеттерін тиімді орындауына ықпал етеді.
Қызылорда облысы Қазалы ауданында пробация есебіндегі азаматтар Ғани Мұратбаев музейіне барды.Қазалы аудандық пробация қызметінің ұйымдастыруымен пробация есебіндегі азаматтар арасында тарихи-танымдық экскурсия өткізілді. Шара барысында азаматтар Ғани Мұратбаев мемориалдық музейіне барып, қазақтың көрнекті қоғам қайраткері Ғани Мұратбаевтың өмірі мен қоғамдық қызметі жайлы мағлұмат алды.
Экскурсия кезінде қатысушылар музейдегі тарихи жәдігерлер мен құжаттарды тамашалап, ел тарихында өзіндік орны бар тұлғаның өнегелі өмір жолымен танысты. Пробация қызметі тарапынан ұйымдастырылатын мұндай іс-шаралар есептегі азаматтардың бос уақытын тиімді өткізуіне, тарихи-мәдени құндылықтарды дәріптеуге және қоғамға қайта бейімделуіне бағытталған.
Экскурсияға қатысқан азаматтар танымдық шараны ұйымдастырған пробация қызметіне алғыстарын жеткізді. - Музейге алғаш рет келіп отырмын. Ғани Мұратбаевтың өмірі мен ел үшін атқарған еңбегі туралы көп нәрсе білдім. Осындай шаралар бізге ой салып, дұрыс бағыт таңдауға ықпал етеді. Өткен тарихымызды білу – әр адам үшін маңызды деп ойлаймын – деді пробация есебіндегі азамат.
Қызылорда облысында есептегі азаматтар ұлттық ойыннан бақ сынады. Сырдария ауданында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар арасында ұлттық ойындарды дәріптеуге бағытталған спорттық шара өтті. Шараны Сырдария аудандық пробация қызметінің ұйымдастыруымен "Сырдария Нұрдария" қоғамдық қоры және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бірлесіп ұйымдастырды.
Жарыс барысында қатысушылар асық атудан бақ сынап, мергендік пен ептіліктерін көрсетті. Бұдан бөлек, арқан тартудан сынға түсіп, күш пен ұйымшылдықтарын байқатты. Тартысты өткен сайыс барысында қатысушылар белсенділік танытып, ойын көркін қыздырды. Ұлттық ойындарды насихаттауды мақсат еткен шара қатысушылардың бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын қалыптастыруына және өзара қарым-қатынасты нығайтуына мүмкіндік берді. Шараға қатысқан пробация есебіндегі азаматтар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты. - Бүгінгі жарыс бізге жақсы көңіл күй сыйлады. Асық атып, арқан тартып, өзара жарысып қана қоймай, бір-бірімізбен жақсы араластық. Осындай шаралардың жиі ұйымдастырылғаны дұрыс деп ойлаймын. Себебі спортпен айналысу адамды тәртіпке, ұйымшылдыққа баулиды, – деді ол. Мұндай шаралар пробация есебіндегі азаматтардың қоғамға бейімделуіне оң ықпал етеді.
Отбасы күніне орай Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде жазасын өтеушілердің жақындарымен жүздесуіне мүмкіндік берген ашық есік күні ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту, жазасын өтеушілердің жақындарымен байланысын сақтау және олардың қоғамға қайта бейімделуіне отбасы қолдауы арқылы ықпал ету. Ашық есік күніне келген жазасын өтеушілердің туыстарына мекеменің күнделікті тыныс-тіршілігі таныстырылды. Қонақтар жатын орындарды, жуыну және тамақтану бөлмелерін, кітапхана мен дүкенді аралап көрді. Сондай-ақ жақындарымен еркін әңгімелесіп, пікір алмасты. Мұндай кездесулер жазасын өтеушілерге отбасының қолдауын сезінуге, жақындарымен қарым-қатынасын сақтауға және болашағына жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік береді. Отбасының қолдауы адамның түзелуіне және қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ететін маңызды факторлардың бірі. Іс-шара соңында жазасын өтеушілердің туыстары мекеме әкімшілігіне ризашылықтарын білдіріп, осындай кездесулердің ұйымдастырылғаны үшін алғыстарын жеткізді. – Әкеме жағдайын білу үшін арнайы келдім. Онымен жүздесіп, сөйлесіп, жағдайын өз көзіммен көргеніме қуандым. Әкемнің жағдайы жақсы екенін көріп, көңілім орнына түсті. Осындай мүмкіндік ұйымдастырған мекеме әкімшілігіне алғысымды білдіремін, – дейді жазасын өтеушінің қызы.
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында пробация есебіндегі азаматтарға жасанды интеллект технологияларын меңгеруге мүмкіндік берілді
Аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған екі күндік оқыту курсы өтті. Оған Жаңақорған аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған үш азамат қатысты. Курс барысында қатысушылар жасанды интеллект құралдарын пайдалану, мәтіндік және медиа контент әзірлеу, нейрожелілермен жұмыс істеу қағидаттары және заманауи цифрлық технологияларды күнделікті өмірде тиімді қолдану жолдарымен танысты. Сонымен қатар жасанды интеллекттің білім беру, еңбек, шығармашылық және ақпарат іздеу салаларындағы мүмкіндіктері түсіндірілді. Қатысушылар алған теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде сынап көрді. Оқу курсын сәтті аяқтаған пробация есебіндегі азаматтарға сертификаттар табысталды. – Қазіргі таңда жасанды интеллект арқылы көптеген дүниені жасауға болады. Осы курс барысында оның құралдарын дұрыс пайдалануды үйреніп, өзіме қажетті жаңа білім алдым. Бұрын білмеген көптеген мүмкіндіктермен таныстым. Осындай пайдалы курсты ұйымдастырған Жастар ресурстық орталығына және бізге мүмкіндік берген пробация қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Алған білімімді алдағы уақытта күнделікті өмірде және жұмыс барысында пайдалануға тырысамын, – деді курс қатысушысы. Мұндай оқыту курстары пробация есебіндегі азаматтардың жаңа білім мен дағдыларды меңгеруіне, еңбек нарығына бейімделуіне және қоғамға қайта бейімделуіне ықпал етеді.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2024 жылғы 26 наурыздағы №218 бұйрығына (бұдан әрі – Бұйрық) сәйкес, Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінде қызметкерлерді жоспардан тыс аттестаттаудан өткізу жүргізіледі.
Аттестаттаудың мақсаты:
Жоғары тұрған басшылық лауазымдарға ұсынуға арналған кадрлық жоспарлауды қамтамасыз ету.
2022 жылғы 29 қыркүйектегі №773 ІІМ бұйрығына сәйкес, Департамент бастығының номенклатурасына жататын лауазымдарды атқаратын, сондай-ақ жоспардан тыс аттестаттаудан өтуге ниет білдірген қызметкерлер хабарландыру жарияланған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі бөлімшесіне:
ұсынуы қажет.
Келесі санаттағы қызметкерлер жоспардан тыс аттестаттауға жіберілмейді:
Қосымша ақпарат алу үшін
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі бөлімшесіне хабарласуға болады:
📞 Телефондар:
8 (7242) 21-48-29
8 (700) 340-96-11
📧 Электрондық пошта: a.berkinbekov@mvd.gov.kz
Ескерту:Жоспардан тыс аттестаттау нәтижелері жоспарлы аттестаттауды өткізу мерзімдеріне әсер етпейді.
Қызылорда облысы бойынша
қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің
жеке құраммен жұмыс жөніндегі бөлімшесі
"Мектепке жол" дәстүрлі республикалық акциясы аясында Қармақшы ауданында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың балаларына оқу құралдары табысталды. Іс-шара аудан әкімдігі мен аудандық прокуратураның, сондай-ақ пробация қызметінің бірлесуімен ұйымдастырылды. Акцияның негізгі мақсаты – әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету, сондай-ақ әлеуметтік себептерге байланысты балалардың мектепке бармауының алдын алу. Осы мақсатта пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың балаларына мектепке қажетті оқу құралдарының толық жиынтығы салынған арнайы пакеттер табысталды. Көрсетілген көмек балалардың жаңа оқу жылына қажетті құралдармен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік беріп, отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетті. Көмек алған азаматтардың бірі ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. – Бүгін балаларыма көрсетілген көмек біз үшін үлкен қолдау болды. Осындай қиын кезеңде назардан тыс қалдырмай, балаларымыздың мектепке дайындалуына жағдай жасап отырған аудан әкімдігіне, прокуратура қызметкерлеріне және пробация қызметіне шынайы алғысымды білдіремін. Балаларымыздың қуанышын көру – біз үшін ең үлкен бақыт, – деді ол. "Мектепке жол" акциясы балалардың сапалы білім алуына жағдай жасауға және әр баланың оқу жылын қажетті құралдармен қамтамасыз етіп бастауына қолдау көрсетуге бағытталған.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде жазасын өтеушілер арасында "Өмірге құштарлықты ояту" тақырыбында психологиялық тренинг өтті. Іс-шараны мекеме психологы ұйымдастырып, "Жігер" қоғамдық қорының психологы Аяжан Тулеубай қатысты. Тренингтің мақсаты – жазасын өтеушілердің өмірге деген қызығушылығын арттыру, болашаққа сенімін нығайту, жағымды ойлау дағдыларын қалыптастыру және қиындықтарды дұрыс қабылдауға бағыт беру. Шара барысында қатысушылар түрлі психологиялық жаттығулар орындап, өз ойларымен бөлісті. Психолог Аяжан Төлеубай әр адамның өмірін өзгертуге мүмкіндігі бар екенін айтып, болашаққа нақты мақсат қойып, алға ұмтылудың маңызын түсіндірді. Қатысушылар тренингтен алған әсерлерімен бөлісіп, мұндай кездесулердің өздеріне моральдық қолдау көрсетіп, болашаққа оң көзқараспен қарауға ықпал ететінін атап өтті. Осындай психологиялық-тәрбиелік шаралар жазасын өтеушілердің эмоционалдық тұрақтылығын қалыптастырып, өмірге деген құштарлығын арттыруға және жаңа бастамаға қадам басуына ықпал етеді.