
Сотталған балалар – Көңілді тапқырлар алаңында!
Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЛА-155/6 мекемесіндегі сотталған балалардың ең сүйікті мерекесі – Көңілді тапқырлар мерекесі. Бұл жолы балалар колониясы «Sabziro» және «Айқай шоу» атты екі команда жасақтады.
Олар Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің «Айжан» командасымен жарысып, көңілді тапқырлар мерекесін нағыз көңілді мерекеге айналдырды. Үш тур бойынша өздерінің тапқырлықтары мен өнерлерін ортаға салған командаларға Алматы технология және Флористика колледжінің оқытушысы А.Әлімқұлов, Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының бөлім меңгерушісі Ш.Құмарова, «QAZAQSTAN JASTARY» қоғамдық қорының жоба ұйымдастырушысы М. Нұржау және №2 кәсіптік мектеп директорының орынбасары Ж.Қасымов, «Халықаралық Қауымдастық» әлеуметтік жобасының өкілі М. Қасымжанова әділқазылық етті.
Көңілді тапқырлар жарысында жазалы балалардың «Айқай шоу» командасы бірінші орын алса, «Sabziro» командасы екінші орынды иеленді. Балалардың жарысқа асқан жауапкершілікпен қарап, ұзақ уақыт бойы тынбай дайындалғаны оларды жеңіс тұғырына көтерді.